fbpx

Р.В. Склярға депутаттық сауал Сәрсенбі, 07 Сәуір 2021 11:49

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің 

орынбасары

Р.В. Склярға

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Роман Васильевич!

Жалпы, Қазақстанның су қауіпсіздігі мемлекеттік деңгейде бас қатыратын үлкен мәселе. Ресеймен арадағы трансшекаралық өзендерден бөлек, Қытай және Қырғызстанмен арадағы су мәселесі тағы бар. Бұл тарапта да су дауы ауық-ауық көтеріліп тұрады.

Ресей Федерациясы Орынбор қаласын сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Жайық су бөгетін салу жоспарлануда. Болжам бойынша, бөгет құрылысына 300 миллион рубль жұмсау көзделген. Еуропаның ұзындығы жағынан үшінші өзені болып саналатын Жайықтың суы жыл өткен сайын азайып барады. 2010 жылдан бері өзен 2,5 метрге төмендеген. Қазірдің өзінде Жайықтың бойында 12 су бөгеті бар.Қазір жұмыс істеп тұрған 12 бөгеттің әрқайсысының көлемі 10 млн метр кубты құрайды. Бұл алдағы уақытта экологиялық қиындықтармен қоса, Қазақстанның су қауіпсіздігіне де үлкен соққы болуы мүмкін. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысы Ресейдің Саратов және Волгоград облыстарына тәуелді. Жыл сайын БҚО Саратовтан – 54 млн метр куб, Волгоградтан – 28 млн метр куб су алады. Бірақ бұл су жеткіліксіз. Батыс Қазақстанды толық сумен қамтамасыз ету үшін қосымша 131 млн метр куб су қажет. Қазақстан Ресейден 1 метр куб суды 4,6 рубльге сатып алып отыр.

Осы жылы өзіңіз Ресейден су сатып алуға қатысты мәлімдеме жасаған едіңіз. Онда «Батыс Қазақстан облысына Ресейден 131 млн метр куб су сатып алуға байланысты 3,5 млрд теңге қаржы бөлу мәселесі 2021 жылға арналған бюджеттің мүмкіндігіне қарай қарастырылатынын» айтқан болатынсыз.

2019 жылы Қырғызстан парламенті Қырғыз Республикасының Су Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесін талқылаған.

Қырғыз елінің сол кездегі Ауылшаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрінің орынбасары Жаныбек Керімәлиев «Су туралы заңға өзгертулер енгізілсе, Қырғызстан көрші елдерден су үшін қаржы талап ете алады» деп мәлімдеген. Бұған дейін дәл осы мәселені 2000 жылдары Қырғыз парламентінің депутаттары көтерген болатын.

2019 жылғы статистика бойынша, Қазақстан Қырғызстанға су алғаны үшін жылына 119 миллион теңге төлеп келген. Бірақ бұл қаржы суға емес, Қырғызстан аумағындағы су қоймаларын жөндеуден өткізуге берілген.

Қытаймен арадағы су мәселесі Ресей және Қырғызстанмен салыстырғанда әлде қайда күрделі. Іле мен Ертістің суына Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Балқаш өңірлерінің тағдыры тікелей байланысты. Бұл екі өзенді де арнасынан бұрып алу, бөгет, электрстанцияларын салу мәселелері айналып өткен жоқ. Ертістің де, Іленің де бастауы Қытай аумағында. 2000 жылы ресми Бейжің Батыс Қытайды (Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданын) игеру бағдарламасын қабылдады. 2019 жылы Қытай Ертіс-Қарамай каналы арқылы Қара Ертістің 30 пайыз суын Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына бұрып алған. 2000-2002 жылдары аймақтың экономикалық өсімі 8,2-8,7 пайыз көлемінде болды. 2006-2009 жылдары бұл көрсеткіш 12 пайызға дейін жеткен. Бейжің Батыс Қытай халқының санын 2030 жылға қарай 20 миллионнан 100 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта Ертіс суын пайдалану бірнеше есеге артады деген сөз. Бұған қоса, Қытай Ертіс-Үрімжі каналы арқылы Қара Ертіс суының бір бөлігін Тарым су бассейініне айдауда. Ол жерден үлкен көлемде мұнай мен газ табылған. Қазіргі уақытта Бейжің бұл жерді де белсенді түрде игеруде. Бұдан бөлек, Қытай Іле өзенінің бойына 15 су қоймасын және 59 суэлектр құрылғысын орнатып, жыл сайын Іледен 15 кубкилометр су алуда. Сарапшы экологтардың болжамынша, егер Бейжің Іле суын пайдалануды тағы 10 пайызға көбейтетін болса, онда Балқаш екіге бөлініп, Арал теңізінің тағдырын қайталауы мүмкін деген ақпарат бар.

Солтүстіктегі көршілеріміздің бастамасы, Батыс Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігіне кері әсерін тигізбей ме? Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселесі қалай шешілуде? Қазақстан үшін су қауіпсіздігі, судың тапшылығы алдағы 10-20 жылда алдыңғы қатарға шығатыны анық. Оны шешу үшін қандай да бір әрекеттер жасалып жатыр ма, жоқ әлде болашақтың еншісіне қалдырды ма ол жағы  белгісіз.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы жоғарыда баяндалғанның негізінде, Сізден осы депутаттық сауалды қарап, Үкіметтің осы проблемаларға қатысты ұстанымын көрсетсеңіз.

Жауапты "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес жазбаша түрде жолдауыңызды сұраймын.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

Ф. Қаменов

Ж. Ахметбеков

З. Құлахметов

А. Қоңыров

А. Милютин

А. Паяев

С. Решетников

А. Сқақова

Е. Смайлов

И. Смирнова

07.04.2021ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS