fbpx

«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының» кемшіліктері туралы Сәрсенбі, 11 Мамыр 2022 11:12

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә. А. Смайловқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Үкімет «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» қабылдады. Бұл – өте маңызды құжат. Оның қажеттілігі туралы біздің партия үнемі айтып келеді.

Қазақстан Халық партиясының ұсынысы және біздің сайлаушыларымыздың үміті бойынша құжат алдағы экономикалық саясаттың ауыртпалығын жеңілдетуге тиіс. Өйткені азаматтардың әл-ауқаты артпаса, құжат өзінің маңыздылығын жоғалтады.

Үкіметтік бағдарлама өте ауқымды, ол барлық саланы қамтиды. Оның ішінде жұмыс орындарын құру, жастарды қолдау, проблемалық қарыз алушылардың мәселесін шешу, импортты алмастыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының түйткілін тарқату сынды сұрақтарға ерекше назар аударылған.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы өнімділік деңгейінде артта қалушылықты қалай жеңуге болады және созылмалы төмен кірістің негізгі проблемасы не деген сауалға нақты жауап берілу қажет деп санайды. Бағдарламада мәселе атүсті қаралған. Құжат талапқа сай емес. Ол бизнесті қолдау, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, түрлі салалар мен Өңірлерді дамыту саласындағы бағдарламалық құжаттардан жинақталған.

Біріншіден, секторлар мен салалар бойынша халықтың кірісіне, жалақының төмен болу себебіне, кәсіпкерліктен түсетін табысқа, жалдамалы жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында үлес бөлуге нақты талдау жасалмаған.

Парадокс! Бағдарламада Қазақстандағы кедейшілік деңгейі 10,6% деп белгіленген. Бұл – ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіштен аз. Басқаша айтқанда, біздегі кедей халықтың үлесі ең бай елдерге қарағанда жақсы. Бағдарламаға сенетін болсақ, Қазақстандағы кедейшілік деңгейі

АҚШ-тан 6,8% - ға, ал канадалық деңгейден 4,2% - ға төмен.

Осы мәліметтерге сүйенсек, бізге кірісті арттыру бағдарламасы не үшін қажет екені белгісіз. Бірақ нақты жағдайды түсіну үшін Қазақстандағы және ЭЫДҰ елдеріндегі ең төменгі және орташа жалақыны, сондай-ақ жан басына шаққандағы кіріс бойынша деректі салыстыру жеткілікті. Осылай жасалғанда, жағдай айтпаса да түсінікті болады.

Екіншіден, қоғамға түсінікті нақты мақсат жоқ. Жалпы ішкі өнімдегі  жалақы үлесі азаматтарға қажет мақсат емес. Бұл – абстрактілі макроэкономикалық көрсеткіш қана.

Бізге қазақстандықтар үшін табыстың қандай деңгейін қолайлы деп есептейтініміз бен қандай деңгейге ұмтылатынымызды анықтап, қазақстандық орта таптың өлшемін айқындап алу қажет.

Бағдарламада бұл турлы ештеңе жоқ, яғни халықтың табысы қалай өсетінін түсіну мүмкін емес.

Үшіншіден, инфляция қарқынымен байланыс жоқ. Бұл экономикалық шынайылық жағдайында міндетті шарт болып табылады. Бағаның өсуін ескермей, жалақының өсу индикаторларын анықтау мағынасыз болады.

Ресми дерек бойынша, қазіргі уақытта орташа жалақы 285 мың теңгеден асты. Бірақ бұл ақшаға бір жыл бұрын қолжетімді болған тауарлар мен қызметтердің көлемін сатып алу мүмкін емес.

Мысалы, бағдарламада 2023 жылға қарай орта медициналық қызметкердің орташа жалақысын 250 мың теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Ал сатып алу қабілетінің артуы мен оның болашақтағы динамикасы қандай боланы назарға алынбаған.

ЖОО студенттерінің шәкіртақысын – 2 есе, магистранттар мен докторанттардың стипендиясын – 1,5 есе ұлғайту көзделіп отыр. Бірақ мұның барлығы – 2020 жылғы деңгейге қатысты. 2020 жылдың басында бағам бір доллар үшін 375 теңгені құраса, қазір – 440 теңге. Баға деңгейі сәйкесінше өзгерді. Сондықтан шәкіртақының жоспарлы түрде өсуі шын мәнісінде  символдық мәнге ие.

Біз Үкіметке сайлаушылардың адамдарға зейнетақы мен шәкіртақының дәл осылай өсуі қажет емес деген наразылығын жеткіземіз. Себебі бұдан соң

дүкендердегі баға ерекше қарқынмен өседі. Төлемдердің номиналды өсуі нақты өсімсіз, яғни инфляция деңгейіне индекстеудің кіріктірілген механизмінсіз оң нәтиже бермейді.

Төртіншіден, бағдарламада өнімділігі жоғары секторларға экономиканы қайта бейімдеу тетігі жоқ. Оның орнына жаңа жұмыс орындарын құру және басқа да іс-шаралар блогы бар. Ол іс жүзінде әртүрлі салалық бағдарламаларды қайталайды. Бұл бағыт артта қалған салаларда еңбек өнімділігін арттыру мен пайданы әділ бөлу мәселесін шешпейді.

Нәтижесінде біз 2025 жылға қарай мемлекеттік органдардың  бағдарлама орындалды деген есебін естиіміз. Ал халықтың нақты табысы болар болмас өседі.

Тұтастай алғанда, Үкімет қабылдаған құжат қажет. Алайда ол

халықтың табысына қатысты жағдайды түбегейлі өзгертуге қабілетті болуға тиіс.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы халықтың әл-ауқатын арттыру және кірістерді бөлудегі теңсіздікті төмендету жөніндегі іс-қимыл стратегиясын әзірлеуге кірісу қажет деп санайды.

Ол бірқатар міндетті шарттар сақталған кезде жүзеге асырылуы керек:

Бірінші. Басқа құжаттардың қайталануын болдырмау.

Екінші. Экономика, еңбек қатынастары және басқа салалардағы жетекші ғалымдарды тарта отырып, ғылыми негіздеме жасау.

Үшінші. Жария талқылау және шешім қабылдаудың тар шеңбердегі тәртібіне жол бермеу.

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

Ғ. Құлахметов

А. Милютин

М. Магеррамов

Г. Нұғманова

А. Паяев

А. Сқақова

Е. Смайлов

И. Смирнова

11.05.2022 ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS