Депутат Айқын Қоңыров «Әлеуметтік бірлік пен азаматтардың әл-ауқаты» туралы ұлттық жобаны әзірлеу қажеттігін жеткізді. Аталған депутаттық сауал қала тұрғындарының арасында үлкен резонанс тудырды. Жоба кедейлікті нақты бағалау және азайту, әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрес өлшемшарттарын әзірлеу және қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін көтеру жөніндегі шаралар кешенін көздеуге тиіс. Қазақстан Халық партиясы жобаның әзірлеу жұмыстарына қатысуға дайын. Оның жұмысына қалың жұртшылық та тартылуы керек.
Мәжілісмен Ирина Смирнова көтерген мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін мекемелерді қаржыландыруды арттыру туралы мәселені де атыраулықтар маңызды деп санады. ҚХП депутаты Файзолла Қаменовтің Жұмыспен қамту жол картасының тиімділігін арттыру туралы депутаттық сауалына өңір тұрғындары да үн қосты. Ауылдық жерлерде жиі кездесетін мал ұрлығына қарсы күресті жандандыруды ұсынған депутат Ғазиз Құлахметовтің депутаттық сауалы да көпшіліктің назарын аударды.
ҚХП атынан сайланған депутаттардың ұсыныстары – қарапайым халықты әлеуметтік қорғауға деген ұмтылыс. Ел азаматтары да мұны байқап, түсініп отыр. «Партия дауысы» акциясы қазақстандықтарға Парламентте болып жатқан оқиғаларды назарда ұстауға мүмкіндік береді.
ҚХП Атырау облыстық комитеті