fbpx

BI Group холдингінің қызметін тексеру қажет Сәрсенбі, 04 Мамыр 2022 12:08

Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары ҚР Премьер-министрінің орынбасары В.Склярға сауал жолдап, BI Group құрылыс холдингінің заңсыз және сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің жолын кесуді талап етті.

Депутат Ж.Ахметбеков монополист компанияның қатысы бар бірқатар даулы оқиғаларға тоқталды. Олардың ішінде: қала тұрғындарының әлеуметтік және экологиялық өмірін бұзатын Алматы мен Нұр-Сұлтандағы құрылыстар; ірі компаниялардың пайдасына лобби жасау есебінен өз жобаларын ілгерілету; мемлекеттік құрылымдарда үлестес тұлғалардан преференция алу сынды фактілер болды.

Депутат BI жобаларының басым бөлігін мердігерлер жүзеге асыратынын, олардың бірқатары банкротқа ұшырағанын, бұл – салықтан жалтарудың жолы болуы мүмкін екенін алға тартты.

– Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы тұрғын үй нарығында маржиналдық түсім жоғары болған кезде елорданың сол жағалауындағы жерлердің басым бөлігі әкімшілік ресурс есебінен BI-ға берілді. Компания бұл жер учаскелерінде құрылыс салған жоқ, бірақ оларды алыпсатарлық жолмен басқа құрылыс мердігерлеріне жоғары маржамен сатты. Мемлекет холдингке тиесілі жер учаскелерінде әлеуметтік және стратегиялық мемлекеттік нысандарды салу үшін BI Group-қа қомақты қаржы төлеуге мәжбүр болды, – деді Ж.Ахметбеков.

Бүгінде еліміздегі құрылыс секторының тұралауы аясында компания бір көзден мемлекеттік сатып алу арқылы да, оларды айналып өтіп те агрессивті түрде мемлекеттік келісімшарттарды алып жатыр. Негізінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) арқылы. Бұл BI Group-тың Түркістандағы жаңа нысандардың 25%-ын мемлекеттік бюджет есебінен салуынан айқын көрінеді. Мұны Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің деректері де растап отыр. Елордада BINOM School атты ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Алдағы 5 жылда жобаға МЖӘ схемасы арқылы республикалық және қала бюджеттерінен қомақты қаражат бөлінеді. Бұған қоса мемлекеттік сатып алулар аясында Қазақстан бойынша бір көзден сатып алынатын шағын құрылыстар да бар. Мысалы Атырау облысындағы жаяу жүргіншілерге арналған көпір, Атырау қаласындағы Жұлдыз шағын ауданындағы жолдар, BI-дың құрамындағы KAZPACO компаниясы арқылы Петропавлда жалпы сомасы 8,5 млрд теңгеге қоршау бөгетін жаңғырту сынды жобалар.

KAZPACO ЖШС – құрылыс саласына маманданған, BI Group холдингінің құрамына кіретін компания, 2001 жылғы 4 желтоқсанда құрылған.

KAZPACO 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде BI-дің лоббистік қолдауымен Алматы, Қостанай, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан және Қызылорда облыстарында ешқандай бәсекесіз 78 млрд теңгеден аса сомаға 10 коронавирус госпиталін салуға тапсырыс алды. СOVID-19 өршіп тұрғын жылы аталған компания бар болғаны 4,4 млрд теңге салық төлеген. Бұған дейін BI Group Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жалпы құны 15 млрд теңге болатын коронавирус ауруханасын салған еді.

Кейін BI Group салған СOVID-19 госпитальдері сапасыз, келісімшартсыз, рұқсатсыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз салынғаны, жабдықтарды сатып алуға қомақты қаржы жұмсалғаны анықталды. Мысалы, Түркістандағы модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын тапсыру кезінде ол пайдалануға дайын болмаған, ал Алматыда салынған «Жұқпалы аурулар ауруханасында» жылу болмаған.

Кейбір мәліметтерге сәйкес, BI Group жекелеген коронавирус

госпитальдарды салу кезінде өңірлерде бұзылған ғимараттардың құрылыс материалдарын пайдаланған. Мысалы Атырау облысының Опорный кентінде ТШО қызметкерлеріне арналған жатақхана бөлшектелген, ал құрылыс материалдары құны 5,5 млрд теңге болатын модульдік коронавирус ауруханасын салу үшін Алматыға жіберілген. Жоғарыда аталған елдімекен Атырау қаласынан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан.

Шымкентте және Алматыда екі модульді аурухананың сапасыз салынғанына, қаражаттың орынсыз жұмсалуына байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іс қозғады, ал Алматы госпиталін салу барысында мемлекетке шығын келгенін аудиторлық тексеру растады. Тергеу нәтижесі әлі жарияланған жоқ.

Қазақстан Халық партиясы 2020-2021 жылдары BI Group өңірлерде коронавирус госпитальдарын қалай салғанын, олардың қалай жұмыс істеп тұрғанын, медициналық қызмет көрсету сапасын, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі, Қаржы министрлігі Ішкі аудит комитеті аталған нысандарды денсаулық сақтау мақсатында қалай пайдаланып жатқанын жіті тексеру қажет деп санайды.

– Бір көзден BI-дан коронавирус госпитальдар салу жөніндегі қызметтерді сатып алу шеңберінде салынған құрылыс сметаларының негізділігін анықтау және салыстырмалы талдау жүргізу үшін Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті және Қазақстан бойынша облыстық мәслихаттар жанындағы тексеру комиссияларының қатысуымен тексеріс ұйымдастыруы керек. Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Есеп комитетінің қатысуымен олардың сметалары мен шығындарының негізділігіне объективті баға алу үшін BI Group тарапынан өңірлерде бірқатар коронавирус госпиталін салу нәтижесінде мемлекетке келтірілуі мүмкін залал бойынша тергеу жүргізетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жоғарыда аталған іс-әрекеттерді үйлестіруі тиіс, – деп қорытты сөзін депутат.

ҚХП баспасөз қызметі 

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS