fbpx

Р.В.Скляр мырзаға депутаттық сауал Сәрсенбі, 21 Сәуір 2021 10:20

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрінің орынбасары

Р.В. Скляр мырзаға

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Роман Васильевич!

Су  –  тіршілік көзі екенін бәріміз жақсы білеміз. Су  –  адамзат үшін өте маңызды, өте қажет табиғи ресурс екені сөзсіз.

Сонымен бірге оның қауіпті жақтарына да баса назар аударуымыз керек. Жылда ерте көктемде болып жататын су тасқындары  –  заңды құбылыс.  Тәуелсіздік алғалы болған су тасқындарының ең қайғылысы  –  Қызылағаш  су қоймасының жарылуынан болған апат. Одан кейін Қарағандыдағы су  қоймасында тасқын болды. Мұнда да адам шығыны болып, көптеген зиян  келді. Әсіресе, Қызылағаш су қоймасы бір ауылды тып-типыл етіп, көптеген адамның өмірін алып кетті. Бұл су қоймасы жекеменшік қолда болатын. 

Балқаш-Алакөл бассейн инспекциясының қызметкерлері қайғылы оқиғаға дейін заңды түрде су қоймасының иесіне бірнеше рет ескертулер жасаған болатын, тиісті органдарға да хабарлаған. Нәтижесінде қайғылы  жағдай орын алды.

Көңіл алаңдатарлық ғана емес, дабыл қағарлық мәліметтер көп. Өкінішке орай, тиісті шаралар атқарылмай жатыр. Апат айтып келмейді.

2020 жылдың 1 мамырында Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасындағы бөгет бұзылып сол елдің 22 елді мекенін су басқанын білесіздер. Сыйымдылығы 922 млн текше метр болатын Сардоба су қоймасы 2017 жылы салынған. Су қоймасының биіктігі - 28,8 метр. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, су қоймасын салу туралы бастаманы қазіргі Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев көтерген болатын.

Көрші елдің 70 мың адамы көшіріліп, бұл апаттан өңтістүстегі өз ағайындарымызда аса ауыр зардап шеккен болатын. Түркістан облысының Мақтарал ауданында 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған.

Сырдария – трансшекаралық өзен. «Сардоба» су қоймасы Өзбекстан жағынан сапасыз салынғаны өз алдына, көңілді алаңдаттыратын тағы бір мәселе ол «Шардара» су қоймасының техникалық жағдайы.

Халықтың айтуы бойынша қойманың жағдайы мәз емес, қауіп төніп тұр деп дабыл қағып жатыр. «Сардоба» су қоймасының су жинау мүмкіндігі 900 миллион текше метр болатын болса, «Шардара» су қоймасының су жинау мүмкіндігі 5 миллиард 200 миллион текше метр.

«Шардара» су қоймасы техникалық-экономикалық негіздеме негізінде қайтадан күрделі жөндеуден өтпесе, ол өзінен 110 км төменде жатқан «Көксарай» су қоймасын қосып алып кетеді. «Шардара» су қоймасы өте үлкен. Екеуін қосқан кезде шамамен 8 миллиард 200 миллион текше метр су болады.

Енді қараңыздар, «Қызылағаш» су қоймасында бар-жоғы 30 миллион текше метр су жиналатын еді. Осыдан он жыл бұрын «Қызылағаш» су қоймасында қараусыз қалғанның салдарынан бөгет бұзылып, су тасқынынан 45 адам қайтыс болды, бір ауылды екі сағаттың ішінде тып-типыл жоқ қылып жіберді.

Ал «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су қоймасын қосқандағы судың көлемі «Қызылағаш» су қоймасынан 273 есеге дейін көп. Қызылағаш су қоймасының сыйымдылығы, бар болғаны, 30 млн\м куб шамасында. Соның өзі бір ауылды тас-талқан етті.

Ал енді Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5,2 млрд\м куб яғни Шардара су қоймасы 173 есе үлкен.

Енді Шардара су қоймасынан бар болғаны 110 км төмен орналасқан  Көксарай су реттегішінің (екеуі де Сырдария өзенінің бойында) сыйымдылығы 3 млрд\ м куб, яғни Қызылағаштан 100 есе көп деген сөз.  Шардара мен Көксарай екеуін қосқанда Қызылағаштан 273 есе үлкен екен.   

Бұдан шығатын қорытынды, Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің қауіпсіздігі өте маңызды мәселе. Осы су қоймаларының қауіпсіздігі жөнінде кезек күттірмейтін мәселелерді Су ресурстары комитетінің басшысына, Үкіметке тағы да бір жеткізуді өзімнің парызым деп санаймын.

Құрметті Роман Васильевич жоғарыда баяндалғанның негізінде, Сізден осы депутаттық сауалды қарап және қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жазбаша түрде жолдауыңызды сұраймын.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

Ф. Қаменов

Ж. Ахметбеков

З. Құлахметов

А. Қоңыров

А. Милютин

А. Паяев

С. Решетников

А. Сқақова

Е. Смайлов

И. Смирнова

21.04.2021ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS