fbpx

Әскери зейнеткерлерді тұрғын үймен қамту қажет Сәрсенбі, 22 Қыркүйек 2021 11:22

ҚХП фракциясының депутаттары ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа зейнетке шыққан бұрынғы әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы депутаттық сауалға берілген жауапқа қанағаттанбағандарын айтып, тағы да депутаттық сауал жолдады.

– Біз әскери зейнеткерлердің баспанамен қамтамасыз ету проблемасына қатысты депутаттық сауалымызды өз атыңызға қайта жолдауға мәжбүрміз. Себебі құзырлы органдардың жауабына қанағаттанбадық. Берілген жауапта, запасқа 2013-2018 жылдар аралығында кеткен әскери қызметкерлердің құқығы шектелген жоқ, ол азаматтарға коммуналдық баспана қорынан, мемлекеттік мекеме есебінен тұрғын үй берілді деген уәж рас болса, азаматтар өз проблемаларын осы күнге дейін неге көтереді?» – деді депутат Ғазиз Құлахметов.

ҚХП фракциясының мүшелері ресми жауаптағы проблемасы бар азаматтар саны небәрі 20 адам деген ақпараттың растығына күмән келтірді.

– Жауапта 2018 жылдан бастап запасқа шығарылған әскери қызметшілер тұрғын үймен толық көлемде қамтамасыз етілгені айтылады. Бұл факт дискриминация және әлеуметтік әділетсіздік болып табылады. Әскердің қалыптасуының бастауында тұрған, жастарды оқытқан, өтпелі кезеңнің барлық қиыншылығына төтеп берген адамдар назардан тыс қалды, – деді Ғазиз Құлахметов.

Оның сөзінше, еліміздің «Тұрғын үй қарым-қатынасы», «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі» туралы заңдарға толықтыру мен өзгерту енгізу қажет.

– «Тұрғын үй қарым-қатынасы» туралы заңға үңілер болсақ, әскерилер жұмыстан кету мерзіміне қарай үш категорияға жіктелген. 2013 жылға дейін; 2013-2018 жыл аралығы және 2018 жылдан бастап кеткендерге әртүрлі норма қолданылады. Біздің ойымызша, дискриминациялық градацияны алып тастап, барлығына ортақ норма қолдану керек. Бұл үшін «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі» туралы заңның 55 бабындағы 6; 6-1; 7 тармақтарды алып тастаған жөн. Келесі даулы мәселе, үй айырбастау нормасы. Заңның 98 бабында 2013-2018 жылдар аралығында әскери қызметтен кеткен азаматтар сотқа барғанда 101 баптың 5 тармақшасына сәйкес, меншік иесінің рұқсатын алуға міндетті болып шығады. Меншік иесі бұл жағдайда – әскери бөлімнің командирі. Ол да баспана қоры жоқ деп, рұқсат бермейді. Сондықтан 101-2 бабының 4 тармағын, 98 бапты алып тастап, әскери қызметтен кеткен, әлі де кететін қызметкерлерге 101-2 бабының 5, 6 тармақтарын қолданған жөн, – деді Ғазиз Құлахметов.

Оның айтуынша, әділеттік үшін әскери қызметшілерге баспана төлемін берер кезде азаматтардың толық еңбек өтілін ескеру керек. 

– 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін қаза тапқан әскери қызметкерлердің бала-шағасына қарайласу мәселесі де өзекті болып тұр. Қаржылай өтемақы мен қызметтік баспананың мұрагерлік жолмен иелену мүмкіндігінен айырылып отырған жесірлер бар. Ол норманы іске асыру үшін заңның 101-9 бабының 2 тармағын алып тастауды ұсынамыз. Мүгедек әскери зейнеткерлер мен денсаулығына байланысты әскери қызметтен кетуге мәжбүр болған азаматтардың жағдайы мәз емес. Баспана төлемін соттың бірінші инстанция шешімімен алып, кейін соттың жоғарғы инстанция шешімімен қайтадан ақшаларын қайтаруға мәжбүр болып жатқан азаматтар да баршылық. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципін негізге ала отырып, үкімет біздің ұсынысымыз арқылы әскери зейнеткерлердің проблемасына назар аударып, түйткілдерін шешеді деп үміттенеміз, – деді депутат.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS