Қазақстан Халық партиясы сайлаудың қорытындысын шығарды Сәрсенбі, 13 Қаңтар 2021 12:43

Нұр-Сұлтанда Қазақстан Халық партиясының XVII кезектен тыс Съезі өтті. Съезд барысында партиялықтар ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауын қорытындылап, парламенттік фракцияның өкілдерін таңдады.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров сайлау өрескел құқық бұзушылықтарсыз өткенін және оның нәтижесін халықаралық қауымдастық мойындағанын жеткізді.

– Біз лайықты нәтиже көрсеттік. Ендігі міндет – партияның бастамаларын ойдағыдай жүзеге асыру, – деді Айқын Қоңыров.

Сайлау қорытындысы туралы Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі, ҚХП ОК хатшысы Олжас Сыздықов толығырақ баяндап берді. Ол Халық партиясының үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізгенін айтты. Партиялық тізім бойынша ҚХП атынан Мәжіліске 113 кандидат және түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 214 кандидат ұсынылды.

– Сайлауға қатыса отырып, партия заң шығарушы және жергілікті билік органдарында мүмкіндігінше көп орын алуды көздеді. Біздің алдағы жұмысымыздың мақсаты – қарапайым адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, – деді Олжас Сыздықов.

ҚХП ОК хатшысы негізгі бастамалары халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және ел экономикасын дамытуға бағытталған партияның сайлауалды бағдарламасы қазақстандықтар тарапынан барынша қолдау тапқанын атап өтті. Әрине, үгіт-насихат барысында түрлі қиындықтар да туындамай қойған жоқ. Науқан алғаш рет пандемия жағдайында және шектеу шаралары аясында жүргізілді.

– Біз сайлауалды тұғырнаманың әрбір қазақстандық сайлаушыға жетуі үшін бар күшімізді салдық, – деді Олжас Сыздықов.

ҚХП үгітшілері мен сенімді өкілдері 500-ден астам түрлі үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырып, 1 миллионға жуық үгіт-насихат өнімдерін таратты. Партия әлеуметтік желілерде ауқымды ақпараттық жұмысты жүзеге асырды. Науқан кезінде көптеген хабарламалар, сондай-ақ 8 миллион рет қаралған 200-ден астам түрлі бейнероликтер мен бейнеөтініштер жарияланды. Сайлау процесіне мониторинг жүргізген ҚХП бақылаушыларды да бөле-жара атап өту керек.

Жұмыс нәтижесі де айқын – Парламент Мәжілісінің сайлауында ҚХП 9,1 пайыз дауыс жинап, 10 депутаттық мандатқа ие болды.

– Бұл бастамасы ғана! Жарты миллионнан астам қазақстандық бізге дауыс берді. Енді солардың сенімін ақтауға тиіспіз! – дейді партиялықтар.

Съезд барысында депутаттық мандаттар партиялық тізімдегі кандидаттар арасында дауыс беру арқылы бөлінді. ҚХП атынан Парламент Мәжілісіне Айқын Қоңыров, Жамбыл Ахметбеков, Ирина Смирнова, Александр Милютин, Сергей Решетников, Айбек Паяев, Ғазиз Құлахметов, Ерлан Смайлов, Файзолла Каменов және Айжан Сқақова өтті.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова әріптестерін және партияластарын жеңіспен құттықтады. Ол Қазақстанның әр өңіріндегі адамдар нақты өзгерістерді күтетінін және ҚХП жағдайды жақсы жаққа түзете алатынын атап өтті. Бірақ ол үшін ең алдымен Үкімет құрамын өзгерту керек.

– Бір орыннан екінші орынға ауысып жүре беретін адамдардан арылу керек, – деді Ирина Смирнова.

Депутат елімізде Экология министрлігі бар да, бірақ экология жоқ екенін, Денсаулық сақтау министрлігі бар да, бірақ денсаулық жоқ екеннін атап өтті. Ал Білім және ғылым министрлігіне қарайтын ғылым саласы Африка елдеріндегідей қаржыландырылады. Ұлттық экономика министрлігі қашанда үнсіз,алайда олардың есебі бойынша экономика үнемі өрлеп барады. Әлеуметтік мәселелерді шешуге қаржысы жоқ Қаржы министрлігі бар. Бірақ бұл министрлік ақшаны әрқашан пайдасы шамалы мегажобаларға шашуға әуес.

– Үкіметке кімдер енеді деген сұрақты төтесінен қою керек! Үкіметте ұзақ жылдан бері жүрген адамдарды шынымен жұмыс істегісі келетін жандармен алмастыру керек, – деді Ирина Смирнова.

ҚХП ОК баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS