fbpx

Е.Л. Тоғжановқа депутаттық сауал Сәрсенбі, 12 Мамыр 2021 11:29

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің

орынбасары

Е.Л. Тоғжановқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Ералы Лұкпанұлы!

Қазіргі рухани тоқырау деп жүргеніміз - әдебиет пен өнердің, тарих пен мәдениеттің ұлттық іргетасын бұзудан басталған. Кеңес өкіметі жылдарындағы тұтас бір дәуір ұлттық мұраны саяси көкпарға айналдырып, оны талан-таражға салудың нәтижесі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қиын-қыстау өмірінен мен мұндалап көрініп тұр.

«Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №288-VI заңында да ескерткіштерге қатысты тек құрылыс салуды реттеу жағы ғана қарастырылған. Құрылыс салатын компаниялар немесе жер қойнауын пайдаланушылар өздері жалға алған жерлерін пайдаланар алдында тарихи-мәдени сараптама жасатуға міндеттеледі. Өйткені, олардың жобалары мемлекеттік сараптамадан өтеді. Ал ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану кезінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы бірде бір сөз жоқ.       ҚР әкімшілік құқық бұзушылық жайындағы 2014 жылғы 5 шілдедегі 235-V Кодексінің 447-ші бабына сәйкес, тарихи-мәдени мұраны бүлдірген жеке тұлғаларға 5 АЕК, заңды тұлғаларға 10 АЕК айыппұл салынады. Баға жетпес құндылықтарымызды бүлдіргендерге салынатын айыппұлдың бүгінгі сиқы осы.

Қазақстанның ежелгі тарихы әлі де жерде жатыр. Оның мұрағаты - археологиялық ескерткіштер. Тарих пен мәдениеттің куәсі болар, нақты ескерткіштер саны көбеймей, сөзіміз әлі де арық, үніміз әлі де жәй шығары анық. Археологияға сұранысты арттырудың негізгі шарты–тарихи мәдени ескерткіштердің сақталып, қорғалу ісін күшейту. Осылайша, халықтың өткен тарихи тағдырынан хабар беріп, адамзат өркениетінің ажырамас бөлігі боп қалыптасар бүгіні мен ертеңін тұрақты түрде барлық қауіптен сақтап отыру бәрімізге аманат. Осы ретте, көпшіліктің назарын «Елеке сазы» қорымына аударғанды жөн көріп отырмыз.

«Елеке сазы» жазығы-қорымы - Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданынында, Ақсуат ауылынан оңтүстікке қарай 80 шақырым жерде.

2010-2016 жж. Елеке сазы жазығында барлығы 300 астам қорғандардан тұратын 7 қорым анықталды. Ең үлкен қорымының диаметрі 120 м, биіктігі 5 м. Өз белгілерімен ескерткіштер Қазақстан, Алтай субөңірлері және Оңтүстік Сібір аймақтарындағы ежелгі мемориалдық құрылыстардың үлгілеріне жақын.

Қазбаның нәтижесінде 7 қорғанның, өкінішке орай, тоналғаны белгілі болды. Табылған жәдігерлердің ерекшелеріне қарағанда, ескерткіш б.з.д. VII ғ. ерте сақ дәуірімен замандас. Жапырақты алтыннан жасалған бұғылар Шілікті қорғандарында табылған бұйымдарға ұқсас келеді.

Теориялық және даладағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көне көшпенділер дәуірінің Тарбағатай өлкесінің материалды және рухани мәдениетін сипаттайтын өнер, көркем мәдениет, соғыс ісі бойынша жаңа деректер жинақталды. Осы ескерткіштерді қалдырып кеткен адамдардың этникалық тиістілігі туралы мәліметтер де аса құнды.

Елеке сазындағы тағы бір бірегей ескерткіш көне түркі кешені еуразиялық кеңістігіндегі саусақпен санарлық қағандық, патшалық кешендер қатарына жатады. Қаған кешендері барлық түрік қағанаттардың саяси тарихы, мәдени-шаруашылық тұрмысы туралы аса маңызды мәліметтерді сақтайды.

Өркениетті мемлекеттер мәдени мұрасын сақтап, оны пайдалану мәселесіне ерекше ыждаһаттылықпен, үлкен құрметпен қарайды. Дамыған елдерде халықтың тұрмысы жақсарса, туризм индустриясының өсімі байқалады. Экономикасы тәуір мемлекеттің үкіметі өз назарын алдымен мәдени мұраға бұруы тегін емес. Бұл ретте Скандинавия елдері жақсы мысал. Дания соңғы жарты ғасыр бойы жыл сайын үлкенді–кішілі 400-500-ге жуық археологиялық қазба жүргізіп отырады. Көне мұраға ықыласпен қарау қажеттілігі қоғам санасына терең сіңген.

Археологиялық нысандар қазбасын кешенді түрде жүргізу маңызды бастама. Ұлттың генетикалық санасын оятатын тарихи ескерткіштердің неғұрлым мол болғаны шарт. Осыны ескере отырып, келесі ұсыныстарымыздың жүзеге асырылуын сұраймыз:

  1. Алдымен, аспан астында сайрап жатқан тарихи қазынаның тоналып, қолды болмауын қамтамасыз етпек керек. Ғалымдардың негізі қаупі - дүниеге құныққан жаны молақ, ойы шолақ кездейсоқ ұры-қарылар мен мамандаған «қара» археологтардан келер зиян. Технологиялар күн сайын дамып жатқан заманда металл іздегіш жабдықтарды тіркеуден өткізуді және тек арнайы рұқсатпен алып жүруді жолға қойған жөн. Оңай олжа тапқысы келетіндер біздің елде, көрші Қырғыз елінде жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Сондықтан ҚР ІІМ арнайы пәрмен беріліп, заңды түрде тосқауыл қойылуы керек.
  2. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің бақылауымен әзірге уақытша он екі ай күзет қойылды. Бірақ мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Ертең күзет алынатын болса анталап жүрген тонаушылар лап етіп, баға жетпес құндылықтарымыздан әп-сәтте айырылып қаламыз. Өйткені археологтар бұл жерден 20 шақты қорғандарды ғана қазды. Ал қалған қорғандар сол қалпында тұр. Сондықтан бұл жердегі мұраларымыз жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізімінен Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне алынуы керек. Ескерткіш киелі және туристік нысанға айналып, тарихи-мәдени мұраны насихаттау мен ашық аспан асты мұражай-қорық жасауға өте ыңғайлы. Мәдениет және Спорт Министрлігінің балансына беріліп, Шілікті және Берел тәрізді музейлер қатарынан орын алуы тиіс деген ұсынысымыз бар. Елеке сазы ескерткіштері өзінің мәртебесі бойынша ұлттық және халықаралық ғылыми және мәдени ұйымның (ЮНЕСКО) қор тізімдеріне енуге лайық.
  3. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық жайындағы 2014 жылғы 5 шілдедегі 235-V Кодексінің 447-ші бабына сәйкес, тарихи-мәдени мұраны бүлдірген жеке тұлғаларға 5 АЕК, заңды тұлғаларға 10 АЕК айыппұл салынады. Баға жетпес құндылықтарымызды бүлдіргендерге салынатын айыппұлдың бүгінгі сиқы осы. Заңның осы тармағы күшейтіліп, мұраларымызды тонаушыларға қолданатын жазаны әкімшілік құқық бұзушылықтан қылмыстық құқық бұзушылыққа ауыстырылуын пысықтау керек.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

Ғ. Құлахметов

Ж. Ахметбеков

А. Қоңыров

А. Милютин

Ф. Қаменов

А. Паяев

С. Решетников

А. Сқақова

Е. Смайлов

И.Смирнова

12.05.2021 жылы жарияланды

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS