А.Ұ.Маминге депутаттық сауал Сейсенбі, 24 Қараша 2020 12:10

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

А.Ұ.Маминге

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Коронавирусқа қатысты жағдайдың қайтадан нашарлауына байланысты экономика тағы да дағдарыстық құбылыстарға тап болады. Шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін қазақстандықтарға, әлі қалпына келе алмаған өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қатты соққы тимек. Несиелік жүктемені азайту шаралары кейінге қалдырылды. Алайда қазір қысым қайтадан көтеріледі.

Дағдарыс шикізат экспорты мен басқа тауарлардың импортына негізделген экономика моделінің зияндылығын дәлелдеуде. Мұндай жағдайларда экономиканың нақты секторының рөлі бұрынғыдан да арта түседі. Бірақ ол үшін мемлекеттік қолдаудан бөлек, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына жәрдемдесуге арналған даму институттары деп аталатын міндеттерді толығымен қайта қарау қажет.

Жақында елімізде Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды. Бұл құрылым жұмыс істеп тұрған «ҚДБ-Лизинг» мемлекеттік бағдарламаларының операторы базасында құрылған. Сонымен қатар бұл ұйымдардың алдында әртүрлі түбегейлі міндеттер тұр.

«ҚДБ-Лизинг» жабдықтар мен техниканы қаржылық жалға беру қызметтерін ұсынды. Бұл өндіріспен және жұмыспен қамтуды ағымдық қолдау тұрғысынан қажетті міндет. Бірақ бұл арқылы өнеркәсіпті жаңғыртудың стратегиялық міндеті шешілмейді. Импорттық жабдықты алу үшін лизингке қаражат бөлу, сайып келгенде, шетелдік өндірушілерді қолдайды және жалған инновацияларды ынталандыру арқылы отандық экономиканың технологиялық тәуелділігін күшейтеді.

Қазақстан Халық партиясының фракциясы өнеркәсіпті дамыту қоры мемлекеттік қаражатты қайта бағыттауда делдал ретінде әрекет ететін даму институттары қатарындағы кезекті құрылым болмауы тиіс деп есептейді. Бірыңғай ғылыми-өндірістік тізбекті құра отырып, отандық технологияларды дамыту мен қолдану Қордың міндетіне айналуға тиіс. Тек осындай тәсіл ғана экономиканың нақты әртараптандырылуын және шикізаттық емес салалардың көтерілуін қамтамасыз етуге қабілетті. Онсыз бүкіл реформа тек қайта атау немесе ребрендинг сияқты болады. Ал Қазақстан өз өнеркәсібін дамыту мүмкіндігін біржола жоғалтуы мүмкін.

Сондай-ақ Президент халыққа арнаған Жолдауында негізгі даму институттарын – «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктіруді тапсырды. Бірақ бұл жерде біз нақты нәтижелерді әлі көріп отырған жоқпыз. Сонымен қатар тек біріктіру, жекелеген жобаларды іріктеп қаржыландыру ғана емес, өнеркәсіп пен АӨК-нің инновациялық дамуы үшін жүйелі жағдай жасауға бағдарлана отырып, басымдықтарды қайта қарап, олардың жұмысын ұйымдастыру қажет.

Қазақстан Халық партиясының фракциясы жаңғырту жөніндегі міндеттерді ескеріп, ғалымдар мен сарапшыларды міндетті түрде тарта отырып, Өнеркәсіпті дамыту қоры қызметінің тұжырымдамасын ашық түрде қарау қажет деп санайды. Алдына қойылған міндеттердің айрықша маңыздылығын назарға ала отырып, Қор жанынан тұрақты жұмыс істейтін ғылыми-сарапшылық кеңес құру талап етіледі.

Сонымен қатар «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктіру барысы туралы, сондай-ақ олардың барлық еншілес құрылымдарын қоса алғанда, екі субъект бойынша проблемалық қарыздардың деңгейі туралы ақпарат берулеріңізді сұраймыз. Біз оларды реформалау процесі қоғамдық және ғылыми негізделген болуы керек деп санаймыз. Өйткені бұл жерде мемлекеттік қаражат туралы әңгіме жатыр.

Депутаттық сауалды қарастыруды және қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен жазбаша жауап беруді сұраймыз.

Қазақстан Халық партиясы

Фракциясының депутаттары:

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

В. Косарев

М. Магеррамов

И. Смирнова

Т. Сыздықов

2020 жылғы 24 қарашада жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS