fbpx

Р.В. Склярға депутаттық сауал Сәрсенбі, 07 Сәуір 2021 11:53

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің орынбасары

Р.В. Склярға

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Роман Васильевич!

Жақында адамның алғаш ғарышқа ұшқанына 60 жыл толады. Бұл тарихи оқиға Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағымен тығыз байланысты. Өткен онжылдықтар ішінде бұл ерекше нысан да, сала да даму мен құлдырауды бастан өткерді.

Қазіргі кезеңде біз әлемде ғарыш саласына деген қызығушылықтың ерекше артқанын байқап отырмыз: серпінді ғылыми миссиялар жүзеге асырылуда, коммерциялық батыл жобалар іске асырылуда.

Ғарыштық экономика екінші мәрте туылып, жанданып жатқандай. Оның ерекшелігі – жеке секторды да, сол сияқты көптеген елдерді де тарту.

Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктері Марсты зерттеу жобасын жүзеге асыруда. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің жартысында ғарыштық бағдарламалар бар және соңғы он жыл ішінде олардың инвестициясы екі есе артты – 2010 жылы 775 миллион доллардан 2020 жылы 1,3 миллиард долларға дейін артты. 

Қытай жаңа бесжылдықта жеке ғарыш компанияларының өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз ету үшін жеке ғарыш айлағын салуды жоспарлап отыр.

5 миллионға жетер-жетпес халқы бар Жаңа Зеландияда әйгілі Илон Масктың SpaceX корпорациясының басты бәсекелесі деп танылған жеке компания құрылды.

Өкінішке қарай, Қазақстанда қозғалыс векторы керісінше бағыт алды. Біз әлі де ғарыштық держава мәртебесін мақтан тұтамыз – Байқоңырдың арқасында көптеген елдермен салыстырғанда әуелде неғұрлым тиімді жағдайларға ие болдық. Бірақ ғарыш секторының дамуы біртіндеп кенжелеп, төмен траекториямен ылдилап барады. Қолда бар әлеует әлі ашылған жоқ. Ел ғарыштың ырыздығын көрмеді әлі.

Жекелеген жобалар іске асырылуда, елеулі бюджет қаражаты игерілуде. Бірақ тұтастай алғанда, мұның бәрі стратегиялық көзқарастан, үлкен түсініктегі міндеттергден және біріктіруші идеялардан тым алыс жатыр. Мысалы, «Бәйтерек» жобасының перспективалары әлі күнге дейін анық емес.

Байқоңыр кешені мен Байқоңыр қаласының төңірегіндегі жағдай да осыған ұқсас. Онда ғарыш қызметінің көлемі тұрақты түрде қысқаруда. Аймақтың одан әрі қалай дамитыны туралы нақты түсінік жоқ.

Бүгінгі таңда түрлі елдер беделге емес, таза прагматикалық себептерге байланысты ғарыш индустриясына ерекше назар аударады. Ғарыш индустриясы жоғары технологиялық салаларға серпін береді: робототехника, жаңа материалдар жасау, ядролық және ақпараттық технологиялар, ғылымды дамыту.

Қазақстанда бесінші технологиялық жолға өтуге үмітті салалардың саны өте шектеулі. Ғарыш индустриясы озық жоғары технологиялық елдердің пулына кіруге және орнығуға тамаша мүмкіндік болып табылады.

Қазақстан Халық партиясының фракциясы ғарыш айлағына, Байқоңыр қаласына және отандық ғарыш саласын дамытуға қатысты стратегияны шұғыл түрде айқындау қажет деп санайды.

Сондай-ақ келесі мәліметтерді ұсынуды сұраймыз.

  1. «Бәйтерек» жобасының және ғарыш саласын дамыту жөніндегі басқа да бастамалардың, оның ішінде Байқоңыр объектілеріндегі нақты перспективалары.
  2. «Байқоңыр» ғарыш айлағы активтерінің құнын ағымдағы бағалау және Тәуелсіздік кезеңіндегі оның өзгеру серпіні.
  3. Қала құраушы сала көлемінің одан әрі төмендеуі жағдайында Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті дамуының экономикалық негізі.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

А. Сқақова

А. Милютин

Ф. Қаменов

Ғ. Құлахметов

А. Паяев

С. Решетников 

Е. Смайлов

И. Смирнова

07.04.2021 ж. жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS