fbpx

ҚХП депутаттары бюджеттің атқарылуына қатысты Үкімет есебін қолдамады Сәрсенбі, 09 Маусым 2021 12:26

Қазақстан Халық партиясы Үкіметтің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінің кемшілігін әшкереледі. Дауыс беру кезінде ҚХП фракциясының депутаттары қалыс қалды.

Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген фракция жетекшісі Айқын Қоңыров Үкіметтің бюджеттік көрсеткіштері азаматтардың өмірі мен қажеттілігінен алшақ, ал бюджет саясатының негізгі құралдары тиімсіз екенін мәлімдеді.
– Біз дағдарыспен валюталық табыс әкелмейтін салалар мен халық есебінен күрестік. Азаматтардың азық-түлік алуға жұмсайтын қаржысының көлемі рекордтық 54% деңгейіне дейін өсті. Іс жүзінде қазақстандықтар девальвация мен азық-түлік салығының жүктемесін көтерді», – деді А.Қоңыров.
Жағдайды білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы сәтсіздік ушықтырып жіберді. Қашықтан оқыту барысында білім беру қызметі ата-аналарға жүктелді. Дәрі-дәрмек бағасының өсуі және медициналық қызметтің қолжетімсіздігі пандемияның салдарын одан сайын күшейтті.
– Халыққа ешқандай өтемақы төленбеді. Дағдарысқа қарсы қолдаудың басты құралы атаулы әлеуметтік көмек қана болды. Атаулы әлеуметтік көмек алғандардың саны 936 мың адамға жетті. Бұл – өте жағымсыз және алаңдатарлық көрсеткіш, – деді А.Қоңыров.
Депутат бюджеттің тиімсіздігін сынап, экономиканың нақты секторы толық қаржыландырылмайтынын, қазақстандықтарды жұмысқа орналастыруға қыруар қаржы жұмсалса да нақты нәтиже жоқ екенін алға тартты.
«Азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастырудың көрсеткіші 40%-ға да жетпейді. Бұл – механизм дұрыс жұмыс істемейді деген сөз», – деді ҚХП фракциясының жетекшісі.
Халық қалаулысының пікірінше, үкімет қысқамерзімді міндетті Ұлттық қордың резерві есебінен шешті. Кейін шикізаттық өсу серпініне қайта оралды.
– Біз бюджеттің әлеуеті зор деп санаймыз. Алайда қаржының тиісінше пайдаланылмайтынын көріп отырмыз. «Қазақстан Халық партиясы»
фракциясы үкіметтің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамайды және дауыс беруден қалыс қалады», – деп қорытты ойын А.Қоңыров.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS