fbpx

Автонарықты дамытудың әлеуметке бағдарланған стратегиясының қажеттілігі туралы Сәрсенбі, 25 Мамыр 2022 12:42

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә. А. Смайловқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының жаңа кезеңін іске асыру тетігінің тиісінше ойластырылмауының салдары мемлекеттің оң бастамасы артықшылыққа ие бола алмайтынын көрсетті.

Қарапайым азаматтардың жаңа автокөлікке қолжетімділігін арттыру  үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Ал бағдарламаны жүзеге асыру аясында орын алған олқылық әлеуметтік шиеленіс деңгейін көтеріп, әдеттегідей мемлекетті ақталушының және қатесін түзетушінің орнына қойды. Мәселенің мән-жайын түсіндіруге орасан зор күш жұмсалды.

Дегенмен атқарушы билікке нақты талап қойылмады. Негізі салық төлеушілердің қаражатын бөлуді сауатты ұйымдастыру және оны пайдалануды бақылау ғана қажет еді.

Бұл жерде мәселе жеңілдетілген автонесиеден емес, одан тереңірек жағдайдан туындап жатыр.

Біріншіден, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды іске асыру тәсіліне назар аударайық. Шын мәнінде, мемлекеттің адамдарға көмектесуге және бизнесті қолдауға бағытталған ауқымды шешімдерінің ешқайсы жанжалсыз жүзеге асырылған емес. Мұның себебі қазіргі стандарттар мен тәжірибелерге сай келетін нақты дайындық алгоритмі жоқ. Пилоттық жобалар жүзеге асырылмайды, ықтимал салдарларды модельдеу жүргізілмейді, қызметкерлер дайындалмайды.

Концерт немесе басқа да іс-шара ұйымдастыру кезінде, тіпті аудандық деңгейде бірнеше дайындық өткізіледі. Көлемі шамамен 100 миллиард теңгені құрайтын жеңілдетілген автонесиелеудің жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың ең болмағанда қарапайым сценарийі неге жасалмады? Бұл принцип нақты жауаптыларды қажет ететін қарапайым жобалық басқару емес пе?

Екінші мәселе – жасанды түрде қалыптастырылған автокөлік  нарығының күрделі дағдарысы. Қазақстанда автокөліктің қолжетімділік индексі жасалмайды. Бірақ болжамды бағалау бойынша, жаңа автокөліктердің қолжетімділігі көрсеткішінде еліміз төменгі орындардың бірінде тұр.

Алайда автокөліктің әлеуметтік маңызы артып келеді. Бір жағынан бұл – ондаған, жүздеген мың азамат үшін ақша табудың құралы. Жеке тұлғаның жолаушы тасымалдауы экономика үшін өнімді қызмет түрі болмауы мүмкін, бірақ адамдар осы арқылы табыс табады.

Екінші жағынан, өңірлерде және ауылдық жерлерде қоғамдық көліктің өте нашар дамуы, сондай-ақ жолаушы тасымалының тығырыққа тірелуі автокөлікті баламасыз қозғалыс түріне айналдырады.

Автокөлікке деген жоғары сұраныс дәстүрлі нарықтық жүйе әлдеқашан жұмыс істеу мүмкіндігін тоқтатқанын көрсетті. Автокөлік айналымының барлық кезеңінде жеткізу, өндіру, сату, кәдеге жарату жүйесіне қосылғысы келетіндердің саны артып келеді. Олардың барлығы түрлі операторлармен, делдалдармен, агенттермен әрекеттеседі. Бұл жерде әркім өз маржасын алуды көздейді. Салдарынан сатып алушының қалтасы қағылады.

Өткен жылдарда біз тиімді өндіріс, өркениетті сату мен қызмет көрсету нарығын, нақты кәдеге жарату алымын реттей алмадық. Барлық жерде жасандылық пен мемлекеттік бюджеттен қаржы құю шарасы атқарылды.

Қазақстан Халық партиясының фракциясы өткеннен сабақ алып, мемлекеттік бюджет пен қарапайым қазақстандықтардың әмиянына салмақ салатын бастамаларды тоқтату қажет деп санайды.

Мынадай шараларды қабылдау қажет деп есептейміз.

Бірінші. Пилоттық жобаларды енгізу жолымен модельдеуді алдын ала жүргізбей, ірі бастамаларды іске асыруға мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға  тыйым салынсын. Бұл үшін озық тәжірибені пайдалана отырып, осындай модельдеу алгоритмін әзірлеу және бекіту керек.

Екінші. Автокөлік нарығын одан әрі дамытудың экономикалық негізделген түрлі нұсқасын дамыту қажет. Түпкілікті нәтиже халық үшін автокөліктің нақты қолжетімділігін, ал экономика үшін оң әсерін арттыруға тиіс.

Депутаттық сауалды қарауды және қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен жазбаша нысанда жауап беруді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

А. Қоңыров

М. Магеррамов

Ж. Ахметбеков

Ғ. Құлахметов

А. Милютин

Г. Нұғманова

А. Паяев

А. Сқақова

Е. Смайлов

И. Смирнова

25.05.2022 ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS