fbpx

Е.Л. Тоғжановқа депутаттық сауал Сәрсенбі, 19 Мамыр 2021 15:17

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің   

орынбасары

Е.Л. Тоғжановқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Ел Конституциясына сәйкес, Қазақстандағы ең жоғары құндылық адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде жариялады.

Лайықты қарттық құқығы да, еңбек ету құқығы да отандастарымыздың негізгі құқығы болып саналады. Десе де, бүгінгі таңда лайықты қарттық құқығын жүзеге асыру көптеген сұрақтар туғызуда. Атап айтқанда, бұл зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге – металлургтерге, кеншілерге, мұнайшыларға, кен байытушыларға, уран өнеркәсібінің жұмысшыларына және өнеркәсіптік кәсіпорындарда еңбек ететін жүздеген мың қазақстандықтарға қатысты. Мемлекет олар үшін зейнетке шығу жасын төмендетіп, лайықты зейнетақымен қамтамасыз етуі керек! 63 жаста зейнетке шығу қазақстандықтардың қартайғанда лайықты өмір сүру мүдделері мен құқығына мүлдем жауап бермейді!

Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі Агенттіктің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер саны 1 645 247 адамды құрайды, оның ішінде: 987 645 ер адам және 657 602 әйел адам.

2020 жылы 366 900 адам немесе тексерілген кәсіпорындар қызметкерлерінің жалпы санының әрбір төртіншісі (22%) санитарлық-гигиеналық талаптарға (нормаларға) сай келмейтін жағдайларда жұмыс істеген. Олардың ішінде шу мен дірілдің жоғары деңгейі жағдайында қызметкерлердің әрбір екіншісі (46,3%), жұмыс аймағының ШРК-дан асатын жоғары газдануы мен шаңдануы әсерінде әрбір үшіншісі (32,6%) және қолайсыз температуралық режимде әрбір алтыншысы (16,9%) еңбек етті. Тексерілген кәсіпорындар қызметкерлерінің жалпы санынан 94 мың адам (5,7) ауыр физикалық еңбекпен қамтылған.

Әйелдер арасында әрбір сегізінші қызметкер (84,9 мың адам) санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмейтін жағдайларда жұмыс істеді, оның ішінде 19,9%-ы (16,9 мың адам) шаңды және газдалған ортада еңбек еткен.

Экономика салалары бойынша зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің ең көп саны өнеркәсіп саласында 620 мың адам және өңдеу өнеркәсібінде 290 мың адам байқалып отыр.

Қауіпті және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеу қызметкерлердің денсаулығына теріс әсер етеді. Статистикаға сәйкес, 2020 жылы елімізде өмір сүрудің орташа күтілетін ұзақтығы ер адамдарда 67, әйелдерде 75,5 жасты құрады. Шын мәнінде, зиянды өндірістермен айналысатын ер адамдар үшін бұл толыққанды лайықты қарттыққа өз құқығын іске асыру мүмкіндігінің жоқтығын білдіреді.

1956 жылы КСРО-ның «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңы 9-бапта жерасты жұмыстарында, зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда және ыстық цехтарда жұмысшылар мен қызметкерлер үшін қарттық бойынша зейнеткерлікке жеңілдікпен шығу құқығын белгіледі: ерлер – 50 жасқа толғанда және жұмыс өтілі кемінде 20 жыл болғанда, әйелдер – 45 жасқа толғанда және жұмыс өтілі кемінде 15 жыл болғанда. Ел жойқын соғыстан енді-енді қалпына келсе де, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қатаң сақтады.

Қазақстанның осы саладағы мемлекеттік саясатының қисыны біздің азаматтардың мүддесімен емес, бюджет шығындарын қысқарту қажеттілігімен айқындалады. Сонымен қатар макроэкономикалық, әлеуметтік, демографиялық факторларды талдау мен есепке алуға негізделген кешенді тәсіл зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнетке ертерек шығуының ұтымды және тұтастай алғанда әлеуметтік-экономикалық сала үшін бірқатар пайдасы бар екенін дәлелдейді. Мәселен, әлемде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-демографиялық зерттеулер зейнетке шығу жасының артуы ересек тұрғындардың мүгедектігінің айтарлықтай өсуіне алып келетінін көрсетуде. Оларды медициналық және әлеуметтік қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бюджеттің тиісті шығындары да өседі. Зерттеулердің бірінде ресейлік ғалымдар келесідей сандарды келтірген екен – зейнет жасының 1 жылға артуы, мүгедектігі бойынша зейнеткерлердің санын 7-9%-ға, 2 жылда – 15-17%-ға, 3 жылда 24%-ға арттырады!

Өндірістегі қарт жұмысшылар осыған байланысты «оңай жұмысқа» ауысуға тырысады. Бірақ мұндай жұмыс орындарының саны шамалы және оны оңай деп атауға тағы келмейді. Сонымен қатар іс жүзінде нәтижелі жұмыспен айналыспайтын қарт қызметкерлер зейнеткерлікке шығудың орнына, жас қазақстандықтарға тиесілі жұмыс орындарын иеленуге мәжбүр. Бұл жастар арасындағы жұмыссыздыққа және мемлекеттік бюджеттен оларды оқытуға, барлық бағдарламалар бойынша жұмысқа орналасуға, жұмыссыздарға жәрдемақы төлеуге және т.б. шығындарды арттыруға алып келеді. Сондай-ақ жастар арасындағы жұмыссыздық адам капиталының сапасына теріс әсер етеді.

Шешім бар. Ол зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін зейнет жасын төмендету. Зейнеткерлікке шығудың оңтайлы жасын анықтау үшін 2 әдіснамалық тәсілді қарастыруға болады – зиянды өндірістегі жұмыс өтілі бойынша, мысалы, 20-25 жыл немесе ғылыми негізделген жасын анықтағаннан кейін, мысалы, 55 жыл және мамандығы мен жұмыс ерекшелігіне байланысты. Бұл ретте, қызметкердің денсаулығына қарсы көрсетілімдер және кәсіпорын маманға мүдделі болған жағдайда жұмысты жалғастыруға құқығы бар.

Мұнымен бір мезгілде қолданылып жүрген жинақтаушы құрамдауышты және мемлекеттік бюджет есебінен зейнетақы төлеудің ортақ құрамдауышын қоса атқаратын зиянды және қауіпті өндірістердің қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру жүйелі түрде шешілуге тиіс. Кеншілеріміз, металлургтеріміз, мұнайшыларымыз жұмыс істей отырып әрі өз күштері мен жылдарын өндіріске бере отырып, оның өнімі іс жүзінде толық көлемде экспортталды және мемлекеттік бюджетті толықтыруды қамтамасыз етті. Басқалар сияқты мемлекет есебінен ел бойынша орташа жалақы мөлшерінде лайықты зейнетақы алуға құқылы!

Тиісті және тиімді мемлекеттік басқару практикасы нәтижелі басқару шешімдерін басқару саласын сипаттайтын сенімді және әр түрлі мәліметтер, сондай-ақ ғылыми негізделген тұжырымдар мен ұсыныстар негізінде ғана қабылдауға болатындығын көрсетеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде мұндай тәсілдерді байқамаймыз. Ол денсаулыққа зиянды және қауіпті өндірістерде еңбек ететін қызметкерлердің орташа жалақысы мен орташа өмір сүру ұзақтығы туралы статистиканы жүргізбейді. Министрлікте азаматтардың көрсетілген санатының зейнетақы жинақтарының орташа сомасы туралы ақпарат жоқ (өтілі, жасы, жынысы, қызмет саласы және т.б.).

Осыдан келіп келесідей сауалдар туындайды: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Зейнетақы жүйесінің тиімділігін, зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлерге қатысты қабылданатын тәсілдер мен шараларды қалай анықтайды? Жалпы әлеуметтік саясат қандай? Кеншілер мен металлургтердің зейнетақы жинақтарының жеткіліктілігі туралы ол нені көрсете алады? Зейнетақы аннуитетінің тиімділігі қандай? Азаматтардың осы санатының өміріне қанағаттанудың сапалы көрсеткіштерін айтпаған күннің өзінде.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары келесіні ұсынады:

  1. ҚР Үкіметіне – зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін зейнетақы жасын төмендету.
  2. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында (жұмыс өтілі бойынша немесе әртүрлі мамандықтар мен жұмыс ерекшелігі үшін жасын айқындай отырып) жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнетке шығу жасын төмендету мен айқындаудың нақты өлшемдерін әзірлеу. Зиянды өндірістерде еңбек ететін қазақстандықтардың мүддесін ескеретін және оларға жауап беретін зейнетақымен қамсыздандыру тетігін әзірлеу.
  3. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің Ұлттық статистика бюросына зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер туралы шынайы статистикалық деректерді анықтау және жинауды қамтамасыз ету, оның ішінде саласы, мамандығы, жынысы, жасы, орташа жалақысы, орташа зейнетақы жинақтары және орташа өмір сүру ұзақтығы т.б.

Деректерді жинау процесін халықаралық тәсілдер мен тәжірибелерге сәйкес келетін заманауи әдіснамамен қамтамасыз ету. Деректер нормативтік көрсеткіштермен және зейнетақымен қамсыздандыру саласында қабылданатын шаралардың прогресін бағалау үшін стандартталған және халықаралық салыстырылатын болуға тиіс.

  1. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің проблемалары, оның ішінде зейнеткерлікке кеш шығудың мүгедектікке, жастар жұмыссыздығына және т.б. әсері бойынша қажетті ғылыми зерттеулер жоспарын әзірлеу.
  2. Әзірленіп жатқан әлеуметтік Кодекске зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнет жасын төмендету мәселесін енгізу.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

Е. Смайлов

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

А. Сқақова

А. Милютин

Ф. Қаменов

Ғ. Құлахметов

А. Паяев

С. Решетников

И. Смирнова

19.05.2021 жылы жарияланды

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS