fbpx

А.Ұ. Маминге депутаттық сауал Сәрсенбі, 24 Ақпан 2021 12:06

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

А.Ұ. Маминге

Депутаттық сауал

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Бағаның бақылаусыз өсуі қазақстандықтардың әл-ауқатының нашарлауының маңызды факторына айналуда. Бұл пандемия салдарынан табысты жоғалтудан да маңызды болып отыр. 

Биылғы қаңтарда азық-түлік бағасы өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда 11,4%-ға жоғары болды. Сонымен қатар тұтынушылардың көпшілігі үшін жеке маңызды тауарлардың өсім әлдеқайда ерекше сезілді. Мәселен, жармалар – 27,6%-ға, ұн – 19,5%-ға, макарон өнімдері – 13,7%-ға, қой еті – 15,9%-ға, жұмыртқа – 26,2%-ға, күнбағыс майы – 38,6%-ға, картоп – 22,3%-ға, қант – 36%-ға өсім көрсетті.

2020 жылдың соңғы деректері бойынша қазақстандық отбасылардың бюджетіндегі азық-түлік шығыстарының үлесі 54,3 пайызға жетті. Бұл біздің еліміз үшін тарихи антирекорд және әлемдегі ең нашар көрсеткіштердің бірі. Бұл фактіні азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы дабыл ретінде қарастыруға болады. Бірақ солай бола тұра, ешкім бұған жауапкершілік арқаламайды және жүйелік шешімдерді ұсынбайды.

Азық-түлік нарығының тұрақты жұмыс істеуін және азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуін қадағалайтын бірнеше ведомство бар. Олар – Сауда министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Бәсекелестікті қорғау агенттігі және жергілікті билік органдары.

Бірақ олардың келісілген жалпы қызметінен нәтиже жоқ. Қазақстан –  азық-түлік қауіпсіздігі саласында бағдарламалық құжаттары жоқ өңірдегі аздаған елдердің бірі. Оның ішінде үй шаруашылықтарының шығындарындағы азық-түлік шығыстары үлесінің рұқсат етілген шамасы бойынша негізгі индикаторлар қойылмаған.

Қолда бар индикаторлар ішкі нарықты отандық өндірістің базалық азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етумен ғана байланысты. Аталған тәсіл әлдеқашан ескірген және азық-түліктің экономикалық қолжетімділігі проблемасына әсер етпейді. Бұл өте маңызды дүние.

Мемлекеттік механизмдер тауық жұмыртқасы мен күнбағыс майы бағасының өсуіне байланысты жекелеген салалық сәтсіздіктерді жеңе алмай отыр. Оларда азық-түлік инфляциясын жұмсартатын жүйелі шаралар да жоқ.

Біздің партия бірнеше рет түрлі шараларды ұсынды. Соның ішінде азаматтардың ең аз қамтамасыз етілген санаттарына азық-түлік көмегін көрсету, бағаның ашықтығын арттыру, қосалқы шаруашылықтарды дамыту, азық-түлік нарығындағы баға жағдайына нақты жауаптыларды анықтау секілді ұсыныстар айтылды. Бастамалардың барлығы Үкімет тарапынан қолдау таппады. Бірақ оның орнына нақты, тиімді шаралар да қабылданбай отыр.

Тауар өткізу жүйелерін құруға ерекше басымдық жасалды. Алайда бұл тек ішінара шара. Оның нәтижелері мүлдем айқын емес.

Сондықтан Халық партиясы мына дүниелерді қаперге алу керек деп санайды:

Біріншіден, азық-түліктің экономикалық қолжетімділігіне басымдық бере отырып, азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясын әзірлеу.

Екіншіден, нақты жауапты мемлекеттік органды анықтау немесе азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі комиссия құру.

Үшіншіден, азық-түлік нарығын тұрақтандыру тетігі ретінде тұрақтандыру қорларының қызметіне объективті баға беру.

Сондай-ақ ұлттық тауар өткізу жүйесі шеңберінде көтерме-тарату орталықтарын және басқа да нысандарды құруға бюджеттен бөлінген және жоспарланған қаражат туралы мәліметтерді ұсынуды сұраймыз.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының мүшелері:

А.О. Қоңыров                                                   

А.А. Милютин

Ж.А. Ахметбеков                       

Ф.К. Қаменов

Ғ.З.  Құлахметов  

А.М. Паяев

С.Н. Решетников  

А. Сқақова                                   

Е.В. Смайлов

И.В. Смирнова

24.02.2021ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS