fbpx

Шаруалардың мәселесі шаш-етектен Сейсенбі, 20 Сәуір 2021 09:15

ҚХП Алматы облыстық комитетінде қоғамдық пікірталас өтті. Онда өңірдегі агросекторды дамыту мәселесі қаралды.

Талқылауға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Б.Шампиков, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы А.Бағыжанова, қоғам өкілдері және ҚХП белсенділері қатысты. Іс-шара онлайн және офлайн режимде ұйымдастырылды.

Партия комитетінің бірінші хатшысы Сәуле Бигарова аймақтың экономикалық өсу көрсеткіштері, аграрлық және өнеркәсіптік секторға, шағын және орта бизнесті қолдауға ақшалай қаражат пен инвестициялар тарту жайын қысқаша шолып өтті. Жиында саладағы проблемалар да айтылды.

Шақырылған мамандардың айтуынша, өңірдегі маңызды мәселенің бірі – суармалы судың жетіспеушілігі. Қаратал және Көксу өзендері – ондаған жылдар бойы еш қиындықсыз пайдаланылған негізгі су ресурстары. Өткен жылы таяз тартқан. Салдарынан су жетіспеді, балық қырылды, жағалаудағы экожүйеге зиян келді, ауылшаруашылық дақылдарын өсірумен айналысатын фермерлер мен шаруа қожалықтары үлкен шығынға ұшырады. Болжам бойынша биылғы жағдай тағы нашар. Климаттың өзгеруі таулардағы мұздықтардың тез еруіне себеп болды, ал мұздықтар өзендердің негізгі қорек көзі. Фермерлер үшін егінді сақтаудың жалғыз жолы – тамшылатып суаруға көшу. Бірақ аймақта егіннің аз бөлігі ғана суарылады.

Келесі проблема – мемлекеттің қаржылық қолдауының жеткіліксіздігі, техника лизингінің қымбаттығы, кредит мөлшерлемелерінің жоғарылығы. Есептерде несиелер 6%-бен берілсе де, түптеп келгенде сақтандыру мен басқа да процестерді қосқанда 21%-ды құрайды. Сөйтіп, бұған бәрінің бірдей қолы жете бермейді.

Үшінші мәселе – кадрлардың жетіспеушілігі. Алматы облысында ауыл шаруашылығы колледжі бар. Алайда оның түлектері мамандық бойынша жұмыс істемейді. Бұдан жас мамандарды қолдау ісінің кемшін екенін көреміз. Өңірде агрономдар, топырақтанушылар және ауыл шаруашылығы секторының басқа да білікті қызметкерлері жетіспейді. Кадрлардың сабақтастығы, тәжірибе алмасуы бұзылған.

Шара барысында мемлекеттік қаржыландыру ғылыми қызметті жүргізуге, инновациялар мен рационализаторлық ұсыныстар енгізуге жетпейтіні атап өтілді. Көптеген пайдалы әзірлемелер бар. Бірақ оларды шығаруға қаражат жоқ. Ауылшаруашылық жұмыстарының дені ескі әдіспен жүзеге асырылады. Ауыспалы егіс әлі пайдаланылмайды, бұл топырақты құрғатады. Егіс дақылдарының өзгеруі қосымша инвестицияларды қажет етеді.

200421 ALMAgro 1200421 ALMAgro 2
Фермерлік шаруашылықтар үшін де, жеке меншік шаруалар үшін де өткізу нарықтарының жоқтығы өзекті болып отыр. Коммуналдық базар және бірнеше әлеуметтік дүкен бар. Алайда жерді жалға алу, санэпидқадағалау, тоңазытқыштар, қойма, басқа да жинақтар мен шығындар өндірушіге өз өнімдерінің бағасын көтеруге мәжбүрлейді. Ал фермерлер халыққа ауыл шаруашылығы тауарларын қолжетімді бағамен және жылдам жеткізгісі келеді.

Ауылшаруашылық кооперативтерінің жайы да сөз болды.

Саладағы шешілмеген жүйелі мәселелер ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптің дамуына кедергі келтіреді. Отырыста айтылған ұсыныстар мен ескертулер қорытынды құжатқа енгізілді. Ол бірқатар ведомстволық инстанцияларға және ҚХП парламенттік фракциясына жіберілетін болады.

ҚХП Алматы облыстық комитеті

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS