Көне колледжі құртып тынбақ Сәрсенбі, 09 Желтоқсан 2020 10:53

Білім және ғылым министрлігі елорда әкімдігімен бірлесіп, еліміздегі өзіндік орны бар білім ордаларын құртуды табанды түрде жалғастыруда. Бұл жолы кәсіптік-техникалық мекемелерге де кезек келген екен. «Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының депутаттары осындай мәселе көтеріп отыр.

Астанадағы гуманитарлық колледждің оқытушылары ҚХП атынан сайланған депутаттарға орын алып жатқан келеңсіздіктер туралы айтып берді. Олардың айтуынша, осы жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысымен колледж қайта құрылып, Қоғамдық тамақтану және сервис колледжіне қосылған. Яғни, бастауыш сыныптар мен мектепке дейінгі мекемелер үшін педагогтарды даярлайтын оқу орнын аспазшылар мен тігіншілерді дайындайтын мекемеге біріктірген. Бұл қадамнан қандай да бір мән іздеудің өзі қиын.

ҚХП депутаты Ирина Смирнова сәрсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысында айтып берді.

– Қаулыға сәйкес, колледждің мүлкі, атап айтқанда оқу корпусы, жатақханасы, барлық материалдық базасы, жер учаскесі, студенттері мен педагогикалық құрамы басқа мекемеге берілді. Білім басқармасының бұйрығымен директор, директордың орынбасарлары жұмыстан босатылды, – деді ол.

Осылайша колледж басшылықсыз қалды. Алайда жұмыстан босатылған директордың орынбасарлары колледж қызметін қамтамасыз ету, 1 748 адамнан тұратын оқушылар контингентін, 250-ден астам педагогтар мен қызметкерлерді бақылау, оқытуды тоқтатпас үшін карантиндік шектеулер жағдайындағы педагогикалық процесті жүзеге асыру бойынша өз міндеттерін жалғастыруда.

– Соңында бұл шешімдер мен қайта құрудың барлығы 1928 жылы құрылған ескі педагогикалық колледжді жекеменшік жоғары оқу орны – «Астана халықаралық университеті» ЖШС басқаруына беру үшін қабылданғаны анықталды. Университеттің осы уақытқа дейін педагогика бойынша бакалавриаты да болмаған, тек екі рет қана магистрлерді дайындап шығарған, – деп нақтылады Ирина Смирнова.

«Қазақстан Халық партиясының» депутаттары жағдайды шешу үшін ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. ҚХП ең алдымен колледжді университеттің сенімді басқаруына беруді тоқтата тұруды ұсынды. Сондай-ақ колледжді қайта ұйымдастырудың заңдылығы мен негізділігіне, оқу процесі кезінде әкімшіліктің жұмыстан босатылуына тексеру жүргізуді қамтамасыз етуді сұрады. Бұдан бөлек гуманитарлық колледждің Қоғамдық тамақтану және сервис колледжіне қосылуының заңдылығын тексеруді ұсынды.

Сонымен қатар Ирина Смирнова Қазақстанда жақында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы заңды еске салды. Қайта құру шешімдері оған қаншалықты сәйкес келеді?

– Дәл осы жағдайда колледж студенттері мен жұмыс істейтін педагогтардың мүдделерін ескеру керек, – деді ол.

Егер елордада педагогикалық университет жетіспесе, мүлікті жеке меншік иелерінің қолына бермей, ең көне педагогикалық мекеменің базасында Жоғары колледж құрған әлдеқайда қисынды емес пе?

– Гуманитарлық колледждің бір ғасырға жуық тарихы бар. Оның өзіндік негіздері, дәстүрлері сақталған. Оны жеке меншікке бермеу әлдеқайда дұрыс қадам болар еді, – деді депутат.

Қайта құру әдістері де таңқаларлық. Педагогикалық ұжым да, оқушылар да өзгерістер туралы кейін білген. Ал оларға ешкім ештеңе түсіндірмеген.

– Олар колледж деңгейін көтеру үшін оны неліктен жеке университетке бергенін әлі түсінбей жүр. Бұл тәсіл білім сапасын жақсарта ала ма? Күмәнім бар. Бұған ешкім сенбейді де. Мұғалімдер де, студенттер де, – деп нақтылады Ирина Смирнова.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS