fbpx

Еңбек министрлігін дәрменсіздік синдромынан қалай емдеуге болады? Бейсенбі, 15 Қыркүйек 2022 11:34

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесін (ЕТЖ) енгізуді тапсырды. Қазақстан Халық партиясы өзінің ЕТЖ есептеу механизмін ұсынады, өйткені біздің шенеуніктердің арифметикасы үнемі қазақстандықтардың шынайы өмірінен алшақ болады.

ҚХП жалдамалы жұмысшылардың құқықтарын қорғайтын халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) №131 Конвенциясына сүйене отырып, жалақыны қайта қарауды ұсынады. ХЕҰ Конвенциясына сәйкес, есеп айырысу кезінде жұмысшылардың ғана емес, олардың отбасыларының да қажеттілігі, сондай-ақ елдегі жалақының жалпы деңгейі, өмір сүру құны, әлеуметтік жәрдемақылар, басқа әлеуметтік топтардың салыстырмалы өмір сүру деңгейі және т. б. ескерілуі керек.
– ЕТЖ мөлшерін ескере отырып, министрліктер өз жоспарларын ғана емес, сондай-ақ адамдардың мұқтаждығын да есепке алатын болады, – деп атап өтті пленарлық отырыста фракцияның депутаттық сауалын жария еткен ҚХП депутаты Ерлан Смайлов. – Сонда біз мүлдем басқа соманы – отандастарымыздың нақты қажеттілігіне жақын көрсеткішті ала аламыз.
ҚХП бұған дейін де ЕТЖ есептеу әдістемесін қайта қарау мәселесін көтерген болатын.
– Бірақ тағы да дежавю – Үкімет пен еңбек саласындағы бейіндік министрліктің әрекетсіздігі қайталанып жатыр, – деді депутат. – Бір жыл бұрынғыдай ЕТЖ қайта көтеру туралы шешімді Мемлекет басшысы қол режимінде қабылдады. ЕТЖ-ге қатысты жағдай бұл еңбек және оның нәтижесі бойынша әділ ақы төлеу саласындағы айсбергтің ұшы ғана.
Әзірге жалақыны есептеу тәжірибесі сапалы өмір сүру деңгейінің сұранысына жауап бермейді.
– Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбек саласындағы тиімді қатынастарды дамыту мәселелерінде де, әлеуметтік қорғау мәселелерінде де немкеттілігі мен немқұрайлығы аңғарылады, – деп жазылған депутаттық сауалда. – Олар бюджеттік және заңнамалық мүмкіндіктің жоқтығына сілтеме жасайды. Психологтарда бұл дәрменсіздік синдромы деп аталады.
Қазақстан Халық партиясы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін Еңбек министрлігі және Әлеуметтік даму министрлігі деп бөлуді ұсынады. Құрылған Еңбек министрлігіне еңбек саласындағы Жаңа ұлттық саясатты әзірлеу қажет. Оның басымдығы жұмыс істейтін, табысы төмен қазақстандықтардың мәселесін шешу, жұмыс берушілердің өктемдігін азайту, үдемелі теңсіздікті, әділетсіз зейнетақы жүйесін, жұмыссыздықты, жұмыс істеп тұрған кедейшілік проблемаларын шешу болуы тиіс.
Адамның жалақысы базалық мұқтаждықтарды қанағаттандырудан асуы керек. Бұл тәсіл билік пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің негізі болады.
Әрине барлық шешімдер кәсіподақ ұйымдарының, жұмыс берушілер бірлестіктерінің, сарапшылардың, ҮЕҰ мен саяси партия өкілдерінің қатысуымен қабылдануы тиіс.

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS