fbpx

А.А.Ерғалиевке депутаттық сауал Сәрсенбі, 16 Маусым 2021 11:40

Қазақстан Республикасының

Ұлттық экономика министрі

А.А. Ерғалиевке

Ауыл шаруашылық

министрі

С.К.Омаровқа

Сауда және Интеграция

министрі

Б.Т.Сұлтановқа

Депутаттық сауал

Құрметті Әсет Арманұлы! 

Құрметті Сапархан Кесікбайұлы! 

Құрметті Бахыт Тұрлыханұлы!

Еліміздің ауылшаруашылық өнімдерінің көп бөлігі экспортқа бағытталған. Солардың бірі - қазақстандық ұн. Біздің ұн - әлемдік беделі бар, сапасына сұранысы көп,  жақсы бренд.

Ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орында көш бастап келген Қазақстан, қазірде Түркиядан кейінгі екінші орында. Бүкіл халқымыз тұтынатын қазақстандық  ұн Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Түрікменстанға, Қытайға және т.б. елдерге экспортталады.

Қазіргі кезде қазақстандық ұнның негізгі импортері - Орта Азия елдері бізден астықты сатып алып, оны өз диірмендерінде өндіргілері келеді. Өзбекстан ұн тарту саласын дамытып, диірменді кәсіпорындар салды. Қазақстаннан баратын бидайға қосымша құн салығын алып тастады. Ал ұнға, керісінше, баж салығын қосты. Ұн тасымалдаушыларға теміржол тасымалының ставкасын жеңілдетті (өздеріне 20$, бізге 54$). Бидайымыздан ұн шығарып, онымен тек ішкі нарығын қамтып қоймай, біздің 66% ұнымызды сатып алатын Ауғанстанның да нарығын ұнмен қамтамасыз етуге көшті.

Қазақстанның ұн өндіру саласы мемлекеттік қолдау мен дамытуды қажет етеді. 2000-жылдары 2300 ұн өндіретін компаниямыз болса, содан қалған 300-ге жуық диірмендердің 50% банкротқа ұшырап, тоқтап қалған, жұмыс орындары қысқарып, жабылуда.

Мемлекетке салық төлеп, жұмысшыларға айлық беріп отырған кәсіпорындардың кәсіптерін қарқындатуына жағдай жасауымыз керек. Бүгінде осы кәсіпорындардың табыс табуына жол бермейтін көптеген шектеулер мен кедергілер  бар. Бұл мәселелерді шешу оңай емес, жүйе дұрыс жолға қойылмағандықтан, қайта өңдеу өнеркәсіптерінің жұмысын тежейтін салықтық кедергілер мен нарықтық тосқауылдар мемлекет тарапынан үлкен  қолдаушылық көрсетуді талап етеді.

Астық тасымалдаушы теміржол операторларының тасымал жүйесін үздіксіз қамтамасыз ете алмауы себебінен, тасымал тарифтерін негізсіз көтеру салдарынан еліміздегі барлық диірмен кәсіпкерлері зардап шегіп, бизнестер құрдымға кетіп жатыр.

Мысалы, қазақстандық  ұнның 50% өндіріп отырған Шымкент қаласы мен Түркістан облысының  диірменді кәсіпорындары жыл сайын келісімшарт бойынша астықты солтүстік өңірлерден жеткізе алмай қиналады. Бұл жағдайға себепкер - астықты темір жолмен тасымалдаушы «АстықТранс» АҚ компаниясы. 

Өзіміз бидай өсіріп отырып, астық тапшылығын көрудеміз. Трейдерлер күзде диқандардан бидайды сатып алып, шетелдерге сатып жатыр. Ал, ұн тартатын диірмендер шикізатқа зәру болып отыр. Бұл жағдай да өндірістің құлдырауына әкеледі.

Қазақстан дайын өнім шығарғанда ғана, яғни өндіріс индустриясын дамытқанда өркендейтінін бәріміз білеміз. Бір ұн өндіретін диірмен бизнесінен бірнеше бизнес көздері пайда болады. Мысалы: ұнға қап керек - қап шығару кәсіпорыны ашылады, жіп керек - жіп шығару бизнесі, тасымалдауға - көлік базасы, техникаға – жөндеу қызметі, ұн қалдығы жемнің өзінен – құс, мал өсіру бизнесі құрылады, оған қоса сауда-саттық, сервистік қызмет орындары мен зертханалар және тағы басқа ашылған табыс нысандары бір-бірімен өрбіп өсіп, жалғасып  береке ұйытқысына айналады. Нәтижесінде, миллиондаған адамдар тұрақты жұмыс орнын тауып, халықтың жағдайы жақсарады, мемлекет салық базасын кеңейтеді.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Үкімет Қазақстанның ұн тартушы диірмен кәсіпорындарын дамыту мақсатында осы жүйенің тиімділігін және  сапасын арттыратын қандай кешенді шаралар жүргізуде?

Мемлекет тарапынан пайыздық мөлшерлемесі аз несие беру, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді (энергия, су, газ) төмен бағамен беру мәселесі қалай шешілуде?

Экспортталатын бидайға экспорттық кедендік баж енгізіп, отандық бизнесті қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?

Ұн тарту кәсіпорындарының қызметін оңтайландыру жолында олардың құқықтарын қорғап, заңсыздыққа жол бермеу қарастырылған ба?

Жауабын заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша нысанда беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

А. Паяев

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

А. Милютин

И. Смирнова

Ф. Қаменов

Ғ. Құлахметов

С. Решетников

А. Сқақова

Е. Смайлов

16.06.2021ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS