fbpx

А.Ұ.Маминге депутаттық сауал Сәрсенбі, 10 Ақпан 2021 13:36

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

А.Ұ. Маминге

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс» деп нақтылап айтты.

Өзіңіз білетіндей, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі бастамашы болған Жер кодексіне  Қазақстан азаматтарына ауылшаруашылық жерлерін сату, сондай-ақ Қытайдан келген қандастарымызға жерді жалдау мерзімін 25 жылға дейін ұзарту бойынша өзгертулер енгізілген болатын. Бұл түзетулер тұрғындарға түсіндіріліп, жаңа заң 2016 жылдың  1 шілдесінен бастап күшіне енуі керек еді.

Алайда, уәкілетті органдардың заң нормаларын халыққа дұрыс түсіндірмеу себебінен, қоғамда пікірталас туып, қазақстандықтар ауылшаруашылық  жерлерді сатып алуға мәжбүр, ал шетелдіктер жерді иемденіп алуы мүмкін деген оймен  наразылық акциялары өтті.

Нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін қазақстандықтарға жеке меншікке беруге және оларды  шетелдіктерге жалдауға беру нормаларын қолдануға мораторий жарияланған болатын.

Осы мораторий қоғамдағы шиеленісті тоқтатуға мүмкіндік берсе, Үкіметке қоғаммен бірлесе отырып, Жер кодексінің нормаларын егжей-тегжейлі әзірлеп, дайындауға уақыт берді.

Мораторийдің аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалғанын, Үкімет тарапынан Жер кодексінің проблемалық мәселелерін шешу мақсатында  тиімді жұмыстар атқарылмай жатқанынын айтуға мәжбүрмін.

Осы айтылғандардың негізінде, Сізден Ауыл шаруашылығы министрлігіне  аталған бағытқа  қоғамды міндетті түрде тарта отырып және ұсынылатын түзетулерді жариялы түрде талқылап,  жұмысты жеделдетуді тапсыруыңызды сұраймын.

Сонымен қатар, Президент тапсырмасын орындау үшін аталған  өзекті  мәселені   оңтайлы шешу мақсатында  үстіміздегі жылдың  1 шілдеге дейін тез арада Жер туралы Заңды  қабылдауымыз керек.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен депутаттық сауалды қарауды және қабылданған шаралар туралы жазбаша нысанда жауап беруді сұраймыз.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары

А.М. Паяев

С.Н. Решетников  

А.А. Сқақова

И.В. Смирнова

Е.В. Смайлов

Ж.А. Ахметбеков

Ф.К. Қаменов

А.О. Қоңыров

Ғ.З.  Құлахметов

А.А. Милютин

10.02.2021 ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS