Депутат ұстаздар қауымына Президент Жолдауының негізгі тармақтарын түсіндірді.
– Мемлекет басшысы ұсынған Конституциялық реформа заңдарға түзету енгізуді талап етті. 33 толықтырудан тұратын түзету топтамасын қарапайым адамдар қиын қабылдауы мүмкін. Сондықтан түзету стратегиялық және рәсімдік болып бөлінді. Стратегиялық түзетудің бірі – өлім жазасын жою. Бұл ҚР Конституциясы үшін өзекті қағидат. Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық сот құру да маңызды мәселе. Рәсімдік бөлік Мәжілістің трансформацияланып, жаңа өкілеттіке ие болуымен ерекшеленді.
Бұған қоса Есеп комитеті жоғары аудиторлық палата ретінде қайта құрылымдалмақшы. Суперпрезиденттік биліктен бас тарту жүйесі де жаңашылдық болып саналады. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси партияның мүшелігінен бас тартуы жаңадан құрылып жатқан саяси ұйымдарға тең мүмкіндік береді. Бұл – демократияның көрінісі. Барлық қазақстандықтар елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып, өз ұстанымын білдіре алады. Сенім артқан үміткерін қолдайды. Билік иеленетін құзыреттер мен жауапкершілікті ұжымдық түрде тең бөліседі, – деді Ғ.Құлахметов.
Шара шеңберінде депутат жалпыхалықтық референдум арқылы реформаларды заңдастыруға және оны Екінші республика туралы идеямен астастыруға болатынын баяндады.
– Легитимизацияны Парламент депутаттарының күшімен жүргізуге болады, бірақ бұған халықтың тікелей қатысқаны әлдеқайда адал және дұрыс, – деді депутат.
ҚХП баспасөз қызметі