fbpx

Е.Л. Тоғжановқа депутаттық сауал Сәрсенбі, 07 Сәуір 2021 11:44

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің

орынбасары

Е.Л. Тоғжановқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Ералы  Лұқпанұлы!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Бізге елдің ғылыми-технологиялық дамуы бойынша жеке бағдарламалық құжат қажет. Оның бірінші кезектегі міндеті ұлттық деңгейдегі қолданбалы проблемаларды шешу үшін ғылымды тарту болады» деді. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін ғылым маңызды және қажет. Бірақ қазіргі уақытта қазақстандық ғылым алдымен өзінің проблемаларынан әрі аса алмай отыр.

Қазақстандық ғылымның деңгейі мен әлеуетінің төмендеуі айқын трендке айналды. Дағдарыс ғылымның барлық негізгі факторларына: ғылыми кадрларға, зерттеу базасына, саланы басқару және қаржыландыру моделіне әсер етті.

Отандық ғылым проблемаларының себептерін объективті қарастырғанда бірқатар маңызды факторларды көруге болады.

Бірінші фактор. Ғылымдағы басты дүние – ғалымдарды бағаламау.

Ұлттық статистика бюросының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым қорының ресми деректері бойынша ғылыми ұйымдар санының қысқаруы зерттеушілердің азаюына алып келді. Мемлекеттік ҒЗИ ғылыми зерттеушілерінің саны 2015 жылғы 12 660 адамнан 2019 жылы 9 533 адамға дейін (24,7%-ға) қысқарды. Соңғы он жылда ғалымдардың ғылыми біліктілігінің сапасы да айтарлықтай нашарлады. Ғылыми әзірлемелерге тартылған зерттеуші мамандардың жалпы санынан республика бойынша 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін ғылым докторлары – аға буын ғалымдарының саны 82%-ға азайды. Оның ішінде тек «инженерлік әзірлемелер және технологиялар» бағыты бойынша ғылым докторларының саны 88%-ға қысқарды.

Ғылыми қызметкерлердің жалақысы 31.12.2015 ж. №1193 қаулыға сәйкес есептеледі. Онда еңбек өтіліне байланысты ғылым докторының орташа жалақысы 166 681 теңгені, ғылыми қызметкердің жалақысы – 93 971 теңгені, зертханашы/докторанттың жалақысы – 84 061 теңгені, магистрдің жалақысы – 77 336 теңгені, бакалаврдың жалақысы – 75 600 теңгені құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстан бойынша 2020 жылғы орташа жалақы 209,8 мың теңгені құрайды.

Мұндай жағдайда ғалым жалақысының маңызды бөлігі грант болып табылады. Әрине, ол бар болса және шығындарда қысқартылмаса ғана. Бірақ көбінесе грант жетекшісі ғылыми топты сақтап, зерттеу жүргізу үшін жалақы төлеуді шектейді. Сондай-ақ негізгі қаржыландыру сияқты, гранттық қаржыландыру зерттеу мақсаттары үшін жабдықты сатып алуды қамтымайды. Жеке конкурстар мен оны сатып алу үшін бөлінген қаражат жеткіліксіз.

Осылайша, бүгінде ғалымның жалақысы төмен, ол гранттың болуына байланысты. Қысқасы, болашаққа сенімді емес. Сонымен қатар ғалымдарға қойылатын талаптар жыл сайын артып келеді. Олардан үнемі ғылымиметрикалық көрсеткіштерді арттыру талап етіледі. Бұл ретте қазақстандық ғалымдардың жарияланымдық белсенділігі жоғары. Бізде жақсы көрсеткіштер бар. Біздің ғалымдар талаптарға сәйкес келуге тырысады. Өйткені конкурстарға тек тиісті жарияланымдары мен материалдық-техникалық жабдықтары бар адамдар ғана жіберіледі. Әйтпесе ҒЗЖ (Ғылыми-зерттеу жұмысы) жобасы қаржыландырылмайды. Жұмыс жағдайларының жетілдірілмеуін (бірінші кезекте заманауи зертханалық жабдықтың болмауын) және жоғары талаптарды ескере отырып, ғалымдар шетелдік әріптестермен кооперациялануда, осылайша бізде жарияланымдардың көпшілігі бірлескен авторлықта және коллаборацияда орындалған.

Ғылым адамдары алдыңғы қатарлы және бәсекеге қабілетті ұлт құруда үлкен рөл атқарады. Жас ғалымдар ғылыми және білім беру қызметімен байланысы жоқ салаларда жұмыс істейді. Жастардың ғылымнан кетуінің себептері – жалақының төмендігі және зерттеу қызметінің қанағаттанарлықсыз жағдайлары. Бұл жағдай ғылыми кадрлардың «қартаюына», ғылыми мектептердің жоғалуына және сабақтастыққа себеп болды. Ал ең бастысы біз ұлтымызға қажетті сындарлы, жасампаз ойлау қабілеті бар, ертең еліміздің прогрессивті дамуын қамтамасыз ететін зиялы қауымнан айырыламыз. Мемлекет үшін ғылымның рөлін бағалау Ұлттық Ғылым академиясының тарихын айқын көрсетеді.

Соғыстан кейінгі ауыр кезеңде дамып келе жатқан Қазақ КСР Ғылым Академиясы еліміздегі ғылым мен технологияның флагманына айналды. Бұған Қ.И.Сәтбаев бастаған қазақстандық ғалымдардың Геология және металлургия, ядролық физика, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы үздік нәтижелері дәлел бола алады.

1950-1960 жылдары ғылыми-техникалық прогресс дәуірін ашқан Ұлттық ғылыми-техникалық жүйенің құрылуы нәтижесінде ғылыми әзірлемелердің эволюциялық өсуі және зерттеушілер санының көбеюі орын алды, ғылым «жасарды». Қазақстандық ұлттың бұл ғылыми шоғыры Қазақстанның нағыз жаңғырту серпілісін қамтамасыз етті.

Екінші фактор. Сала ретінде ғылымның тиімсіз ұйымдастырушылық моделі – басқарудағы проблемалар және қаржыландырудағы кемшілік.

Мұнда проблемалардың бірнеше деңгейі бар. Макро деңгейде Қазақстанда 2019 жылы ҒЗТКЖ-ға (ғылыми-зерттеу тәжірибелік – конструкторлық әзірлемелер) шығындар деңгейі бойынша тарихи минимумға – ЖІӨ-нің 0,12%-ына қол жеткізілгеніне назар аударған жөн. Зерттеуге бөлінетін республикалық бюджеттен қаржыландыру 2015 жылғы 40,7 млрд теңгеден 2019 жылы 36,7 млрд теңгеге дейін, яғни 9,8%-ға қысқарды. Ғылымды базалық қаржыландыру да жеткіліксіз. Бұл ретте базалық қаржыландыру ғимараттарды ұстауды, әкімшілік-басқару персоналының жалақысын ғана көздейді. Ғылыми қызметкерлер мен жабдықтарға ақы төлеу шығындары оған кірмейді.

Ғылымды басқару жүйесінің жетілмегендігі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ғылымды басқарудың жалғыз субъектісі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі құрған ҰҒК-мен (ұлттық ғылыми кеңес) болып табылады. Ғылыми жобаларға өтінімдерді қарау және қанағаттандыру жүйесі тым формализацияланған, бес сатылы процедурадан өтеді.

Өтінімдерге ұсынылатын формальды талаптар ғылымға қатысы жоқ көптеген жағдайларды қамтиды. Олар кейіннен ғылыми жобадан бас тартуға негіз болады. Мәселен, 2018-2020 жылдарға арналған Гранттық қаржыландыруға келіп түскен 4488 өтінімнің тек 1096-ы ғана мақұлданды. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 406 өтінімнің тек 93-і ғана қабылданды. ҰҒК жалғыз шешуші орган ретінде шенеуніктерден, мүдделі сарапшылардан, ғылыми емес бизнес өкілдерінен тұрады. Бірақ тәуелсіз сарапшы ғалымдар жоқ.

Осылайша, қаржыландыру деңгейі өте төмен ғылымның бүгінгі күнгі нақты жай-күйі Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруі жөніндегі ауқымды міндеттерге сай емес, ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін көтеруге қауқарсыз. Ғылым шығындары бойынша елдердің рейтингісі көрсетіп отырғандай, алдыңғы қатарлы елдер Швейцария, АҚШ, Корея Республикасы, Қытай. Бұл мемлекеттер жыл сайын ҒЗТКЖ-ға ЖІӨ-нің орташа есеппен 2,5%-ын жұмсайды. Бүгінгі таңда еліміз басымдықтарды дұрыс айқындауы керек: нақты қадамдар елдің стратегиялық жоспарларына қайшы келеді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан Халық партиясының депутаттары келесіні ұсынады:

Отандық ғылымның дамуын басым стратегиялық міндет және Қазақстанды ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін дамытудың қажетті шарты ретінде айқындау. Ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңмен 0.5-1-1.5-2 пайызға көтеру;

Ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп басқару мен қаржыландырудың тиімді жүйесі бар сала ретінде ғылымның жаңа ұйымдық моделін әзірлеу;

Ғылыми ұйымдарды базалық және гранттық қаржыландыру тетігінің жүйесін қайта қарау;

Ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын кемінде екі есе ұлғайту және оларға кепілді базалық жалақы белгілеу;

Жас ғалымдарды әлеуметтік ынталандыруды көздеу: әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету (денсаулықты сақтандыру, біліктілігін арттыруға ақы төлеу, тұрғын үй проблемаларын шешу - жатақханалар, кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерлер салу және беру, балабақшаларға, санаторийлік жолдамаларға ақы төлеу бойынша жеңілдіктер және т.б.).

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

А. Сқақова

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

А. Милютин

Ф. Қаменов

Ғ. Құлахметов

А. Паяев

С. Решетников

Е. Смайлов

И. Смирнова

07.04.2021 жылы жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS