fbpx

«Сбербанк», «ВТБ банк», «Альфа банк» салымшыларының мәселесі және мемлекеттік банк құру туралы Сәрсенбі, 04 Мамыр 2022 12:17

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә.А. Смайыловқа

Қазақстан Республикасының

Ұлттық Банк төрағасы

Ғ.О. Пірматовқа

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу

және дамыту агенттігінің төрағасы

М.Е. Әбілқасымоваға

 

Депутаттық сауал

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Ғалымжан Олжаұлы!

Мәдина Ерасылқызы!

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы жеке банктерді, квазимемлекеттік делдалдарды шексіз қаржыландыру процесін тоқтату және қаражатты жаңа буындағы мемлекеттік банктерді құруға бағыттау қажет деп санайды.

Отандық экономикада болып жатқан елеулі реформалар банк саласына әлі әсер еткен жоқ. Бірақ  қазіргі таңда халық пен экономиканың нақты секторының сұранысынан әлдеқашан алшақтаған банк жүйесінің жұмысын сапалы түрде жақсарта алатын батыл шаралар қабылдау қажет.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін және шектеу шаралары жойылғаннан кейін дамыған елдердің шетелдік қаржы институттары өз технологияларымен және қолжетімді ресурстарымен біздің нарыққа жаппай бетбұрмағанына назар аударады.

Негізгі позицияларды тек ресейлік банк капиталы алды. Соңғы 5 жылда қазақстандық екінші деңгейлі банктердің активтері көлеміндегі ресейлік еншілес банктердің үлесі 9% -дан 15% -ға дейін өсті. Бұл ретте олардың несие портфеліндегі жиынтық үлесі 17% -дан асты. Жыл басында шамамен 14% -ды құраған депозит көлеміндегі ресейлік банктердің үлесі маңызды болып табылады. Салым көлемі 3 триллион 500 миллиард теңгеге жетті. Клиенттердің көпшілігі жинақ ақшаларын ірі ресейлік банктердің еншілес банктеріне сеніп тапсырды.

Қазір, өздеріңіз білетіндей,  «Сбербанк», «ВТБ банк», «Альфа банк» санкциялардан зардап шегіп жатыр. Валюталық операциялар мен аударымдар бойынша шектеулерге, тұтастай алғанда, қатаң санкцияларға байланысты несие, депозит бойынша операциялар қысқарып қалды.

Бұған дейін Қазақстанда көпфункционалды толыққанды мемлекеттік банк құрылмағаны стратегиялық қате болып отыр. Дәл қазір мемлекеттік банк болса, азаматтарға сенімді әрі тұрақты табысты қамтамасыз ете отырып, несие ағынының төмендеуіне жол бермес еді.

Осы уақыт ішінде либералды экономистер мемлекеттік банктердің қарсыластары нарыққа жеке қаржы институттары жеткілікті деп сендірді. Бірақ бүгінгі жағдай олардың ұстанымының дұрыс емес екенін айғақтап отыр. Нәтижесінде азаматтарымыз бен бизнесіміз елеулі шығынға ұшырайды, стресс пен қолайсыздықты сезінеді. Қазақстандықтар мен кәсіпкерлер «Сбербанк», «ВТБ банк», «Альфа банк» сынды қаржы ұйымдарының еншілес банктерінің банктік шоттарында ақша қаражатының тоқтап қалу мәселесімен бетпе-бет келді.

Қаржы секторын дамыту мен реттеу саласындағы қате шешімдердің салдарынан мемлекет экономиканы несиелендіру көлемін ұлғайтуға мәжбүр болып отыр. Мамандандырылған банктердің болмауына байланысты бюджет ақшасы әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға жұмсалудың орнына экономикадағы түрлі квазимемлекеттік құрылымдарға, жеке банктерді тарта отырып, даму институттары арқылы жіберіледі.

Мысалы, ауыл шаруашылығы бойынша «ҚазАгро» жеке холдингінің таратылуына қарамастан, қаржыландырудың ашықтығымен жағдай өзгерген жоқ. Саланы республикалық бюджеттен кредиттеу әкімдіктер желісі бойынша микрокредиттер, кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы жүргізіледі.

Өнеркәсіп саласында бюджеттен несие ресурстары «Бәйтерек» холдингі, «Қазақстанның Даму Банкі», «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы күрделі  сызба бойынша жүреді.

Мұның барлығы «қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру» деген істің әдемі термині деп аталады. Бірақ іс жүзінде оның артында қолжетімді несие ресурстарын құра алмайтын тиімсіз жеке банк жүйесіне үнемі демеушілік жасалады. Осындай схема бойынша толыққанды мемлекеттік банк бола алмаған Қазақстанның Даму Банкі де жұмыс істеді.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы экономиканың мүлде жаңа дәуірге аяқ басқанына назар аударады. Бізге алыпсатарлық табысқа және экономиканы өз мүддесіне бағындыруға емес, өндірістік әлеуетті дамытуға жәрдемдесуге бағдарланған түбегейлі жаңа банк жүйесі қажет.

Бұл – мемлекеттік банктерді құру арқылы мемлекеттің тікелей қатысуынсыз мүмкін емес. Мәселе кем дегенде 2 негізгі салаға – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке қатысты. Даму үшін елімізге мемлекеттік «Агробанк» және «Промстройбанк» қажет.

Қазақстандағы «Сбербанк», «ВТБ банк», «Альфа банк» сынды  ресейлік банктердің клиенттерінің мәселелеріне қатысты жағдай бойынша ақпарат беруді сұраймыз.

  1. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты осы банктерге қарсы санкцияларды енгізе отырып, қандай көлемде «бұғатталған»?
  2. Ағымдағы жылдың 01 мамырында осы банктердің клиенттеріне экономикалық айналымнан қанша қаражат қайтарылды?
  3. Осы банк клиенттерінің мәселелерін шешу үшін қандай шаралар қолданылады?
  4. Осы банк клиенттерінің проблемаларын шешу қандай нақты мерзімде жоспарланып отыр?
  5. Осы банк клиенттерінің шығындарын кім және кімнің есебінен өтейді?

Депутаттық сауалды қарастыруды және қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасындағы тәртіппен жазбаша түрде жауап беруді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

Ғ. Құлахметов

А. Милютин

М. Магеррамов

Г. Нұғманова

А. Паяев

А. Сқақова

Е. Смайлов

И. Смирнова

04.05. 2022 жарияланды

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS