fbpx

Климаттың өзгеруіне қарсы күресте Қазақстан қабылдап жатқан шаралар туралы Сәрсенбі, 08 Желтоқсан 2021 11:08

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің 

орынбасары  

Р.В. Склярға 

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Роман Васильевич!

Премьер-министр бастаған қазақстандық делегация COP26 климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммитке қатысып, басқа мемлекеттердің өкілдерімен бірге тараптарды төмен көміртекті стратегияға көшу жөніндегі жұмысты жеделдетуге шақыратын қорытынды құжатқа қол қойды. Сонымен қатар біздің делегация Қазақстанды тұрақты даму бойынша Орталық Азияның өңірлік Климаттық хабы ретінде қарастыруды ұсынды.

CОР26 конференциясында бірқатар елдер төмен көміртекті даму стратегиясын ұсынды. Өз кезегінде Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегіне  бейтараптылығына қатысты Доктринасын таныстырды.

Осыған қарамастан, Қазақстан климаттың өзгеруі салдарын жұмсарту жөніндегі күш-жігердің халықаралық индексінде соңғы орында тұр.

CCPI-2022 (Climate Change Performance Index) рейтингіне сәйкес, Қазақстан тек 19,81 балл (өткен жылғы индекстегіден 9 позицияға төмен) жинады және соңғы 64-орынға орналасты. Ел индексі төрт санат бойынша бағаланады: парниктік газдар шығарындылары, жаңартылатын энергия, энергияны пайдалану және климатқа қатысты саясат.

Қазақстан бұл рейтингтің антилидеріне айналды. Сонда қалай, бұл – Қазақстанның декларацияланатын қызметі оның климат өзгерісіне бейімделу саласындағы нақты іс-қимылына толық сәйкес келмейді дегенді білдіре ме?

Тағы бір өзекті мәселе – COP26 саммитінде Қазақстан өзіне алған міндеттемелерге байланысты бізді не күтіп тұр. Бұл міндеттемелердің нақты мәні неде? Біз экология саласындағы заманауи шешімдердің маңыздылығы мен қажеттілігін төмендетуге болмайды деп санаймыз.

Біріншіден, саммиттің қорытынды құжаты тараптарды көмір энергетикасын, көмірсутек шикізатына бөлінетін субсидияларды біртіндеп қысқартуға шақырады. Бұл ретте көмірсутек шикізаты – Қазақстан экспортының негізгі бөлігі. Біз өндіруші өнеркәсіпке, бюджет кірісіне және өзгеріс құнын жабу үшін мемлекеттің қаржылық мүмкіндігіне қандай әсер етеміз?

Баға туралы айтқанда, Қазақстандағы көмір энергетикасы – энергия өндірісінің негізі екенін ескеруіміз қажет. Оның қысқаруы энергетика секторына, өнеркәсіпке, өндіріске – одан әрі тізбек бойынша – тауарлар мен қызмет құнына қалай әсер етеді?

Елдер экологиялық таза энергияны енгізу ауқымын кеңейтуге тиіс. Экологиялық тұрғыдан алғанда бұл оң шешім, бірақ әлеуметтік тұрғыдан алғанда жаңартылатын энергия (ЖЭК) негізіндегі электр энергиясын тұтынушылар үшін оның жоғары бағасы алаңдатады. Себебі бұл табысы ұдайы төмендеп, азық-түліктің өзін несиеге алып отырған азаматтарға қиындық туғызады.

Қазақстан саммитке қатысу барысында орман және жерді пайдалану жөніндегі декларацияға да қосылды. Бұл шаруа қожалықтары, фермерлер, жалпы ауыл шаруашылығы үшін не береді?

Саммитке қатысушылар көмірмен өндірілетін электр энергиясын өндіру бойынша жаңа жобаларға рұқсат беруді тоқтатуға міндеттенді. Яғни әңгіме жаңа экологиялық кодексте жазылған ең озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) қолданысқа енгізу туралы болып отыр. Кәсіпорындар қайта жарақтандыруға дайын ба, оларды қандай өзгеріс күтіп тұр?

Экологиялық кодекс ұлттық Климаттық саясат үшін жауапкершілікті Геология және табиғи ресурстар министрлігіне, яғни «қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға» жүктейді. Бірақ біз көтерілген мәселелер қоршаған ортаны қорғау шеңберінен шығып, елдегі өмірдің барлық салаларына әсер етеді және Үкіметтің жауапкершілігінде болуға тиіс деп санаймыз.

Қазақстан Халық партиясы бірнеше рет климат саясатына, климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы жұмысқа жүйелі көзқарас қажет екеніне назар аударуға шақырды. Бұл тұрғыда партия Қазақстан үшін халықаралық күш-жігерге қосылу қажеттігін қолдайды, сонымен қатар өз мүддесін бірінші орынға қою және халықтың, үй шаруашылықтарының, ауыл шаруашылығының, өндіруші өнеркәсіптің, энергетиканың және басқа да салалардың өзгеріске әзірлік дәрежесін байсалды бағалау қажет деп есептейді.

Өзгерістің ауқымы, ең бастысы, оның салдары өте үлкен және оны дәл қазір нақты түсіну керек.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан Халық партиясының фракциясы Үкіметті:

1) Қазақстанның климаттың өзгеруіне бейімделу жоспарын халыққа жария етуге;

2) Қысқа, орта және ұзақ мерзімді перспективада мерзімін, бюджет шығынын және экономиканың салаларын көрсете отырып, Қазақстанның климаттың   өзгеруіне бейімделу саласында өзіне қандай нақты міндеттеме алғанын мәлімдеуге;

3) Халық пен экономика салалары үшін өзгерістердің экономикалық құны қандай болатынына, сондай-ақ азаматтар мен ел экономикасы алдағы терең және ауқымды өзгерістерге қаншалықты дайын екеніне жауап беруге шақырады.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:  

А. Сқақова

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

Ф. Қаменов

Г. Құлахметов

А. Милютин

А. Паяев

С. Решетников

Е. Смайлов

И. Смирнова

08.12.2021 жылы жарияланды

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS