fbpx

Еңбек заңнамасын қайта қарау қажет Сәрсенбі, 11 Мамыр 2022 11:00

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары Үкіметтің назарын еңбек заңнамасының кейбір өзекті мәселелеріне аударды.

ҚХП депутаты Ерлан Смайловтың сөзінше, елде жұмыс берушілердің, әсіресе ірі корпорациялардың жұмысшылардың мүддесін ескермеу тәжірибесі қалыптасқан.

– Капитал еңбекті жеңді. Корпорациялар мен олигархтардың пайдасы мыңдаған шахтерлер мен металлургтердің, байытушылар мен құрылысшылардың денсаулығы мен өмірінен және мүддесінен маңыздырақ болды, – деді ол.

Еңбек кодексінің 190-бабының 2-тармағына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде тергеп-тексеру материалдарына сәйкес және комиссия мүшелері көпшілігінің пікірі ескеріле отырып, акт рәсімделеді. Егер еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссия өрескел абайсыздық зиянның туындауына немесе ұлғаюына себеп болғанын анықтаса, онда комиссия тараптардың аралас жауапкершілігін қолданады және жұмыскер мен жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін пайызбен айқындайды.

– Үкімет атынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысшылардың құқығын қорғауда белсенді ұстанымға ие болып, жұмыс істейтін қазақстандықтардың мүддесіне сай келмейтін заңнамаға толық талдау жүргізуге тиіс деп санаймыз. Бірлескен жұмыстың нәтижесі заңдардың өзгеруі болуы керек. Қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау олардың басты қағидаты болуы керек, – деді депутат.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы «Қазуглепроф» көміршілер кәсіподағын қолдайды және кінәнің бөлінуін объективті түрде анықтауға соттың ғана құқығы бар деп есептейді. Өйткені аралас жауапкершілікті актіде көрсете отырып қолдану денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу мөлшеріне тікелей әсер етеді. Оның үстіне комиссияның жауапкершілік пропорциясын айқындаудың нақты стандарты мен өлшемшарты заңнамалық тұрғыда бекітілмеген. Егер жұмыс беруші жазатайым жағдайда қызметкердің кінәсі бар деп санаса, ол сот органдарына жүгінуге құқылы. Кәсіподақ жұмыс істейтін кәсіпорындарда негізінен қызметкердің кінәсі 10% - дан аспайды. Өйткені өкілдер кінәні қызметкерге жүктеуге рұқсат бермейді. Бірақ көптеген ұйымдарда кәсіподақ жоқ, ал комиссия құрамына жұмысшылардың өкілін жұмыс беруші тағайындайды. Осылайша жазатайым оқиға туралы актіде айқындалған қызметкердің кінәсінің дәрежесіне (пайызбен) мөлшерлес, қызметкерге өтелуге жататын, жоғалған табыстың (кірістің) мөлшері азайтылуы мүмкін.

– Біз жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқығы мен мүддесіне сәйкестігі мен оларды қорғау тұрғысынан заңнамаға толық талдау жүргізу үшін Үкіметтік комиссия құруды, комиссия жұмысына кәсіподақ өкілдерін, еңбек құқығы және денсаулық сақтау саласының сарапшыларын, депутаттарды, мемлекеттік органдардың өкілдерін қатыстыруды сонымен қатар қызметкер мен жұмыс берушінің кінәсін қарау және анықтау тәртібін өзгертуді ұсынамыз, – деді Е.Смайлов.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS