fbpx

Автокөлік алу арманға айналды Сәрсенбі, 25 Мамыр 2022 12:42

«Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының депутаттары Үкіметке жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының жаңа кезеңін іске асыру тетігінің тиісінше ойластырылмауының салдары мемлекеттің оң бастамасын «бүлдіргенін» жеткізді.

– Қарапайым азаматтардың жаңа автокөлікке қолжетімділігін арттыру  үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Ал бағдарламаны жүзеге асыру аясында орын алған олқылық әлеуметтік шиеленіс деңгейін көтеріп, әдеттегідей мемлекетті ақталушының және қатесін түзетушінің орнына қойды. Мәселенің мән-жайын түсіндіруге орасан зор күш жұмсалды, – деді А.Қоңыров.

Оның айтуынша, шын мәнінде, мемлекеттің адамдарға көмектесуге және бизнесті қолдауға бағытталған ауқымды шешімдерінің ешқайсы жанжалсыз жүзеге асырылған емес. Мұның себебі қазіргі стандарттар мен тәжірибелерге сай келетін нақты дайындық алгоритмі жоқ. Пилоттық жобалар жүзеге асырылмайды, ықтимал салдарларды модельдеу жүргізілмейді, қызметкерлер дайындалмайды.

– Көлемі шамамен 100 миллиард теңгені құрайтын жеңілдетілген автонесиелеудің жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың ең болмағанда қарапайым сценарийі неге жасалмады? Бұл принцип нақты жауаптыларды қажет ететін қарапайым жобалық басқару емес пе? – деді депутат.

А.Қоңыров Қазақстанда автокөліктің қолжетімділік индексі жасалмайтынын жариялады.

– Алайда автокөліктің әлеуметтік маңызы артып келеді. Бір жағынан бұл – ондаған, жүздеген мың азамат үшін ақша табудың құралы. Жеке тұлғаның жолаушы тасымалдауы экономика үшін өнімді қызмет түрі болмауы мүмкін, бірақ адамдар осы арқылы табыс табады. Өңірлерде және ауылдық жерлерде қоғамдық көліктің өте нашар дамуы, сондай-ақ жолаушы тасымалының тығырыққа тірелуі автокөлікті баламасыз қозғалыс түріне айналдырады.

Автокөлікке деген жоғары сұраныс дәстүрлі нарықтық жүйе әлдеқашан жұмыс істеу мүмкіндігін тоқтатқанын көрсетті. Автокөлік айналымының барлық кезеңінде жеткізу, өндіру, сату, кәдеге жарату жүйесіне қосылғысы келетіндердің саны артып келеді. Олардың барлығы түрлі операторлармен, делдалдармен, агенттермен әрекеттеседі. Бұл жерде әркім өз маржасын алуды көздейді. Салдарынан сатып алушының қалтасы қағылады, – деді ол.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы өткеннен сабақ алып, мемлекеттік бюджет пен қарапайым қазақстандықтардың әмиянына салмақ салатын бастамаларды тоқтату қажет деп санайды. Бұл үшін пилоттық жобаларды енгізу жолымен модельдеуді алдын ала жүргізбей, ірі бастамаларды іске асыруға мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға тыйым салуды ұсынды.

– Автокөлік нарығын одан әрі дамытудың экономикалық негізделген түрлі нұсқасын дамыту қажет. Түпкілікті нәтиже халық үшін автокөліктің нақты қолжетімділігін, ал экономика үшін оң әсерін арттыруға тиіс, – деді А.Қоңыров.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS