fbpx

BI Group құрылыс холдингінің заңсыз әрекеттері және оның жолын кесу шаралары туралы Сәрсенбі, 04 Мамыр 2022 12:08

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің орынбасары

Р.В. Склярға

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Роман Васильевич!

Соңғы айларда отандық БАҚ-та BI Group холдингінің қызметі мен жобаларына қатысты сыни мақалалар жариялана бастады. Негізінен халық Алматы мен Нұр-Сұлтандағы холдингтің құрамына кіретін құрылыс компанияларының әлеуметтік және экологиялық өмірге кері әсерін тигізетін іс-әрекетіне және компанияның  мемлекет есебінен салатын қымбат нысандарына наразы.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, холдинг құрылыс саласында монополия орнатқан. Іс жүзінде BI құрылыс компаниясы емес, маркетинг компаниясы болып саналады. Ол ірі компаниялардың пайдасына нормативтік-құқықтық актілерді лоббилеу арқылы өз жобаларын жүргізеді. Мысалы, үлестік құрылыс, тұрғын үй нарығындағы дүрбелең, агрессивті жарнама немесе мемлеттік органдардағы қызметкерлерді ақша беріп сатып алу. BI жобаларының басым бөлігін (тұрғын үйлер, жолдар немесе мемлекеттік сатып алулар) холдингпен байланысты мердігерлер жүзеге асырады. Алайда бұл компаниялар тобының кейбірі банкротқа ұшырағаны туралы бірнеше рет хабарланды. Осыған байланысты көкейде «Олар салықтан жалтарған жоқ па?» деген ой туындайды.

Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы тұрғын үй нарығында маржиналдық түсім жоғары болған кезде елорданың сол жағалауындағы жерлердің басым бөлігі әкімшілік ресурс есебінен BI-ға берілді. Компания бұл жер учаскелерінде құрылыс салған жоқ, бірақ оларды алыпсатарлық жолмен басқа құрылыс мердігерлеріне жоғары маржамен сатты. Мемлекет холдингке тиесілі жер учаскелерінде әлеуметтік және стратегиялық мемлекеттік нысандарды салу үшін BI Group-қа қомақты қаржы төлеуге мәжбүр болды. Мысал ретінде ЭКСПО жанындағы жер телімдерін келтіруге болады.

2010 жылдары компания тобы шенеуніктер арасында лоббистік мүмкіндіктерді пайдаланып, бюджеттен қаржыландырылатын жол мен өнеркәсіптік құрылыс жобаларына қатыса бастады.

Бүгінде еліміздегі құрылыс секторының тұралауы аясында компания бір көзден мемлекеттік сатып алу арқылы да, оларды айналып өтіп те агрессивті түрде мемлекеттік келісімшарттарды алып жатыр. Негізінен мемлекеттік-жекеменшік  әріптестік (МЖӘ) арқылы.

Бұл BI Group-тың Түркістандағы жаңа нысандардың 25%-ын мемлекеттік бюджет есебінен салуынан айқын көрінеді. Мұны Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің деректері де растап отыр.

Елордада BINOM School атты ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Алдағы 5 жылда жобаға МЖӘ схемасы арқылы республикалық және қала бюджеттерінен қомақты қаражат бөлінеді. Бұл туралы республикалық БАҚ-та, қоғам белсенділері де жазды:

«Школьные схемы BI Group в столице: генерация прибыли в обход процедуры госзакупок»

https://ulysmedia.kz/rassledovaniya/6682-shkolnye-skhemy-bi-group-v-stolitse-generatsiia-pribyli-v-obkhod-protsedury-goszakupok/ 

«Все так же воруют деньги на строительстве школ в Астане» https://www.facebook.com/1080857456/posts/10224027590412498/

Сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар аясында Қазақстан бойынша бір көзден сатып алынатын шағын құрылыстар да бар. Мысалы Атырау облысындағы жаяу жүргіншілерге арналған көпір, Атырау қаласындағы Жұлдыз шағын ауданындағы жолдар, BI-дың құрамындағы KAZPACO компаниясы арқылы Петропавлда жалпы сомасы 8,5 млрд теңгеге қоршау бөгетін жаңғырту сынды жобалар.

KAZPACO ЖШС – құрылыс саласына маманданған, BI Group холдингінің құрамына кіретін компания, 2001 жылғы 4 желтоқсанда құрылған.

KAZPACO 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде BI-дің лоббистік қолдауымен Алматы, Қостанай, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан және Қызылорда облыстарында ешқандай бәсекесіз 78 млрд теңгеден аса сомаға 10 коронавирус госпиталін салуға тапсырыс алды.

СOVID-19 өршіп тұрғын жылы аталған компания бар болғаны 4,4 млрд теңге салық төлеген. Бұған дейін BI Group Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жалпы құны 15 млрд теңге болатын коронавирус ауруханасын салған еді.

Кейін BI Group салған СOVID-19 госпитальдері сапасыз, келісімшартсыз, рұқсатсыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз салынғаны, жабдықтарды сатып алуға қомақты қаржы жұмсалғаны анықталды. Мысалы, Түркістандағы модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын тапсыру кезінде ол пайдалануға дайын болмаған, ал Алматыда салынған «Жұқпалы аурулар ауруханасында» жылу болмаған.

Кейбір мәліметтерге сәйкес, BI Group жекелеген коронавирус госпитальдарды салу кезінде өңірлерде бұзылған ғимараттардың құрылыс материалдарын пайдаланған. Мысалы Атырау облысының Опорный кентінде ТШО қызметкерлеріне арналған жатақхана бөлшектелген, ал құрылыс материалдары құны 5,5 млрд теңге болатын модульдік коронавирус ауруханасын салу үшін Алматыға жіберілген. Жоғарыда аталған елдімекен Атырау қаласынан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан.

Шымкентте және Алматыда екі модульді аурухананың сапасыз салынғанына, қаражаттың орынсыз жұмсалуына байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іс қозғады, ал Алматы госпиталін салу барысында мемлекетке шығын келгенін аудиторлық тексеру растады. Тергеу нәтижесі әлі жарияланған жоқ.

Осыған байланысты төмендегі іс-шараларды жүргізу қажет:

– 2020-2021 жылдары BI Group өңірлерде коронавирус госпитальдарын қалай салғанын, олардың қалай жұмыс істеп тұрғанын, медициналық қызмет көрсету сапасын, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі, Қаржы министрлігі Ішкі аудит комитеті аталған нысандарды денсаулық сақтау мақсатында қалай пайдаланып жатқанын жіті тексеруі керек;

– ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, ҚазҚСҒЗИ сарапшыларын тарта отырып, 2020-2021 жылдары BI Group өңірлерде салған коронавирус госпитальдардың құрылысының сметалық құнының сапасы мен негізділігі тұрғысынан егжей-тегжейлі және ашық кәсіби аудит жүргізуі керек;

– Бір көзден BI-дан коронавирус госпитальдар салу жөніндегі қызметтерді сатып алу шеңберінде салынған құрылыс сметаларының негізділігін анықтау және салыстырмалы талдау жүргізу үшін Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті және Қазақстан бойынша облыстық мәслихаттар жанындағы тексеру комиссияларының қатысуымен тексеруді ұйымдастыру;

– Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Есеп комитетінің қатысуымен олардың сметалары мен шығындарының негізділігіне объективті баға алу үшін BI Group тарапынан өңірлерде бірқатар коронавирус госпиталін салу нәтижесінде мемлекетке келтірілуі мүмкін залал бойынша тергеу жүргізетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жоғарыда аталған іс-әрекеттерді  үйлестіруі тиіс.

Депутаттық сауалға жазбаша түрде жауап беруді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

Ж. Ахметбеков

А. Қоңыров

Е. Смайлов

Ғ. Құлахметов

А. Милютин

М. Магеррамов

Г. Нұғманова

А. Паяев

А. Скакова

И. Смирнова

04. 05. 2022 жылы жарияланды

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS