ҚХП көшбасшысы үгіт-насихат науқанын қорытындылады Жұма, 08 Қаңтар 2021 19:37

8 қаңтарда Нұр-Сұлтанда Қазақстан Халық партиясының көшбасшысы Айқын Қоңыров ҚХП Орталық штабының қорытынды кеңесінде баяндама жасады. Үгіт-насихат науқанының аяқталуына байланысты партия мүшелері оның қорытындысын жариялады. Партияның сайлауалды бағдарламасының тезистері мен тармақтарын тарату ауқымы мен атқарылған жұмыстар туралы айтылды.

Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Олжас Сыздықов есеп беру баяндамасында үгіт науқаны кезінде республикалық штабтан бөлек партияның 17 сайлауалды штабы ашылғанын, оның ішінде 3 қалалық және 14 облыстық штабтар құрылғанын атап өтті. 500-ден астам түрлі іс-шаралар өткізілгенін, 1 миллионға жуық үгіт материалы таратылғанын, ҚХП атынан депутаттыққа кандидаттар 150-ден астам елдімекенде болып, түрлі алаңдардағы 23 пікірсайысқа қатысқанын жеткізді.

Партия төрағасы ҚХП қарапайым азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыру үшін сайлауға қатысып отырғанын еске салды.

– Өткен жылы бізді бетперде киюге мәжбүр етті. Сөйте тұра бұл жыл біраз дүниенің бетпердесін сыпырып, шынайы бет-әлпетін ашып берді. Үлкен мәселелердің барын көрсетті. Қазақстан Халық партиясының басты құндылығы – адамдар, оның құқығын қорғау. Біздің партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарының бірі несие рақымшылығын жүргізу екені белгілі. Біз барлық несиелерді кешіруге қарсымыз. Біз пандемияға дейін адал салық төлеген, бірақ шектеу шараларының салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған кәсіпкерлер мен қызметкерлерді қолдаймыз. Біз әлеуметтік шиеленістің деңгейі жоғары екенін көріп отырмыз. Оны төмендету үшін нақты шаралар қажет, – деді Айқын Қоңыров.

080121CentralItogy

Ол үгіт науқаны барысында депутаттыққа кандидаттар Қазақстанда ақша-кредит саясатын өзгерту қажеттігіне назар аударғанын атап өтті. Бірінші кезекте еркін айналымдағы теңге бағамынан бас тарту керек.

– Қазақстан Халықаралық валюта қорының ұсыныстарынан бас тартуы керек. Өйткені олардың орындалуы біздің ұлттық саясатымызға қайшы келеді. Мемлекет елдің ақша нарығын бақылауы керек және экономиканың нақты секторының ағымдағы қажеттіліктеріне сәйкес шаралар қабылдау қажет, – деп атап өтті Халық партиясының көшбасшысы.

ҚХП ұсынған тағы бір бастама – азаматтардың зейнетке шығу жасын төмендету.

– 50 жастан асқан кезде физикалық жұмыс істеу қиын. Ауылда тұратын жұмысшыларға, әйелдерге әсіресе ауыр тиеді. Сиыр сауу, көше сыпыру, кіреберістерді жуу, тіпті инъекция жасаудың өзі қиынға соғады. Сондықтан олар демалу қажет. Аға буын өкілдері, 60 жастағылар еңбек етуін жалғастыра отырып, бастарын қатерге тігеді, – деп өз пікірін білдірді ҚХП атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Жамбыл Ахметбеков.

Партия көшбасшылары БАҚ өкілдеріне партияның алдағы жоспарлары туралы да айтып берді.

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS