fbpx

Құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге лайықты жағдай жасау қажет Сәрсенбі, 10 Қараша 2021 12:02

Мемлекет бұрынғысынша өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың еңбегіне лайықты жалақы төлеуге және оларға әлеуметтік кепілдік беруге ниет танытпай отыр.

Қазақстан Халық партиясы денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін ауыр жұмысқа жегіліп жүрген жандардың еңбегі тиісінше бағалануы керек деп санайды.

Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде ҚХП депутаты Жамбыл Ахметбеков азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсірілгеніне қарамастан, мөлшері қазіргі заманға сай келмейтінін мәлімдеді.

– Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандырудың жеткіліксіздігі, олардың тұрғын үй мәселесінің шешілмеуі, өрт сөндіруші мамандығы беделінің төмендеп кетуі мемлекеттік өртке қарсы қызмет кадрларын тығырыққа тіреді, – деді депутат.

Тек өткен жылы қызметтік міндетін атқару кезінде 1 өрт сөндіруші қаза тауып, 12 адам жарақат алды. Биылғы жыл өткен жылдан қайғылы болды.

Жамбыл облысындағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс Төтенше жағдайлар министрлігінің 10 қызметкерінің жанын жалмады. 49 адамның денсаулығына зақым келді.

– Тұрғын үйдің болмауы қызметкерлердің ең басты әрі өзекті мәселесі, – деп атап өтті мәжілісмен. – Өрт сөндірушінің орташа жалақысы жеке тұрғын үй сатып алуға немесе тұрақты тұру үшін жайлы тұрғын үйді жалға алуға жетпейді.

Қазақстан Халық партиясы арнайы атағы бар азаматтық қорғау органдары

қызметкерлері үшін тұрғын үй төлемін енгізуді ұсынып, құтқарушылар үшін зейнет жасын төмендету бастамасын көтерді.

– Құтқарушылар төтенше жағдайда жұмыс істейді, – деді Жамбыл Ахметбеков. – Жасы ұлғайған сайын оларға ауыр жүктемені еңсеру қиынға соғады. 60 жасында құтқарушылар ептілік, икемділік, төзімділік сияқты физикалық қасиеттер талап етілетін жағдайда еңбек ете алмайды.

Қазақстан Халық партиясының депутаттары азаматтық қорғау органдары қызметкерлеріне Ұлттық гвардия мен полициядағыдай әскери іс-қимылға ұқсас жағдайда жұмыс істегені үшін көтерме жәрдемақы және үстемеақы тағайындауды ұсынды.

– Бұл ұсыныс азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік қамтамасыз етілуін жақсартады және бөлімшелерді кәсіби кадрлармен жасақтауға оң әсерін тигізетін құтқарушы мамандығының беделін арттырады. Сонымен қатар азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің материалдық жағдайын дұрыстап, әлеуметтік кепілдігін күшейтеді, – деп қорытты сөзін депутат.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS