fbpx

Инвестиция тартудағы кеңшілік пен кемшілік Сәрсенбі, 28 Сәуір 2021 11:21

Мемлекет тарапынан жасалған әрекеттерге қарамастан, шетелдік инвесторлар ақшаны тек өндіруші секторға салғысы келеді. Қазақстан Халық партиясы Үкіметтен бұл жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіруді сұрайды. Сонымен қатар «Инвестиция тартуға бағытталған отандық құрылымдар немен айналысады?» деген сауалға жауап алуға ниетті.

ҚХП фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров атап өткендей, елімізде екі жыл бұрын СІМ қарамағына берілген Инвестициялар жөніндегі комитет жұмыс істейді. Бір жыл бұрын «Қазақинвест» компаниясы құрылды. Оның бір ғана міндеті бар – экономиканың басым секторларына инвестиция тартуға жәрдемдесу. Инвестиция тартуға әкімдіктер, АХҚО, мемхолдингтер де жұмыс істейді. Ақпараттық хабтар құрылды, республикалық бюджеттен қомақты сомалар бөлінеді. Бірақ нәтиже жоқ.

– Өткен жылы шетелдік тікелей инвестициялар ағыны 17 миллиард долларды құрады. Бірақ оның жартысына жуығы – 8,2 миллиард доллары тау-кен секторына, негізінен мұнай, газ және металл кендерін өндіруге жұмсалды, – деді Айқын Қоңыров.

Қалған цифрлар да мәз емес. Өңдеу өнеркәсібіне 3,2 миллиард доллар салынды, бірақ оның басым бөлігі – 2,5 миллиарды металлургияға бағытталды. Басқа салаларға салынған инвестиция көлемі 700 миллион доллардан аз. Қазақстанның ауыл шаруашылығына 12 миллион доллар ғана тартылған.

– Шетелдік капитал экономикамызды шикізат өндіруге, оны шығарудағы инфрақұрылымға және дайын өнімді сату бойынша сауда объектілерін құруға салған тиімді орын ретінде қарастырады. Бірақ инвестициялық имиджді өзгертуге жауапты біздің қаптаған ведомстволарымыз қайда? Олар тартылған инвестициялардың жалпы сомасы туралы есеп береді. Алайда мұнай-газ секторы мен металлургияға капитал салу мемлекеттің қатысуынсыз-ақ табысты жүріп жатыр ғой, – деді халық қалаулысы.

Бұдан шығар қорытынды –  шикізаттық емес салаларға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жұмысы сәтсіз аяқталды. Еліміз шикізат қосымшасы болды және солай болып қала бермек.

– Қазақстан Халық партиясының фракциясы өз-өзімізді алдарқатуды тоқтататын кез келді деп санайды. Инвестиция тартудың мемлекеттік жүйесінің тиімділігіне аудит жүргізу қажет, – деді мәжілісмен.

Партия өкілдері мұндағы индикатор тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны емес, шикізаттық емес секторларға инвестиция тарту болуы керек деп санайды. Олар өз өтініштерін Премьер-Министрдің орынбасары Мұхтар Тілеубердіге жолдады.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS