fbpx

Р.В. Склярға депутаттық сауал Сәрсенбі, 07 Сәуір 2021 12:09

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің       

орынбасары

Р.В. Склярға

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Роман Васильевич!

Бүгінгі таңда қазақстандықтарды толғандыратын мәселе – азық-түлік өнімдері, тарифтер мен қызметтер бағасының өсуі. Бұған маусым сайын орын алатын жанар-жағармай материалдарының қымбаттауы қосылды.

Мұның бәрі пандемия жағдайында, халықтың сатып алу қабілеті шектеулерден кейін төмендеген кезде орын алып отыр. «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының ақпан айындағы сауалнамасына сәйкес, респонденттердің 44%-ы елдің экономикалық жағдайы нашар немесе өте нашар екенін айтқан. 2020 жылы бұл көрсеткіш 14% болса, 2009 жылы 15% пайызды құраған. Респонденттердің 26%-ы отбасының материалдық жағдайы нашар және өте нашар деп бағалаған. Ал 13%-ы азық-түлікке ақша жетпейтінін, бұл кедейліктің көрсеткіші екенін жеткізген. Ал «ақшасы тамаққа жетіп, киімге жетпейтіндердің» үлесі 2004 жылдан бері қарай алғаш рет 35%-ға жетті.

Энергетика министрлігінің 1 сәуірден бастап жылу электр станцияларының шекті тарифтерін 15%-ға көтеру туралы мәлімдеді. Бұл да халыққа бағытталған ауыр соққының бірі. Осынау әділетсіз қадамды 53 пайызы тозып тұрған жабдықтарды жаңарту қажеттілігімен байланыстырады. Электр энергиясын өндірушілерде жөндеу жұмыстарының өзіне қаражат жетпейді. Ал олар қызметкерлердің жалақысын көтеріп, басқа шығындарды өтеуі керек. Яғни, монополистер, әдеттегідей, өз проблемаларын шекті тарифтерді көтере отырып, тұтынушылар есебінен шешпек.

Бұл жерде 2012 жылғы «Электр энергетикасы, табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық қызметі және реттелетін нарық мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңын еске түсірген жөн. Бұл заң сол кездегі прогрессивті жаңалықтармен қабылданды. Қабылданған түзетулер жеткізушілерге (инвесторларға) жаңа жабдықты іске қосуға арналған шығындарды өтеудің кепілді мүмкіндігін қамтамасыз ететін тетік ретінде қуат нарығын енгізуге ықпал етуі тиіс. Саланы жаңғырту және қайта жарақтандыру келесідей міндеттерді шешуі керек:

- электрмен жабдықтау жүйесінің ұзақ мерзімді сенімділігін қамтамасыз ету;

- өндіруші қуаттарға инвесторлар үшін ұзақ мерзімді кепілдіктерді қамтамасыз ету арқылы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру;

- Электр энергетикасы нарығында баға белгілеудің объективті және «әділ» тетігін қалыптастыру.

Ал заң келесіні қамтамасыз етуі керек:

- электр станциялары қызметінің ашықтығын арттыру;

- инвестициялық міндеттемелерді орындау үшін электр станцияларының, табиғи монополиялар субъектілерінің және доминаттардың жауапкершілігін арттыру;

- электр станцияларының инвестициялық міндеттемелері көлемінің тарифтік кіріс деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз ету;

- сондай-ақ жаңа электр қуаттарын іске қосу және электр станцияларының негізгі жабдықтарының ескірген паркін жедел жаңарту.

Ол кезде жаңа заң тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді деп болжанды. Қызмет көрсетушілер жабдыққа инвестиция салуға және өз паркін уақтылы жаңартуға міндетті екендігі анық және нақты жазылған.

Алайда 2018 жылғы қарашада Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында президент Н.Назарбаев энергетика саласын қатаң сынға алып, тарифтердің көтерілуін қылмыс деп атады. Ол монополистер өндірісті жаңғыртуға уәде бере отырып, жеті жыл ішінде миллиардтаған теңге табыс тапқанын атап өтті. Бірақ қуатты инвестициялау мен жаңартудың орнына, ірі энергетикалық компаниялар тұтынушылар есебінен заңсыз байыған. Қызметтер құнына бонустар, қызметкерлерге бонустар, несиелер бойынша сыйақылар, сондай-ақ өндірістік шығындар негізсіз ұлғайтыған. Сол кезде қолданыстағы тарифтердің негізділігі туралы өткір мәселе туындады және президент электр энергиясының тарифтерін қайта қарауды тапсырды. Қуаттылыққа тарифтің шекті шамасы 1 МВт үшін 700 мың теңгеден 590 мың теңгеге дейін төмендетілді. Сол кездегі Энергетика министрі Бозымбаев электр энергиясының тарифтері 2025 жылға дейін көтерілмейді деп уәде берді.

Жоғарыда аталған заң жобасына жаңа түзетулер қабылдау мақсаттарының бірі энергетика саласының инвестициялық қызметінің ашықтығын арттыру болды. Қағидат түріндегі ұқсас норма «Рұқсаттар және хабарламалар туралы: мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және ақпараттың қолжетімділігі» Заңында қамтылған.

Энергетика министрлігінің сайтында 2019 жылғы, 2020 жылғы және 2021 жылғы өсімнің төркіні бір себеппен жүретіні түсіндірілген: ЖЭК тарифтерінің өсуі, отын бағасының өсуі. Бұл ретте электр энергиясын өндіру тарифіне қандай шығыстар енгізілгені ешкімге түсініксіз, шешім қабылдау кезінде айқындық пен ашықтық жоқ. Бұның нақты жауабын ЭМ электр энергетикасын дамыту департаменті ғана білуі мүмкін. Бірақ қандай да бір себептермен оны құпия ұстайды. Бұл ретте ЭМ салалық реттеуші болып табылады. Тиісінше энергия өндіруші ұйымдардың тарифтерін бекіту кезінде мүдделер қайшылығы фактісі бар. ЭМ өзі рұқсат береді және заң талаптарының сақталуын өзі бақылайды. Органдардың бытыраңқылығы, бірыңғай реттеушінің жоқтығы байқалады.

Конституция мен қолданыстағы заңнаманы басшылыққа ала отырып, қызмет қауіпсіздігінің жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге объективті түрде қажетті ең аз жүктеме кезінде тұтынушылардың құқықтарын барынша тиімді қорғау арқылы іске асырылатын тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүдделерінің теңгерімі қағидатын сақтау мақсатында, келесіні ұсынамыз:

- ТКШ тарифтерін (су, жылу, электр энергиясы, газ және т.б.) бекіту жөніндегі реттеуші функцияларды беру үшін Энергетика министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің кейбір функцияларын біріктіретін Бірыңғай орган құру);

- құрылған органды Президенттің бақылауына беру;

- энергетикалық көмірдің құнын реттеуді енгізу (электр және жылу бағасының негізгі факторы);

- тауарлық және сұйытылған газдың қазіргі бағасын 2025 жылға дейін бекіту.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

Ғ. Құлахметов

Ж. Ахметбеков

А. Қоңыров

А. Милютин

Ф. Қаменов

А. Паяев

С. Решетников

А. Сқақова

Е. Смайлов

И. Смирнова

«Nur Otan» партиясы

фракциясының депутаттары:

 К. Нұров

А. Абсеметова

07.04.2021 жылы жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS