fbpx

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң халыққа тиімді болуы керек Дүйсенбі, 27 Маусым 2022 15:11

«Халық сарапшысы» пікірталас жобасы аясында Қазақстан Халық партиясы ел арасында «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң деп аталып кеткен «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң жобасын таныстырды.

ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев құжаттың маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Ол қаңтар оқиғасының  негізгі себептерінің бірі – халықтың қарызға белшесінен батуы болғанына назар аударды. Соңғы 3 жылда жеке тұлғалардың банктерден несие алуы 70%- ға дерлік өсіп, 11трлн 400 млрд  теңге көлеміндегі астрономиялық көрсеткішке жеткен.

– Миллиондаған қазақстандықтар үшін жеке банкроттық рәсімі қарыз қақпанынан құтылудың жалғыз тәсілі болуы мүмкін, – деп атап өтті Ермұхамет Ертісбаев.

270622 news 1

ҚХП жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдау қажеттігі туралы мәселені бірнеше рет көтерді, алайда іс ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін ғана қолға алынды.

Осыған дейін ҚХП өз сайтында Парламент Мәжілісіне келіп түскен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасының мәтінін жариялады.

Бұған қоса ҚХП студиясының қонағы, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов құжаттың таныстырылымын жасады.

270622 news 5

– Заң жобасы ең алдымен азаматтардың экономикалық қабілетін қалпына келтіріп, ары қарай қызметін жалғастыруға мүмкіндік беруді көздейді, – деді Қайрат Миятов. – Несиесін өтей алмайтын жағдайға тап болған азаматтар банкроттық рәсімдей алады.

Комитет төрағасының орынбасары заң жобасының негізгі нормаларын, оның негізгі тетіктерін, сондай-ақ оның қарыз алушыға тигізетін салдарын баяндады.

– Әлем бойынша банкроттық рәсімі жағдайдан шығудың жолы емес, – деді Қ. Миятов. – Бұл бірқатар шектеулерге әкелетін өте маңызды қадам.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қазіргі уақытта Қазақстанның белсенді халқының үштен бір бөлігі несие қамытын киіп отырғанын мәлімдеді.

– Адамдар қарыз шұңқырынан қалай шығу керек екенін білмейді, – деді мәжілісмен. – Оларды проблемалық қарыз алушылар деп атайды. Шын мәнінде, мәселе экономикалық саясатты жүргізіп отырған Үкімет пен

банктерде болып тұр. 

ҚХП төрағасының орынбасары, экономист  Рахым Ошақбаев азаматтардың несиеден бас көтермеуі өзекті әрі өткір мәселе екенін және бұл жағддай халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізетінін айтты. Сөз арасында ол барлық дамыған елдерде жеке тұлғалардың банкроттыққа ұшырау мүмкіндігі бар екеніне тоқталды. Оның сөзінше, шетелде қаржы-несие мекемелері несиені қайтара алатындарға ғана береді. Ал Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдары жоғары сыйақы мөлшерлемесімен (жылдық 56%) қарызды баршаға үлестіре береді. Олар қарызды өндіріп алудың қатаң жүйесіне жүгінеді және кез келген жағдайда берген несиелерін қайтарып алады. Бұл жерде азаматтардың мүдделері мүлдем қорғалмаған. Себебі қайтарылмаған қарыз балалар мен немерелерге мұра болып қалады.

270622 news 4

 – Несиені төлеу мүмкіндігі жоқ болса да адамдар қарызды қайтаруға міндетті болады, – деді Р. Ошақбаев. – Бұл Үкіметтің және жылдар бойы экономикалық саясат пен қаржы нарығын реттеумен айналысқандардың өрескел қателігі. Қарызды қатаң шаралар арқылы қайтаруға тырысудың салдары қайғылы жағдайларға ұласқанын ел біледі.

Суицидтер толқыны, Алматыдағы адам ату фактісі банкирлерді селт еткізбейді.

– Бізге азаматтардың әл-ауқатына бір заңмен барынша оң әсер ету мүмкіндігі беріліп отыр, – деді ҚХП төрағасының орынбасары.

Р. Ошақбаев заң жобасын талқылауға басқа партиялардың, ҮЕҰ өкілдерін және қалың көпшілікті шақырды.

– Бұл заңды нағыз халықтық заң ету үшін өте үлкен коалиция жинау қажет, – деп қорытты сөзін ол.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS