fbpx

Мемлекеттік банк құру керек Сәрсенбі, 04 Мамыр 2022 12:17

«Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясы жеке банктерді, квазимемлекеттік делдалдарды шексіз қаржыландыру процесін тоқтату және қаражатты жаңа буындағы мемлекеттік банктерді құруға бағыттау қажет деп санайды.

– Қазақстанның ДСҰ-ға кіргеніне және шектеу шараларының жойылғанына қарамастан, дамыған елдердің қаржы институттары біздің нарыққа жаппай бетбұрған жоқ. Негізгі позицияларды тек ресейлік банк капиталы алды, –  деді фракция жетекшісі, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.

Соңғы 5 жылда қазақстандық екінші деңгейлі банктердің активтері көлеміндегі ресейлік еншілес банктердің үлесі 9% -дан 15% -ға дейін өсті. Бұл ретте олардың несие портфеліндегі жиынтық үлесі 17% -дан асты. Жыл басында шамамен 14% -ды құраған депозит көлеміндегі ресейлік банктердің үлесі маңызды болып табылады. Салым көлемі 3 триллион 500 миллиард теңгеге жетті. Алайда санкцияның салдарынан «Сбербанк», «ВТБ банк», «Альфа банк» валюталық операциялар мен аударымдар кезінде қиындыққа тап болып, тығырыққа тірелді.

– Күні бүгінге дейін Қазақстанда көпфункционалды толыққанды мемлекеттік банктің құрылмағаны стратегиялық қате болды, – деді депутат. Мамандандырылған банктердің болмауына байланысты бюджет ақшасы әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға жұмсалудың орнына экономикадағы түрлі квазимемлекеттік құрылымдарға, жеке банктерді тарта отырып, даму институттары арқылы жіберіледі. Мысалы, ауыл шаруашылығы бойынша «ҚазАгро» жеке холдингінің таратылуына қарамастан, қаржыландырудың ашықтығымен жағдай өзгерген жоқ. Саланы республикалық бюджеттен кредиттеу әкімдіктер желісі бойынша микрокредиттер, кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы жүргізіледі. Өнеркәсіп саласында бюджеттен несие ресурстары «Бәйтерек» холдингі, «Қазақстанның Даму Банкі», «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы күрделі сызба бойынша жүреді.

– Мұның барлығы «қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру» деген істің әдемі термині ғана. Бірақ іс жүзінде оның артында қолжетімді несие ресурстарын құра алмайтын тиімсіз жеке банк жүйесіне үнемі демеушілік жасалады. Осындай схема бойынша толыққанды мемлекеттік банк бола алмаған Қазақстанның Даму Банкі де жұмыс істеді, – деді А.Қоңыров.

Фракция депутаттарының пікірінше, біздің елімізге алыпсатарлық табыс пен экономиканы өз мүдделеріне бағындыруға емес, өндірістік әлеуетті дамытуға жәрдемдесуге бағдарланған түбегейлі жаңа банк жүйесі қажет. Кем дегенде екі базалық сала – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп үшін мемлекеттік банк құрудың негізі болуға тиіс.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS