fbpx

А.Ұ. Маминге депутаттық сауал Сәрсенбі, 17 Ақпан 2021 11:34

Қазақстан Республикасының  

Премьер-министрі

А.Ұ. Маминге

Депутаттық сауал

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Қазіргі уақытта мемлекеттік жоспарлау жүйесі түбегейлі өзгеруде. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламалардың орнына ұлттық жобалар қабылданатын болады.

«Халық партиясы» бұл бастамаларды қолдайды. Өйткені біз мемлекеттік бағдарламаларға деген дұрыс емес көзқарасты және ондағы жүйелік қателерді бірнеше рет атап өттік. Осыған байланысты бағдарламалар қаржы игеру құралы ретінде қарастырылды. Бірақ нақты оң өзгерістер әкелмеді және тиісті баға да ала алмады.

Десе де, бүкіл реформа мемлекеттік бағдарламалардың атауын ұлттық жобаларға ауыстыруға алып келмеуі маңызды деп санаймыз. Осыған байланысты ресурстарды қоғам өмірі үшін шын мәнінде маңызды бағыттарға шоғырландыру қажет.

Қазір ең маңыздысы – азаматтардың әл-ауқатында жүйелі шаралар мен мақсаттардың болмауы.

Өткен жыл ресми деңгейде көрініс таппаған осы мәселенің өзектілігін көрсетті. Статистикалық мәліметтер бойынша, 2020 жылдың үш тоқсанында қазақстандықтардың нақты табысы 2,5%-ға өсті. ІЖӨ-нің төмендеуіне және 4,6 миллион адамның, яғни барлық жұмыспен қамтылған халықтың жартысынан көбінің табыссыз қалып, мемлекетке көмегіне жүгінгеніне қарамастан осындай жағдай қалыптасты. Олардың табысы қандай да бір кезеңде ең төменгі жалақы деңгейінен – 42 500 теңгеден аспады.

Сонымен қатар ресми мәліметтер бойынша жұмыссыздық деңгейі де өскен жоқ.

Кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бізде ешбір жағдайда нашарламайтын «тефлондық» көрсеткіштер қатарына жатады.

Бірақ біз бұл мәселелерді шешуге кірісетін кез келді деп санаймыз.

Мүліктік және әлеуметтік қатпар артып келеді. Ауылдағы кедейлік деңгейі қалаға қарағанда 3 есе жоғары. Сондай-ақ бұл көрсеткіш көпбалалы отбасылар арасында айтарлықтай үлкен мәнге ие.

Қоғамдағы алшақтық тек табыс тұрғысынан ғана емес, білім беру, медицина, басқа да әлеуметтік қызметтер, инфрақұрылым, экология бойынша да өсуде. Пандемия мұның бәрін ушықтыра түсті.

Сондай-ақ еңбекке ақы төлеу мен оның құндылығы арасындағы құрылымдық теңгерімсіздік күшеюде. Басқаша айтқанда, Қазақстанда жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін жете бағаламау «жұмыс істеп тұрған кедейлік» құбылысын туғызды. Ол ішкі нарықтың дамуын тежейді. Біз шикізат салаларында және ірі корпорацияларда еңбек жанжалдарының жиі туындайтынын көріп отырмыз.

Осыған байланысты «Әлеуметтік бірлік және азаматтардың әл-ауқаты ұлттық жобасын әзірлеуді басым бағыт ретінде қамтамасыз ету қажет деп санаймыз. Ол кедейлікті нақты бағалау және оны азайту, әлеуметтік теңсіздік критерийлерін әзірлеу жөніндегі шараларды және олардың әрқайсысы бойынша шаралар кешенін көздеуге тиіс. Сондай-ақ жұмыспен қамту тәсілін өзгерту, жұмысқа орналасқандардың ресми санын іздеуден білікті және жақсы төленетін тұрақты жұмыс орындарын құруға көшу қажет.

Сондай-ақ қазақстандықтар үшін әл-ауқат деңгейінің нақты нысаналы бағдарларын – табыс деңгейін, жеке тұрғын үй құрылысы үшін учаскелерге қолжетімділікті, тұрғын үймен қамтамасыз етілуді, зейнетақы мөлшерін, білім беру мен медицинаға қолжетімділікті және т.б. айқындау талап етіледі. Бұл бағдарлар басқа ұлттық жобалар мен жоспарлар үшін бастапқы нүкте болуы керек.

Қазақстан Халық партиясы «Әлеуметтік бірлік және азаматтардың әл-ауқаты» жобасын әзірлеуге қатысуға дайын. Оған қалың жұртшылық та тартылуы тиіс.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

А.О. Қоңыров

З.Ғ. Құлахметов

А.А. Милютин

А.М. Паяев

А.А. Сқақова

Е.В. Смайлов

И.В. Смирнова

С.Н. Решетников 

Ж.А. Ахметбеков

Ф. К. Каменов

17.02.2021ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS