fbpx

А.Ұ. Маминге депутаттық сауал Сәрсенбі, 24 Ақпан 2021 12:28

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

А.Ұ. Маминге

Депутаттық сауал

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Көктемгі-жазғы жылы кезеңнің басталуына байланысты Қазақстан өңірлерінде төтенше су тасқыны құбылыстарының қаупі артады. Су тасқыны – үлкен экономикалық шығындар мен адам шығынына алып келетін аса қауіпті табиғи және техногендік құбылыстардың бірі.

Соңғы онжылдықта Қазақстан өзендерінде су тасқыны жиілеп кетті. Олар:

- өзен ағынының дұрыс реттелмеуіне;

- су тасқыны қаупі бар аумақтарды игеруге;

- су пайдаланушылар мүддесіндегі қайшылықтарға, соның ішінде мемлекетаралық деңгейдегі қайшылықтарға;

- гидротехникалық құрылымдардың жағдайына байланысты.

Сырдария, Шу, Талас, Аса, Жайық, Жем, Сағыз, Торғай, Сарысу, Тобыл, Нұра, Есіл, Ертіс өзендеріндегі және олардың арналарындағы су тасқыны аса үлкен залал келтіреді.

Қауіпті төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте, 2020 жылғы мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылу салдарының тәжірибесін ескеру қажет. Ол кезде Қазақстан аумағында ондаған елді мекен су астында қалған және халық пен өңірге келтірілген залал миллиард теңгеге жуықтаған еді.

Уәкілетті органның ақпараты бойынша топырақтың ылғалдану көрсеткіштері Ақмола облысының Астана су қоймасына келіп түсетін Есіл өзені бассейнінде орташа көпжылдық мәндерден 26%-ға; Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасына келіп түсетін Есіл өзені бассейнінде 36%-ға; Қостанай облысының Қаратомар су қоймасына және Тоғызақ өзеніне келіп түсетін өзендер бассейндерінде 16-50%-ға; Қарағанды облысының Самарқанд су қоймасына келіп түсетін Нұра өзені бассейнінде 9%-ға артық.

Жоғары температуралық фон мен Қазақстанның оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен шығысының таулы өзендерінде қатты жаңбыр жауған жағдайда, жауын-шашын тасқынының орын алу қаупі жоғары. Тек Шығыс Қазақстан облысында 7 191 тұрғын үй орналасқан 94 ықтимал су тасқыны қаупі бар елді мекен анықталды. Атап айтқанда: Өскемен қаласында, Алтай ауданында, Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое және Бородулиха аудандарында.

Метеостанциялардағы көпжылдық бақылаулардың деректері бойынша, ақпан, наурыз, сәуір айларында тәулік ішінде жауын-шашынның айлық нормасы түсуі мүмкін. Бұл қауіпті стихиялық гидрометеорологиялық құбылыстардың туындауына әкеп соғуы ықтимал.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 2020 жылғы 13 қарашада Сенаттағы Үкімет сағатында сыйымдылығы 5,2 млрд текше метр болатын Шардара су қоймасындағы ықтимал төтенше жағдай туралы ескертті. 1969 жылы секундына 4 210 текше метр су беру кезінде төтенше жағдай орын алды.

2017 жылы жауын-шашынның көп болуы Шардара және Көксарай су қоймаларының толып кетуіне әкеліп соқты, Арнасайға су қабылдау мүмкіндігі де болған жоқ. Қызылордаға нақты қауіп төнді, төрт ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Осындай жағдай қайталанса Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Ардар, Отырар аудандары мен Арыс қаласының елді мекендерін су басу қаупі туындайды. Осылайша, Түркістан облысының 60 мыңнан астам тұрғыны және Қызылорда облысының 200 мыңнан астам тұрғыны апаттан зардап шегеді.

Шардара су қоймасынан басқа ескірген бөгеттер мен дамбалар қауіп төндіреді. Қазақстанда шағын және үлкен өзендерде, уақытша су ағындарында, су қоймаларында, жасанды су айдындарында осындай 1 732 гидротехникалық құрылыс (ГТҚ) бар. Олардың барлығы әртүрлі ведомстволық және меншік нысанына ие. Көбісі Қызылағаш бөгеті сияқты (2010 жылғы апат). Әсіресе, көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайдың ықтимал көздері болып табылады.

2017 жылы еліміздің төрт өңірінде – Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында 4,7 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Су басу аймағында 1 156 үй, соның ішінде саяжай учаскелері де қалды. Гидротехникалық құрылыстар олардың апаттық жай-күйіне байланысты ерекше қауіп төндіреді. Су шаруашылығы құрылыстарының басым көпшілігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған және қазіргі уақытта физикалық және моральдық жағынан 40%-ға дейін тозған.

Қолданыстағы 653 гидротехникалық құрылыстың 268-і шұғыл жөндеуді қажет етеді. Су шаруашылығы объектілерінің іс жүзіндегі тозуы қазірдің өзінде 60%-дан асады. Техникалық жай-күйі бойынша мұндай ГТҚ-ны авариялық қауіптілігі жоғары объектілерге жатқызуға болады. 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 41 авариялық су қоймасын қалпына келтіруді жоспарлады. Бірақ іс жүзінде тек 20 объектіні мерзімінде жөндеуге үлгереді. Қалған 21-і 2025 жылға дейін тапсырылады.

Қалыптасқан жағдайға байланысты келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймыз:

  1. Ағымдағы жылдың көктем-жаз айларында су тасқыны жағдайы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінде, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде, Ауыл шаруашылығы министрлігінде, облыс және қала әкімдіктерінде қандай болжамдар бар?
  2. Ел өңірлерінде су тасқыны залалының әсерін барынша азайту бойынша профилактикалық, алдын алу, дайындық сипатындағы қандай шаралар қабылдануда? Бұл үшін қандай материалдық-техникалық құралдар қарастырылған? Бұл мақсаттарға қаржы қайдан бөлінеді?
  3. Осы және келесі жылдардағы су тасқыны кезеңіне республиканың гидротехникалық құрылыстарының жай-күйі мен дайындығына мониторинг бойынша жұмыс жүргізілді ме? Өңірлер бойынша олардың санын, өткізілген іс-шараларды, олардың жай-күйі мен қызмет көрсетуін көрсете отырып нақтылауды сұраймыз. Сондай-ақ ГТҚ пайдаланудың қауіпсіз режимін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарлармен де бөліссеңіздер екен.
  4. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жоспарлау кезінде карантиндік шектеу факторы қалай ескеріледі?

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

А.А. Сқақова

А.О. Қоңыров

Ж.А. Ахметбеков

Ф.К. Қаменов

Ғ.З.  Құлахметов

А.А. Милютин

А.М. Паяев

С.Н. Решетников

Е.В. Смайлов

И.В. Смирнова

24.02.2021ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS