fbpx

М.Б. Тілеубердіге депутаттық сауал Сәрсенбі, 28 Сәуір 2021 11:28

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің орынбасары –

Сыртқы істер министрі

М.Б. Тілеубердіге

Депутаттық сауал

Құрметті Мұхтар Бескенұлы!

Пандемия жағдайы әлі жақсарған жоқ. Демек, экономикадағы қиындықтар да күшейе түсуде.

Мұнай бағасының қалпына келуі түспей қалған бюджет кірістерін өтеуге мүмкіндік береді. Бірақ мұның бәрі уақытша дүние. Яғни, шикізат бағасы келесі мәрте құлдырағанға дейін жалғасады. Халықтың табысын арттыру және тұрақты экономикалық өсу үшін өнімділікті арттыру қажет.

Мұның негізгі көзі – жаңа технологияларды тартумен байланысы бар қайта өңдеу секторына тікелей инвестициялар тарту.

Бұл салада Қазақстанда ведомстволардың тармақталған құрылымы жұмыс істейді. Екі жыл бұрын Инвестициялар жөніндегі комитет шетелдік инвесторларды тарту жұмысын күшейту үшін Сыртқы істер министрлігіне берілді. Үш жыл бұрын «Қазақинвест» компаниясы құрылды. Оған экономиканың басым секторларына инвестициялар тартуға жәрдемдесу деген жалғыз міндет қана қойылды.

Оған әкімдіктер, АХҚО және мемхолдингтер де қосылды. Инвестициялық хаб құру туралы айтылды. Қазір біз жаңа жоспарларды көріп отырмыз – инвестициялық штаб, келіссөздер командасын құру және т.б. Жыл сайын республикалық бюджетте инвестициялық имиджді ілгерілету мен таныстыру іс-шараларына қомақты сома қарастырылады.

Қазақстан Халық партиясының фракциясы мұның бәрі дәл қазіргі уақытта жұмыс істеуі керек деп санайды. Өйткені, экономика өнеркәсіпті жаңғырту, жұмыс орындарын құру үшін капитал ағынын қажет етіп отыр. 

Бірақ нәтиже мүлдем басқаша. Өткен жылы шетелдік тікелей инвестициялар ағыны 17 миллиард долларды құрады. Бір қарағанда, айтарлықтай көп сома. Бірақ оның жартысы, 8,2 миллиард долларға жуығы тау-кен секторына, негізінен мұнай, газ және металл кендерін өндіруге жұмсалды.

Саудаға 2,5 миллиард доллар, қаржы саласына 1 миллиард доллар, құбырларға 900 миллион доллар инвестиция тартылды.

Өңдеу өнеркәсібіне 3,2 миллиард доллар түсті. Бірақ оның негізгі үлесі – 2,5 миллиард доллары металлургияға бағытталды. Қалған салаларға тартылған инвестиция 700 миллион доллардан аз.

Қазақстанның ауыл шаруашылығына тек 12 миллион доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған.

Әрине, өткен жылы пандемияға байланысты инвестициялардың жалпы көлемі төмендеді. Бірақ оларды тартудың мұндай бұрмаланған құрылымы бұрын да болған. 2019 жылы ауыл шаруашылығына тікелей шетелдік инвестициялардың үлесі 0,06%-ды, ал металлургияны шегергенде өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 2,8%-ды ғана құрады.

Шетелдік капитал біздің экономикамызды шикізат өндіруге, оны экспорттауға арналған инфрақұрылымға және дайын өнімді сату үшін сауда нысандарын құруға тиімді орын ретінде көреді.

Бірақ инвестициялық имиджді өзгертуге жауапты біздің қаптаған ведомстволарымыз қайда? Олар тартылған инвестициялардың жалпы сомасы туралы есеп береді. Алайда мұнай-газ секторы мен металлургияға капитал салу мемлекетсіз де табысты жүріп жатыр.

Іс жүзінде шикізаттық емес салаларға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмыс сәтсіз аяқталды.

Біз шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 220 миллиард доллардан асатыны туралы айтқанды жақсы көреміз. Бірақ тағы бір цифр туралы да ойлауымыз керек. Ол – біздің өнеркәсіпті және ауыл шаруашылығын жаңғыртуға жұмыс істейтін, жұмыс орындарын ашатын және сенімді экономикалық даму үшін негіз қалайтын инвестициялар жайы. 

Бұл уәкілетті мемлекеттік органдар мен мемлекеттік құрылымдардың жауапкершілігінде болуы тиіс.

ҚХП фракциясы өз-өзімізді алдап жүретін уақыт аяқталды деп санайды. Инвестицияларды тартудың мемлекеттік жүйесінің тиімділігіне аудит жүргізуге шақырамыз. Оған жұмсалған шығындарды нақты алынған нәтижелермен салыстырып, мемлекеттің қатысы жоқ капитал салымдарын алып тастау керек.

Осы саладағы мақсатты көрсеткіштерді қайта қарау қажет. Нақты уәкілетті органдар агроөнеркәсіптік кешенге қосылған құны жоғары өнім өндірумен байланысты секторларға инвестициялар тартуға жауап беруі тиіс. Өткізілген көрмелердің, шетелдік сапарлардың және қол қойылған меморандумдардың саны туралы емес, өндіріс пен жұмыс орындарын құру кезеңіне дейін жеткізілуі тиіс нақты іске қосылған жобалар туралы есеп беру қажет.

Тұтастай алғанда Үкімет үшін негізгі индикатор тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны емес, шикізаттық емес секторларға салынатын капитал болуы тиіс.

Әкімдер қызметін бағалаудың негізгі өлшемдерінің бірі жалпы өңірлік өнімнің шикізаттық емес бөлігін жүйелі түрде ұлғайту болуға тиіс.

Депутаттық сауалды қарастыруды және қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен жазбаша жауап беруді сұраймыз.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

А. Сқақова

А. Милютин

Ф. Қаменов

Ғ. Құлахметов

А. Паяев

С. Решетников

Е. Смайлов

И. Смирнова

28.04.2021 ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS