Халық қалаулылары жиынға қатысушыларға 5 - маусымда өтетін жалпыхалықтық референдум жайлы баяндады. Олар Конституцияға енгізілетін түзетулер суперпрезиденттіктен бас тарту, өкілді және атқарушы билік тармақтарын трансформациялау, азаматтарды мемлекеттік басқару үдерісіне жұмылдыру сынды маңызды мәселелерді қамтитынын айтты.
– Біз үлкен өзгеріс алдында тұрмыз. Конституцияға енгізілетін түзетулер демократиялық дамуға бағытталған. Сондықтан оның әрбір қазақстандықтың өміріне тікелей қатысы болады. Өлім жазасының күшін жою, еңбек бостандығына құқық беру, Конституциялық сот пен Жоғары аудиторлық палата құру, билікті орталықсыздандыру және басқа да өзгерістер саяси және қоғамдық өмірге оң әсер етеді, – деді Г. Нұғманова.
Өз кезегінде М.Магеррамов халықтың назарын Конституцияға енгізілуін Президент құптаған «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген түзетуге аударды.
– Бұл түзетудің жөні бөлек. Себебі мемлекет меншік құқығын тек халықтың атынан жүзеге асыратын болады», – деді депутат.
ҚХП баспасөз қызметі