fbpx

Тұрғын үй кооперативтері мемлекеттің бақылауында болуға тиіс Сәрсенбі, 15 Қыркүйек 2021 11:47

Қазақстан Халық партиясы тұрғын үй тұтыну кооперативтері пайшыларының құқығын қорғау қажет деп санайды. Себебі олардың қызметі қаржы пирамидасына ұқсайды.

Мәжілістің пленарлық отырысында сөз сөйлеген ҚХП депутаты Файзолла Қаменов атап өткендей, мұндай бірлестіктерге заңмен тыйым салынбаған. 

– Тұрғын үй сатып алу үшін пайшы пәтер құнының 10-30%-ын енгізуі және басқа пайшылар өздерінің 10-30% -ын салғанша күтуі керек, – деп түсіндірді депутат. – Яғни қажетті қаражат кейінгі клиент есебінен жиналады. Кооперативке неғұрлым көп қатысушы тартылса, тұрғын үйді соғұрлым тезірек сатып алуға болады.

Тұтынушылар үшін бұл тәсіл тартымды көрінеді. Бірақ оның «тұзағы» бар.

– Клиент ағыны аяқталғанда ұйымның тас-талқаны шығады. Салдарынан ттыну кооперативінің мүшелері зардап шегеді, – деді мәжілісмен. –Кооперативтерде сатып алушының мүддесі іс жүзінде қорғалмайды. Өйткені кооператив арқылы тұрғын үй сатып алу заңмен реттелмеген.

Қазір Қазақстанда 1 827 түрлі тұтыну кооперативі бар. Көп жағдайда кооперативтермен байланысқан азаматтар сан соғып жатады.

Бірнеше жағдайда, түрлі өңірлерде кооперативтердің қаржы пирамидасын құру фактілері анықталып, қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккендердің саны жүздеген адамға жетті. Бірақ көбінесе полиция акционерлер мен кооперативтердің құқықтық қатынастарының азаматтық-құқықтық сипатына сілтеме жасап, шағымданушылардың өтініш қабылдаудан бас тартады.

– Өкінішке қарай, мұндай ұйымдарға уәкілетті орган тарапынан тиісті бақылау жоқ, – деді ҚХП депутаты. – Тұтыну кооперативтері оңай құрылады. Ал олардың бақылаусыз қызметінің салдары мемлекеттің мәселесіне айналады.

Қазақстан Халық партиясы Үкіметке тұтыну кооперативтеріне регламент енгізуді және олардың қызметін бақылау үшін мемлекеттік орган арасынан үйлестіруші белгілеуді ұсынады.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS