Партия төрағасы бронды техника шығарумен айналысатын кәсіпорын қызметкерлеріне саяси ұйымның негізгі ұстанымы мен заң шығарушылық қызметі туралы баяндады.
Шара шеңберінде зауыт басшылығы цехтарды аралатып, таныстырылым жасады.
Кәсіпорынның бас директоры Ербол Сәлімов зауытта жеке конструкторлық бюродан бастап, технологиялық үдерістің барлық сатысы бар екенін және өндірілетін бронды техниканың 70% -ы отандық шикізаттан жасалатынын жеткізді.
– Техниканы сатып алуға жұмсалған бюджет қаражаты ел экономикасында қалады, – деді бас директор.
Оның сөзінше, зауыттың кадрлық құрамы толығымен отандық мамандардан жасақталған.
– Біздің зауытта бірде-бір шетел азаматы жұмыс істемейді, – деді ол.
Ербол Сәлімов отандық бронды техниканы ел армиясы ғана емес, шетелдік серіктестер де жоғары бағалап отырғанын айтты.
– Әзірбайжан Қорғаныс министрлігінің ресми басылымы – «Azeri Defence» журналы біздің бронды техникамызды «Темір періштелер» деп атады, – деді бас директор.
ҚХП төрағасы Е. Ертісбаев ел Үкіметі осындай өнім өндіретін отандық кәсіпорындарға ерекше көңіл бөлуге тиіс деп санайтынын жариялады.
– Мұндай зауыттар көп болуы керек! – деді партия төрағасы.
Е. Ертісбаев жұмысшыларға жаңа Қазақстан аясындағы партияның саяси және заң шығарушылық қызметі туралы баяндады.
– Біздің партия өндірісте еңбек ететін жалдамалы жұмысшылардың жалақысы жоғары болғанын және олардың әлеуметтік жағдайы жасқарғанын қалайды. ҚХП үнемі қарапайым еңбек адамдарының: дәрігерлердің, мұғалімдердің, кәсіпорындар мен фабрикалардың және зауыт қызметкерлерінің құқығын қорғап келеді. ҚХП Конституция жобасына «Жер және оның қойнауы мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі» деген түзету енгізді. Партия зейнет жасын төмендету бастамасын ілгерілетіп жатыр. Бұл ретте ауыр және қауіпті өндірісте жұмыс істейтін жұмысшыларға ерекше назар аударылуда, – деді ҚХП төрағасы.
ҚХП баспасөз қызметі