Зиянды қоспаларға тосқауыл керек Сәрсенбі, 09 Желтоқсан 2020 11:07

Қазақстан ГМО-дан дұрыс қорғалмаған. Тіпті ЕАЭО-дағы серіктестер тарапынан да ГМО-сы бар өнімдер әкелінуде. Бұл мәселені сәрсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы көтерді.

ҚХП фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров атап өткендей, бүгінде ЕАЭО-ның барлық елінде генетикалық түрлендірілген организмдерге (ГМО) және олардан жасалған өнімдерге қатысты ортақ саясат қалыптасты.

– Гендік инженерия негізінде алынған ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын сатуға және егу (отырғызу) үшін пайдалануға заң жүзінде тыйым салынған. Құрамында ГМО көп кездесетін импорттық өнімдер түрлі шектеулер мен тыйымдардың көмегімен Одақ аумағынан жүйелі түрде шығарылуда, – деді халық қалаулысы.

Алайда тәжірибе көрсеткендей, шектеулерді пысқырмайтындар да бар. Бұл ретте ЕАЭО аумағында құрамында ГМО бар ауылшаруашылық өнімдерін өндіру жағдайлары тіркелуде. Ол жартылай фабрикаттар мен тамақ өнімдерін өндіруде қолданылуда. Мәселен, Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы 2020 жылдың шілдесінде Ресей рапсының 23 партиясында, сондай-ақ соя майының 10 партиясында ГМО компоненттерінің табылғаны туралы хабарлады.

Осы фактілер бойынша тергеу жүргізілген кезде Төменгі Новгород облысында рапс ГМО-сы және Волгоград облысында соя ГМО-сын өсіру жағдайлары анықталды. Сонымен қатар астық ГМО-сын Хабаровск аумағынан және Ставрополь өлкесінен Қытайға және Беларусь Республикасына экспорттау әрекеттері тоқтатылды. Проблемалық аймақтардың қатарында Қазақстанмен шекаралас жатқан Омбы облысы да бар. Тергеу нәтижелері де біраз қызықтың бетін ашты.

– Өнімнің ілеспе құжаттарына жүргізілген талдау бірқатар жағдайларда ЕАЭО сәйкестігі туралы декларациялар нақты партияға емес, сериялық шығарылымға берілгенін, декларацияларды қабылдау қазада ғана бар сынақ зертханаларының хаттамалары негізінде жүргізілгенін, Кеден одағының «Астық қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде көзделген барлық міндетті көрсеткіштерге, оның ішінде ГМО-ға зерттеулер жүргізілмегенін анықтады. Омбы облысынан экспорттық тауарлармен бірге жүретін сәйкестік туралы декларациялардың жартысына жуығы жалған болып шықты, – деді Айқын Қоңыров.

Қазақстандық қайта өңдеушілердің Ресей Федерациясынан ГМО-сы бар рапс тұқымын сатып алуы салдарынан Қытай билігі Қазақстаннан рапс майы мен күнжара партияларын әкелуге тыйым салды.

– Сауда серіктестері алдындағы өз міндеттемелерін орындамау ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен халық үшін тікелей қауіп-қатер төндіреді деп есептейміз. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық комиссияның алаңында ГМО-ға қатысты проблеманы көтеруді және ГМО тұқымдарының енуін, қолданылуын және дайын өнімді ЕАЭО аумағынан Қазақстанға өткізуді болдырмау үшін қосымша Ұлттық қорғау тетіктерін құруды ұсынамыз, – деді депутат.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS