А.Ұ.Маминге депутаттық сауал Сәрсенбі, 04 Қараша 2020 15:33

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі А.Ұ.Маминге

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторы, елдің орнықты дамуы мен экономикалық өсуін қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады.

«Халық коммунистері» фракциясы 2020 жылдың қазан айында азық-түлік бағасы 10,7% -ға өскеніне назар аударады. Жұмыртқа бағасы 18,8% -ға қымбаттап, рекордтық өсім көрсетті. Қазақстандық құс етінің бағасы да шарықтап кетті.

Біз Үкіметтің Covid-19 пандемиясына байланысты шектеу шаралары мен құс тұмауына байланысты эпизоотиялық жағдайдың ушығуы азық-түлік бағасының шарықтауына ықпал еткенін түсінеміз және әлеуметтік маңызы зор өнімдердің бағасын қымбаттатпау үшін құс шаруашылығындағы бірқатар жүйелі проблемаларды шешу қажеттігіне назар аударамыз.

  1. Асылдандыру және селекциялық жұмыс жүйесі толығымен жойылды. Қазақстанға құс шаруашылығы өнімінің өнеркәсіптік өндірісіне қажетті асыл тұқымды материал сырттан жеткізіледі. Ал тауарлық мал басын жинақтау шетелдік кростардағы құстар арқылы жүзеге асырылады. Бастапқы материал шетелден сатып алынады, белгілі бір жағдайға жеткізіледі және нарыққа шығарылады. Ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуы «бұрай салу» әдісінің баламасына айналды. Отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің шетелдік серіктестерге тәуелділігі артты. Шын мәнінде, біз жеткізуші елдердің селекциялық – асылдандыру жұмыстарын дамытуды қаржыландырамыз.
  1. Пандемия секілді жаһандық төтенше жағдай кезінде шекаралардың жабылуына байланысты тауарлар мен қызметтерді еркін жылжыту қағидатының бұзылуы азық-түлік жеткізу жүйесіне нұқсан келтірді.
  1. Асыл тұқымды материалдың жоғары бағасы (асыл тұқымды құсты әкелуге жыл сайын 10-12 млн, АҚШ доллары жұмсалады) алаңдаушылық туғызып отыр. Сонымен қатар сала негізгі тауарды сатып алу кезінде міндетті болып табылатын қымбат азық қоспалары мен вакциналардың шығынын көтереді. Мұның барлығы жұмыртқа мен құс етінің бағасына кері әсер етеді, инфляциялық үдерісті жеделдетеді.
  1. Зерттелмеген асыл тұқымды материалды жүйесіз әкелу және бүкіл әлемде ветеринариялық-эпизоотиялық жағдайдың жыл сайын нашарлауы қауіпті инфекциялық аурулардың таралу ықтималдығын жоғарылатады. Бұған елімізде «құс тұмауының» жаппай таралуы дәлел.

Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған асыл тұқымды мал базасын қалыптастыру жобасын субсидиялау жоспарланған нәтижеге жеткізбеді. 3 жылдан астам уақыт өтті, бірақ отандық бизнес те, шетелдік инвесторлар да бұл мәселеге қызығушылық танытпады.

«Халық коммунистері» фракциясы құс шаруашылығын дамыту үшін тұқымды асылдандыру жұмысының маңыздылығын мойындап, тиімділікті арттыру мақсатында субсидиялаудың қолданыстағы ережелерін қайта қарау қажет, мемлекет құс шаруашылығы үшін асыл тұқымды репродукторларды салу және кеңейту кезінде өтеу үлесін 80% -ға дейін ұлғайтуы тиіс, сондай-ақ салада селекцияның тиімді әдістерін, жоғары өнімді отандық тауықтардың кростарын алуға арналған қазіргі заманғы бағдарламаларды әзірлеуді қамтамасыз ету керек деп санайды.

«Халық коммунистері»

фракциясының мүшелері:

А.Қоңыров

Г.Баймаханова

В.Косарев

Ж.Ахметбеков

М. Магеррамов

И.Смирнова

Т.Сыздықов

2020 жылғы 4 қарашада жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS