fbpx

А.Ұ. Маминге депутаттық сауал Сәрсенбі, 17 Ақпан 2021 11:10

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

А.Ұ. Маминге

Депутаттық сауал

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Осы жылдың қаңтар айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында әлі шешілмеген бірқатар мәселе бар екенін атап өтті.

900 мыңға жуық бала 11 мың мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленуде. Алайда қазіргі уақытта бұл мекемелердің 36%-ы кәріз жүйесінсіз, 29%-ы ыстық сусыз, 11%-ы жылы дәретханасыз отыр. «Шын мәнінде, балаларымыздың едәуір бөлігі ғұмырының алғашқы 6 жылында-ақ өмірдің қиындықтарымен бетпе-бет келеді», – деді Президент. Сондай-ақ 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 48%-дан төмен екені атап өтілді.

3-6 жастағы балалардың әртүрлі аймақтарда балабақшалармен қамтылуы 90-100%-ды құрайды. Бұл «Балапан» бағдарламасының, сондай-ақ жан басына шаққандағы қаржыландырудың және білім берудің жеке секторына мектепке дейінгі қызметтерді ұйымдастырғаны үшін жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойнына алуға шақырудың арқасында мүмкін болды.

Әрине, Президенттің алаңдатарлық сөздерінен кейін балабақшаларда қажетті инфрақұрылымның болуына мониторинг жүргізу керек. Санитарлық талаптарға сай болуы үшін, балабақшалардағы балалар үшін қолайлы жағдай жасау қажет.

Сонымен қатар Халық партиясының депутаттары еліміздің Премьер-Министрінің атына бірқатар өңірлерде жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша балабақшалардың толық қаржыландырылмауы туралы сауал жолдады.

Атап айтқанда, бұл мәселе Алматы және Түркістан облыстарына қатысты.

Мәселен, Алматы облысында 2018 жылдан бері ашылған балабақшалар қаржыландырылмайды. Олардың кейбіреулеріне қаражат бөлінсе де, басымдық принципі белгілі емес. Бұл балалардың мүдделері мен құқықтарын емес, процестің субъективтілігін көрсетеді. Мүгедектігі бар балаларға арналған топтарды қаржыландыру туралы мәселе өткір тұр. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі қаржыландыру өңірдің әрбір баласын ескере отырып, толық көлемде жүзеге асырылатынын хабарлады. Содан кейін бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы мәселе туындайды. Сондай-ақ балалық шақ қалдық қаржы принципімен қаржыландырылады деген болжам бар.

Түркістан облысында одан да күрделі жағдай қалыптасты. Ол ОҚО-ның екі өңірге бөлінуінен кейін басталды. Сол кезде Түркістан облысында Шымкентке қарағанда балалар көп екені бірден ескерілмеді. Ал бұл салаға қаражат тең бөлінді. 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша бүгінде өңірде мектеп жасына дейінгі 155 мың бала бар. Бұл жалпы елдегі мектеп жасына дейінгі балалардың 20 пайызына тең. Осылайша, қалыптасқан тапшылық бүгінгі күнде 23 млрд теңгеден астам сомаға дейін өсті. Осыған байланысты аталған өңірдегі бір баланы қаржылай қолдау еліміз бойынша ең төменгі деңгейде – айына 16-19 мың теңге, басқа өңірлерде 25-31 мың теңге. Оның үстіне жаз айларында төлемдер жасалмаған жылдар да болды. Айта кету керек, Түркістан облысында көпбалалы отбасылар жетерлік. Сондықтан ата-аналардың тамақтануға төлейтін қаржысы 8000 теңгеден аспайды. Мұндай қаржыландырумен қолайлы жағдай жасау, сапалы және дұрыс тамақтану мүмкін емес екені түсінікті.

Мұндай жағдай тиімсіз және шұғыл шешімді талап етеді. Бұл жағдай туралы Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Білім және ғылым министрлігіне бірнеше рет хабарлап, облыс әкімдігі мәселені түрлі деңгейлерде қарастыруды сұрады. Біз, депутаттар да бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Алайда мәселе әлі шешілген жоқ!

Халық партиясының депутаттық фракциясы жан басына қаржыландыру әдістемесіне сәйкес, мектепке дейінгі жастағы балаларды жеткілікті қаржыландыру мәселесін Түркістан облысынан бастап шешуді талап етеді! Ондағы балалар осы күнді тағатсыздана күтіп жүр.

Жауапты заңнамамен белгіленген мерзімде жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И.В. Смирнова

Ж.А. Ахметбеков

А.О. Қоңыров

З.Ғ. Құлахметов

А.А. Милютин

Ф. К. Каменов

А.М. Паяев

С.Н. Решетников 

А.А. Сқақова

Е.В. Смайлов

17.02.2021ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS