Қазақстан Коммунистік Халық партиясының қоғамдық қабылдауына Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қаласының тұрғындары газ бағасының қымбаттығына шағымданып келіп жатыр.
Энергетика министрінің «Ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, республика бойынша тауарлық газдың бағасы әр өңірге байланысты 7 269-34 600 теңге аралығында жеке-жеке айқындалды. Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қарағанды облыстарына ең жоғары тариф бекітілді.
Бағаның қымбат болуына Орталық және Солтүстік Қазақстанның газдандырылған облыстарында қыстың суық болуы себеп болды.
Сізден Үкіметке халықтың әлеуметтік осал тобының газ тарату желілеріне қосылу шығындарын және газ құбырына қосылатын 171 елдімекеннің барлық тұрғындары үшін жылу беру кезеңінде тауарлық газдың құнын субсидиялау бағдарламасын әзірлеуді тапсыруыңызды сұраймыз.
«Халық коммунистері» фракциясының депутаттары мемлекет осындай шарамен азаматтардың басым бөлігін жылыту маусымында қатты отын қолданудан құтқарады, газдандыру үдерісін едәуір жеделдетеді, сонымен қатар елордада және «Сарыарқа» газ құбырына қосылған басқа да елдімекендерде экологиялық жағдайды жақсартады деп санайды.
«Халық коммунистері»
фракциясының мүшелері:
Ж.Ахметбеков
Г.Баймаханова
В.Косарев
А.Қоңыров
М. Магеррамов
И.Смирнова
Т.Сыздықов
2020 жылғы 4 қарашада жарияланды