fbpx

А.Ұ. Маминге депутаттық сауал Сәрсенбі, 17 Ақпан 2021 11:45

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

А.Ұ. Маминге

Депутаттық сауал

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Ұлтымыздың ұясы, ұрпағынан үмітті елді бүгін ұры басынған. Ұйымдасқан қылмыстық топ үйдің есігін тіреумен бекітіп, қораның қабырғасын бұзып, талқандайтын ашық қарақшылыққа көшкен.

Ерсі қылығын ерлік көретін тобырдың есіретін жөні бар. Кездейсоқ куәнің көкірегіне қару кезеп, көмейіне құм құяды.

Ұрлықтың ізі, ұрының сыбысы екі-үш жылдан кейін бірақ білінеді. Онда да, «алған мынау, малдың барған жері әнеу бір ауыл» деп айтылмай, құпиялап, күмілжіп, тұспалмен меңзеледі. «Елде нем бар, өзімдікі әл-әзір аман» деген ішкі қауіп әркімнің ұятын кісендеп қойған заман боп тұр.

Көзсіз қорқыныш – көптің қасіреті. Телі-тентекті береке-бірлігімен ықтырмай, ұры-қарыдан өзі қорықса, елдің кім болғаны? «Құдай көпке берсін» дейтін ежелгі ықылас-тілеуінен айырылып қалған ауыл қазағы алауыздықтан сорлап отыр. Тұрмыс талқысынан қалай жол тауып шығамын деп, жеке бастың жанкешті қам-қарекетіне түскен жұрт-жасқаншақ.     

Сондықтан, бүгін Шығыстағы ағайынның уәжін жеткізгелі отырмыз. Күршім, Ұлан, Қатонқарағай аудандарында былтырдан бері мал үйірімен, сиыр табынымен, қой қорасымен жоғалып жатыр. Ұрыларды ұстауда полицияда пәрмен болғанмен дәрмен жоқ. Тек осы жазда Ұлан ауданы Ақтас қыстағындағы Ержан Сәбитов деген азаматтың отбасылық шаруашылығынан қоралы қойдың жартысы және 26 бас жылқысы қолды болды. Күзгесалым 11 сиыры да бір түнде ұрланған. Ұрының ізін кесіп жүргенде, қысқа маялаған 400 рулон шөбін белгісіз біреулер өртеп кеткен. Мал иелері күдіктілерді   полицияға көрсетсек те тірліктерінен қайыр жоқ дейді. Облыстық полиция департаменті болса, аймақтағы мал ұрлығы 2019 жылға қарағанда 12 пайызға азайды, 114 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғадық, 400 бас ірілі-ұсақты малды иелеріне қайтардық деп отыр. Ауыл жұрты болса, полиция жұмысына қанағаттанбайды.   

ҚР ІІМ-нің дерегіне сүйенсек, соңғы 5 жылда мал ұрлаған 11 мың қылмыскер ұсталған. Оның 1,5 мыңы ұйымдасқан топтың құрамында болған. Өзге де ашық ақпарат көздеріне мұқият мән берсеңіз, былтырғы жылдың 12 айдағы көрсеткішінде, мал ұрлау ісі бойынша, 2849 заң бұзу дерегі тіркелген. Сорақысы, мұндай қылмысқа 592 әйелдің қатысы бар боп шыққан.

Айтып отырғанымыз зор проблеманың бір өңірдегі тек шағын ғана бір көрінісі. Мал көбейтіп, кәсіп бастағанша, екі сиырдың амандығын тілеп, соңында жүргеніміз артық дейтіндер де баршылық. Мұндай көңілмен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деген ниетіміз, тек ниет күйінде қалып кету қаупі де зор.

Ұрланған малдың барар жері жәрмеңке, базар. Бұл ретте тағы да бір өзекті мәселенің ұшы шығып тұр. Шығыстағы Қатонқарағай ауданында екі ветеринарлық зертхананың жабылғанына 2 жылдан асты. Сол мезгілден бері аудан халқы мал мен маралды, омарташылардың өнімін еш зертханалық сараптамасыз Қатонқарағай ауылы мен аудан орталығындағы Үлкеннарындағы мектеп, балабақша, асхана, дәмхана, тойханаға тура өткізе береді. Оны шаруалардың өздері де ашық айтып отыр.  Сараптама жасап, өнімнің таза екенін растайтын анықтама алу үшін 200 шақырым жердегі көрші Алтай ауданына ешкімнің барғысы жоқ. 2013-2014 жылдары еліміз бойынша 126 ветеринарлық зертхананың құрылысы басталса, 12 нысан бітпеген күйі қалды.

Қатон мен Үлкеннарындағы жаңа ветеринарлық зертхана құрылысы 2013 жылы басталған. Ол үшін республика қазынасынан 125 миллион теңге де бөлінген. Алайда, ол қаржы жемқорлардың жемсауына түсіп, басталған іс 8 жыл аяқсыз тұр. Ветеринарлық зертхананың жоқтығынан аудандағы мал дәрігерлері де қиналып жүр. Көктем мен күзде алынған малдың қан сынамаларын Алтай қаласына тасымасқа амалдары жоқ.

 Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Ұлт бірлігінен ұрылардың ұйымшылдығы күшті. Олар үшін обал-сауап – әлсіздіктің нышаны. «Үміті бар жас қой. Түзелер» деген кешірімді «бізден қорықты» деп пайымдайды. Ашынған елде қыжыл бар. Ел ішінде ұрының бетін қайтарып, ұрлықты тия алатын еркөңілді жігіттер де бар. Бірақ, ұрыны ұйымдасып қууға қолы – қысқа, аяғы – тұсаулы. Сондықтан:

  1. Мал ұрлығы болған өңірдің ауыл, аудан полиция басшыларының қызметтік жауапкершілігін арттыруды ойластыру керек.
  2. Сол негізде ауыл, аудан әкімдерінің де қызметтік жауапкершілігін арттырып, қызметтерін бағалаудың жаңа индикатор-көрсеткіштерді енгізу қажет.
  3. Ветеринарлық зертханалардың жұмысын жандандыру ісін жеделдету маңызды;
  4. Төрт-түлікті сату-сатып алу дерегі жүргізілетін электрондық-ақпараттық база әзірлеу керек;
  5. Асыл тұқымды малды ұрлау жазасын қаталдатып, жазаның қосымша түрлерін қабылдау керек;

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

З.Ғ. Құлахметов

Ж.А. Ахметбеков

А.О. Қоңыров

А.А. Милютин

Ф. К. Каменов

А.М. Паяев

С.Н. Решетников 

А.А. Сқақова

Е.В. Смайлов

И.В. Смирнова

17.02.2021ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS