fbpx

Жайылым жайы жай таптырар емес Жұма, 30 Сәуір 2021 09:31

Көкшетауда ҚХП Ақмола облыстық комитетінің ұйымдастыруымен «Мал шаруашылығына кім жауапты?» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Оған облыстың ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, полиция департаментінің, «Астана-Өнім» АҚ, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері қатысты. Пікірталасқа онлайн режимде жергілікті қоғамдастық өкілдері, ҚХП атынан сайланған қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары қосылды.

Дөңгелек үстелдің ұйымдастыруға ауыл тұрғындарының өтініші түрткі болғанын атап өткен жөн. Расында да қазір ауылда жайылым мәселесі өткір тұр. Өкінішке қарай, қазір мал өсіру мемлекеттің қолдауына ие ірі шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің артықшылығына айналуда. «Атамекен» ҰКП филиалының агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы Ж.Әубәкірованың айтуынша, фермерлік шаруашылықтардың мәселелері мемлекеттік тәсілді және заңнамалық реттеуді қажет етеді. Олардың ішінде мал шаруашылығына субсидиялар төлеу бойынша ақшалай қаражаттың тапшылығы, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне есепке алу әдісімен ҚҚС төлеуді пысықтау, жем-шөп құнының өсуі және жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі секілді мәселелер бар.

Сонымен қатар жеке аулалардың да бетпе-бет келіп отырған мәселесі көп. Кірісі жоқ ауыл тұрғындары мал өсіруге тырысады. Алайда оны күтіп, ұстауға жұмсалатын шығын ауқымды.

Ауыл тұрғындарының проблемалары туралы Жаңаталап және Қымызынай ауылдарының тұрғындары айтып берді. Аталған елді мекендер «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің және «Астана-Өнім» АҚ-ның аймағында орналасқан. Сол себепті жайылымсыз қалған. Талқылау барысында «Бурабай» паркінің орман пайдалану жөніндегі инженері Б.Махметов пен Зеленогор ауылдық округі әкімдігінің өкілі А.Қуаныш мәселені шешуге міндеттеме алды.

Алайда жайылымдық жерлерді айқындау мәселесін толық шешу үшін Ақмола облысында «Жайылымдар туралы» ҚР Заңының 8-бабы және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 6-бабы нақты жұмыс істей бастауы қажет. Өкінішке қарай, Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі түсіндіргендей, облыста жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі аздай, жайылымдарды басқару бойынша аудандық жоспар әділет органдарында тіркеуден өтпеген. Осыдан келіп сұрақ туындайды: Заңның аталған нормасының жұмыс істемеуіне кім кінәлі?

Бұл жерде облыстық құрылымдардың шұғыл араласуы, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қолдауы және меншік иелерінің жеке жауапкершілігі қажет.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция полковнигі С.Баймұқанов пен криминалдық полиция басқармасының өкілі полиция подполковнигі Б.Оразбаев мал ұрлығының алдын алуға назар аударды. Бұл ретте, үш жақты шарттар жасасу, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру, еркін мал жаю фактілеріне жол бермеу мәселелері айтылды. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Х.Иткусов және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары А.Сыздықов нақты ұсыныстар айтты.

Талқылау қорытындысы бойынша мал өсіру үшін қолайлы жағдай жасау және оның сақталуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсынымдар әзірленді. Ол әртүрлі инстанцияларға жіберілді.

Жаңаталап және Қымызынай кенттері тұрғындарының мәселелерін шешуді ҚХП Ақмола облыстық комитеті ерекше бақылауға алды.

ҚХП Ақмола облыстық комитеті

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS