Көптеген қазақстандықтар Кеңес әскерінің құрамында Ауған жеріндегі қақтығыстарға қатысты. 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстанға интернационалдық борышын өтеу үшін Қазақстаннан жіберілген әскери қызметшілердің саны 21 239 адамды құрады. Оның ішінде 947 адам қаза тапты, 1 770 солдат пен офицер жарақат алды. Олар Ауғанстан аумағындағы халықаралық терроризм мен есірткі бизнесінің сол кездегі ортақ елдің – КСРО-ның шекарасына өтуіне қарсы тұрды.
Өмірі Отанға деген адалдықтың, елге лайықты қызмет етудің үлгісі болып саналатын айбынды интернационалист жауынгерлер қашанда құрметке лайық. Шара барысында шақырылған соғыс ардагерлеріне алғыс хаттар табыс етілді. Ардагерлер өздерінің жауынгерлік тәжірибесімен бөлісіп, жылылыққа толы естеліктер айтты. Салтанатты іс-шара патриоттық әндерді орындаумен және естелік суретке түсумен аяқталды.
ҚХП Ақмола облыстық комитеті