fbpx

Е.Л. Тоғжановқа депутаттық сауал Сәрсенбі, 21 Сәуір 2021 10:14

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің орынбасары

Е.Л. Тоғжановқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Ералы Лұкпанұлы!

2015 жылғы ақпанда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2006 жылғы 13 желтоқсанда қабылдаған «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны» ратификациялады.

Конвенцияның мақсаты – мүгедектігі бар барлық азаматтардың құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық және тең жүзеге асыруын қорғау және қамтамасыз ету, сондай-ақ өздеріне тән қадір-қасиетті құрметтеу.

Конвенцияның ережелерін іске асыру үшін 2019 жылы «Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар» әзірленіп, қабылданды. Ұлттық жоспарда атап өтілгендей, «қазіргі заманғы жаһандық парадигма денсаулықтың шектеулі мүмкіндіктерін дәстүрлі түсінуден өмір сапасы аспектісінде жеке ерекшеліктер мен әмбебап құқықтардың неғұрлым күрделі синтезіне көшуге негізделген».

Мемлекет мүгедек адамдардың құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған бірқатар шаралар қабылдауда. Алайда жұмыс істейтін мүгедек адамдардың зейнеткерлік жасын төмендету мәселесі назардан тыс қалып отыр.

Бүгінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, ересек мүгедектердің жалпы саны 600,4 мың адам. Ал жұмыс істейтін мүгедектердің саны 85,5 мың адамды құрайды. Оның ішінде:

– 18-28 жас аралығында – 6 997 адам (оның ішінде 1-топ – 219 адам, 2-топ – 1222 адам, 3-топ – 5556 адам);

– 29-44 жас аралығында – 25 886 адам (оның ішінде 1-ші топ – 933 адам, 2-ші топ – 5 427 адам, 3-ші топ – 19 526 адам);

– 45 жастан зейнеткерлік жасқа дейін – 49 989 адам (оның ішінде 1-ші топ – 1241 адам, 2-ші топ – 11818 адам, 3-ші топ – 36930 адам);

– зейнеткерлік жаста – 2,6 мың адам.

Негізінен 3-топтағы мүгедек адамдар жұмыс істейді, олардың саны 62 012 адам. Екінші топтағы мүгедектер (18 467 адам) және бірінші топтағы мүгедектер (2 393 адам) одан әлдеқайда аз.

Жұмыс істейтін мүгедектердің 51 744-і – ерлер, 33 750-і – әйелдер.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік Банк дайындаған «Мүгедектік туралы дүниежүзілік баяндамадағы» негізгі ұсынымдардың бірі – мүгедек адамдардан консультациялар алу және оларды саясат пен заңнамалық актілерді әзірлеуге және жүзеге асыруға, қызметтер көрсетуге белсенді тарту қажеттілігі. Олардың жағдайын және мүгедектік мәселелерін олардан артық ешкім білмейді.

ҚХП фракциясы депутаттарының мүгедектігі бар адамдармен, олардың ұйымдарымен кездесу кезінде басты және жиі көтерілетін мәселелердің бірі – олар үшін зейнеткерлік жасты төмендету.

Статистикалық мәліметтерден көріп отырғанымыздай, бұл мүгедектігі бар 85 мың қазақстандық үшін өте өзекті мәселе. Әсіресе, олардың 50 мыңы үшін. Яғни 45 жастан зейнеткерлік жасқа дейінгі топ үшін маңызды.

Қазіргі уақытта мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталған бірқатар мемлекеттік шаралар қабылданып жатқанын ескере отырып, мәселенің өзектілігі тек өсе түсетін болады.

Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және мүгедек адамдарды еңбек қызметіне тарту, олар үшін толыққанды және сапалы өмір сүру жағдайларын жасау жұмыстың маңызды бағыты екені даусыз. Сонымен бірге мүгедектігі бар ересек адамдардың физиологиялық жай-күйін, денсаулық көрсеткіштерін де ескеру қажет. Ауру мен ағзаның дисфункциясының жасына байланысты мүгедектік күшейеді және мүгедек адамдарға 63 жасқа дейін жұмыс істеу қиынға соғады. Денсаулығына байланысты қиыншылықтар мен денеге ауыртпалық түсіре отырып, олар жұмыс істеуді жалғастыруда. Өйткені мүгедектік бойынша аз жәрдемақы өмір сүру сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ көптеген адамдар зейнетақыны көбірек алу үшін зейнетке шыққанға дейін жұмыс істеуге мәжбүр.

Бұл жағдай мүгедек адамдардың өмір сүру деңгейін арттыруды және құқықтарын, оның ішінде лайықты қарттық құқығын қорғауды өзінің мақсаттары деп жариялаған «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның» және «ҚР-да мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспардың» мақсаттарына ешқандай да жауап бермейді.

Сонымен қатар зейнеткерлік жасқа дейін және одан кейін жұмыс істей алатын мүгедектігі бар адамдар бар. Бірақ мұндай адамдардың қатары аз. Оларды зияткерлік қызмет саласында жұмыс істейтіндерге жатқызуға болады. Мысалы, ауылдық жерлерде дене еңбегі басым.

Әрине, мүгедектігі бар адамдар үшін зейнетақы жасын төмендету мәселесі денсаулық жағдайының факторларын, диагнозы мен ауруын, еңбек сипатын және т.б. ескере отырып, кешенді шешілуі тиіс. Бірақ олар үшін зейнетке шығудың орташа жасы көп балалы аналарға ұқсас 55 жас болуы керек.

Зейнеткерлікке шыққан мүгедек адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру тетігі жеке пысықтауды қажет етеді. Ол міндетті тіркелген және мемлекет кепілдік берген құрамдауышты қамтиды, мысалы, бүгінгі күні төленетін мүгедектігі бойынша жәрдемақы және қосымша зейнетақы бөлігін алуға болады. Шындығында, мүгедектігі бар адамдар медициналық қызметтер мен күтімге айтарлықтай қосымша шығындар шығарады, көмекші құрылғыларға да мұқтаж. Осыған байланысты мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасылары бірдей кірісі бар мүгедектігі жоқ азаматтарға қарағанда кедейлік қаупіне көбірек ұшырайды.

Мүгедектігі бар адамдар үшін зейнетақы жасын төмендету жөніндегі шара зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбек ету құқығын шектемеуі тиіс. Бірақ, бірінші кезекте, ол зейнеткерлікке неғұрлым ерте шығу құқығын – олардың денсаулығына және лайықты қарттық құқығын іске асыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Мүгедек адамдар туралы статистикалық деректердің болуы, толықтығы мен қолжетімділігі және мүгедектік проблемалары бойынша ғылыми зерттеулердің және осы салада мемлекеттік шешімдер қабылдауға негіз болатын негізделген әдістемелердің болуы да өз шешімін талап ететін маңызды мәселелер болып табылады.

Алайда бүгінде мұндай ақпарат жоқ. Осы депутаттық сауалды дайындау барысында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі де, Денсаулық сақтау министрлігі де, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің ұлттық статистика бюросы да Қазақстанда мүгедек адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы туралы ақпарат бере алмады. Жалпыға қол жетімді, сонымен қатар зерттеу материалдары да жоқ болып шықты.

Осыдан барып «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедек адамдарға бағытталған саясаттың, шаралар мен бюджет шығыстарының тиімділігін қалай анықтайды?» деген заңды сауал туындайды.

Тиісті және тиімді мемлекеттік басқару практикасы тиімді басқару шешімдерін басқару саласын сипаттайтын сенімді және әр түрлі мәліметтер, сондай-ақ ғылыми негізделген тұжырымдар мен ұсыныстар негізінде ғана қабылдауға болатындығын көрсетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мұндай тәсілдерді байқамай отырмыз.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары келесіні ұсынады:

  1. Мүгедектігі бар адамдар үшін зейнетақы жасын төмендету.
  2. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі мүгедектер ұйымдарының міндетті түрде қатысуымен мүгедектік тобын, денсаулық жағдайын, ауруын, еңбек сипатын және т.б. ескере отырып, мүгедектердің зейнетке шығу жасын айқындаудың нақты критерийлерін әзірлеуі керек. Сондай-ақ мүгедек адамдарды ескеретін және олардың мүдделеріне сай келетін зейнетақымен қамсыздандыру тетігін қарастыру керек.
  3. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің ұлттық статистика бюросы мүгедек адамдар туралы, оның ішінде жынысы, мүгедектік тобы, жұмыспен қамту саласы, орташа өмір сүру ұзақтығы және т.б. дәйекті статистикалық деректерді айқындап, жинауды қамтамасыз етуі керек. Деректерді жинау процесін халықаралық тәсілдер мен тәжірибелерге сәйкес келетін заманауи әдіснамамен қамтамасыз ету маңызды. Деректер нормативтік көрсеткіштермен салыстыру және қабылданатын шаралар мен жұмсалған бюджет қаражатының мүгедектік саласындағы прогресін бағалау, сондай-ақ «Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияны» имплементациялау және қолдану, «Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспардың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін стандартталған және халықаралық салыстырымда болуға тиіс.
  1. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі мүгедектік проблемалары, оның ішінде әртүрлі факторлардың (қоршаған орта, инфрақұрылым, әлеуметтік сала, медицина, мемлекет шаралары және т.б.) әсері туралы қажетті ғылыми зерттеулер жоспарын әзірлеуі қажет. Осы факторлардың, ең алдымен, өмір сапасына, мемлекеттік бағдарламалар мен көрсетілетін қызметтердің тиімділігіне әсерін өлшеудің ғылыми негізделген әдістерін әзірлеуі және мүгедектіктің мәселелеріне мамандандырылған ғылыми қызметкерлер пулын қалыптастыруы қажет.
  2. ҚР Үкіметі «Мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарға» мүгедек адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру, статистикалық деректерді жинау және мүгедектік мәселелерін ғылыми зерттеу, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мүгедектік саласындағы жұмысы тиімділігінің индикаторларын әзірлеу бөлігінде пысықтаулар енгізуі керек.
  3. Әзірленіп жатқан әлеуметтік Кодекске мүгедектігі бар адамдардың зейнеткерлік жасын төмендету мәселесін енгізу.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

Е. Смайлов

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

А. Сқақова

А. Милютин

Ф. Қаменов

Ғ. Құлахметов

А. Паяев

С. Решетников

И. Смирнова

21.04.2021 жылы жарияланды

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS