fbpx

Еңбек заңнамасын тексеру және жұмысшылардың құқығы мен мүддесін қорғау қажеттігі туралы Сәрсенбі, 11 Мамыр 2022 11:00

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің

орынбасары

Е.Л. Тоғжановқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғау саласында қордаланып қалған бірқатар мәселелер бар. Салдарынан жұмысшылардың жағдайы нашарлайды, жазатайым оқиғалардан туындайтын мәселелерге ерекше назар аудару және оларды шешу қажет болады. Бұл қауіпті және зиянды өндірісте жұмыс істейтін жұмысшылар үшін өзекті мәселе.

Елде жұмыс берушілердің, әсіресе ірі корпорациялардың жұмысшылардың мүддесін ескермеу тәжірибесі қалыптасқаны жасырын емес. Капитал еңбекті жеңді. Корпорациялар мен олигархтардың пайдасы мыңдаған шахтерлер мен металлургтердің, байытушылар мен құрылысшылардың денсаулығы мен өмірінен және мүддесінен маңыздырақ болды.

Үкімет атынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысшылардың құқығын қорғауда белсенді ұстанымға ие болып, жұмыс істейтін қазақстандықтардың мүддесіне сай келмейтін заңнамаға толық талдау жүргізуге тиіс деп санаймыз. Бірлескен жұмыстың нәтижесі заңдардың өзгеруі болуы керек. Қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау олардың басты қағидаты болуға тиіс.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 190-бабының 2-тармағына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде тергеп-тексеру материалдарына сәйкес және комиссия мүшелері көпшілігінің пікірі ескеріле отырып, акт рәсімделеді. Егер еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссия өрескел абайсыздық зиянның туындауына немесе ұлғаюына себеп болғанын анықтаса, онда комиссия тараптардың аралас жауапкершілігін қолданады және жұмыскер мен жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін пайызбен айқындайды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1055 бұйрығымен бекітілген еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы актінің 17-тармағын толтыру бойынша түсіндірмеге сәйкес, егер зардап шеккен адамның абайсыздығы оның денсаулығына келтірілген зиянның пайда болуына немесе ұлғаюына ықпал еткен болса, бұл жағдайда зардап шеккен қызметкер мен жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін комиссия бұл жазатайым оқиға пайызбен есептеледі. Егер қызметкер тарапынан өрескел абайсыздыққа жол берілмесе, бұл жағдайда 17 тармақ толтырылады: 100% – жұмыс берушінің кінәсі, ал қызметкер – 0%.

Осылайша қызметкер мен жұмыс берушінің кінәсінің нақты мөлшерін комиссия мүшелері тергеу материалдарына сүйене отырып анықтайды.

ҚР Еңбек Кодексінің 188-бабы бойынша жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның құрамы айқындалады, онда жұмыс берушінің екі өкілі және жұмыскерлердің бір өкілі қызметкерге кінә тағуға көрінеу мүмкіндік береді. Бұл комиссия кінә дәрежесін пайызбен анықтайды.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы «Қазуглепроф» көміршілер кәсіподағын қолдайды және кінәнің бөлінуін объективті түрде анықтауға соттың ғана құқығы бар деп есептейді. Өйткені аралас жауапкершілікті актіде көрсете отырып қолдану денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу мөлшеріне тікелей әсер етеді. Оның үстіне комиссияның жауапкершілік пропорциясын айқындаудың нақты стандарты мен өлшемшарты заңнамалық тұрғыда бекітілмеген. Егер жұмыс беруші жазатайым жағдайда қызметкердің кінәсі бар деп санаса, ол сот органдарына жүгінуге құқылы. Кәсіподақ жұмыс істейтін кәсіпорындарда негізінен қызметкердің кінәсі 10% - дан аспайды. Өйткені өкілдер кінәні қызметкерге жүктеуге рұқсат бермейді. Бірақ көптеген ұйымдарда кәсіподақ жоқ, ал комиссия құрамына жұмысшылардың өкілін жұмыс беруші тағайындайды. Осылайша жазатайым оқиға туралы актіде айқындалған қызметкердің кінәсінің дәрежесіне (пайызбен) мөлшерлес, қызметкерге өтелуге жататын, жоғалған табыстың (кірістің) мөлшері азайтылуы мүмкін.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы:

  1. Жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқығы мен мүддесіне сәйкестігі мен оларды қорғау тұрғысынан заңнамаға толық талдау жүргізу үшін Үкіметтік комиссия құруды;
  2. Комиссия жұмысына кәсіподақ пен мемлекеттік органдардың өкілдерін, еңбек құқығы және денсаулық сақтау саласының сарапшыларын, депутаттарды қатыстыруды;
  3. Қызметкер мен жұмыс берушінің кінәсін қарау және анықтау тәртібін өзгертуді ұсынады.

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

Е. Смайлов

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

Ғ. Құлахметов

А. Милютин

М. Магеррамов

Г. Нұғманова

А. Паяев

А. Сқақова

И. Смирнова

11.05.2022 жарияланды

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS