fbpx

Қазақстанның Қызыл кітабы 14 жылдан бері жаңартылған жоқ Сәрсенбі, 25 Мамыр 2022 12:30

«Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының депутаттары Мәжілістің кезекті жалпы отырысында Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктер тізімін қайта қарау, жаңарту және толықтыру мәселесін көтерді.

Қазіргі таңда Қазақстанның Қызыл кітабына өсімдіктердің 400-ге жуық  және омыртқалы жануарлардың 133 түрі енген. Біздің елде сирек кездесетін және мүлде жоғалып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктердің тізімін қайта қарау мерзімі 10 жыл болғанына қарамастан, Қызыл кітаптың соңғы басылымы 14 жылдан бері жаңартылмаған.

– Қызыл кітаптың өркениет үшін маңызы өте зор. Өйткені ол адамзаттың жабайы табиғатты сақтау жауапкершілігін мойындауға қызмет етеді, адамдарды сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларға ерекше қамқорлық жасауға бағыттайды. Бұлай болмаған жағдайда олар тіршіліктен жоғалып кетеді. Әлемдік және Ұлттық деңгейдегі көптеген қызыл кітаптардан айырмашылығы, Қазақстанның Қызыл кітабы жануарлар мен өсімдіктердің тізімін қалыптастыруды ғана емес, сонымен қатар оларды заңнамалық қорғауды, яғни «Аулауға тыйым салу презумпциясын» білдіреді. Осыған байланысты біздің Қызыл кітап маңызды құжат, тәжірибелік нұсқаулық және өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрін қорғау құралы болып табылады, – деді депутат.

Қызыл кітаптың тізімі белгілі бір уақыттан кейін қайта қаралуы керек. Қазақстанда бұл мерзім 10 жылды құрайды. Біздің Қызыл кітаптың соңғы басылымы шыққан сәттен бастап 14 жыл өтті (Омыртқалылар бойынша) және жаңа басылым шығарылатын мерзімінен  айтарлықтай уақытқа кешігіп жатыр. Бүгінге дейін жаңа деректердің едәуір саны жинақталды. Осыған байланысты Қызыл кітапқа енгізілген түрлердің тізімін, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес табиғатты қорғау мәртебесінің критерийлерін қайта қарау қажетігі туындады. Бірқатар түрлердің ғылыми таксономиялық тәсілдері мен жүйесі өзгерді. Антропогендік және климаттық факторлардың әсерінен жануарлардың тіршілік ету жағдайы ауысты.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан Халық партиясының депутаттары жоғары білікті мамандары, бай тәжірибесі және барлық мұрағаттық деректері бар мемлекеттік ғылыми ұйымды тарта отырып, көпшілік алдында пайдалану үшін Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын (1-том, Жануарлар) дайындауға және басып шығаруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қызыл кітабы (Жануарлар) ақпараттық веб-порталын құруға бағытталған мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асыруды ұсынды. Бағдарлама шеңберінде Қазақстанның Қызыл кітабындағы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің қазіргі заманғы тізімін жасалуы, Қызыл кітап жөніндегі электрондық база мен портал құрылуы, Ұлттық Қызыл кітапты жүргізу жөніндегі нормативтік-заңнамалық база жетілдірілуі, қазіргі заманғы әдістемелерді пайдалану негізінде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жабайы жануарлар түрлері таралымдарының жай-күйіне ғылыми негізделген мониторинг жүргізу жүйесі енгізілуі тиіс.

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS