fbpx

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру деңгейін арттыру қажет Сәрсенбі, 29 Маусым 2022 13:08

Қазақстан Халық партиясының фракциясы Премьер-министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың атына мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

Сауалды жариялаған ҚХП депутаты М.Магеррамов мүгедектігі бар азаматтардың, сондай-ақ мүгедектігі бар бала тәрбиеленетін отбасылардың өмір сүру сапасын айтарлықтай төмендететін және әлі күнге дейін шешілмеген бірқатар мәселелерді атап өтті.

Оның пікірінше, мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік қорғауға бөлінетін қомақты қаражатқа қарамастан, мүгедек адамдар мен олардың отбасыларының мүддесі толыққанды ескерілмейді. Мәселен, осы уақытқа дейін мүгедектікті тағайындау, медициналық-әлеуметтік сараптама, мүгедектікті рәсімдеу кезеңін қысқарту рәсімі қайта қаралмаған. Бұған қоса ДКК анықтамасының электронды форматына толық көшу жүзеге асырылмаған. Осы уақытқа дейін санитарлық-гигиеналық құралдар, мүгедектер арбасы, ортопедиялық аяқ киім, шипажайлық ем монетизациясы жүргізілмеген.

Мүгедектігі бар балалармен жұмыс істейтін педагогтар мен мамандар төмен жалақы алады. Олардың жалақысын 2 есеге арттыру қажет.

Мүгедектігі бар адаммен бірге жүретіндер үшін қоғамдық көлікте бірыңғай жол жүру мәселесі әлі шешілген жоқ. Сонымен қатар жол жүру құжаты тұрғылықты жері бойынша ғана емес, бүкіл республика бойынша жұмыс істеуі керек. Мүгедектіктің екінші тобы бар адамдарға күтім жасайтын азаматтар бала күтімі бойынша жәрдемақы алмайды, мұндай жәрдемақы тек бірінші топтағы мүгедектерге беріледі.

«Қазақстан Халық фракциясы» депутаттарына жүгінген ата-аналар әрбір оңалту орталығы мүгедектікке қарамастан әртүрлі диагнозы бар балаларды қабылдау үшін диагноз бойынша шектеу қоятынын мәлімдеді.

Фракция мүшелері мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін бірнеше рет көтерді. Сонымен қатар фракция жалақыны есептей отырып, ерекше қажеттілігі бар баланың жұмыс істейтін қамқоршысы мәртебесін белгілеу қажет деп санайды. Нәтижесінде азаматтардың бұл санаты ресми түрде жұмысқа орналасады және өзінің қарттығын қамтамасыз ету үшін зейнетақы жарнасын аудару мүмкіндігіне ие болады.

Әлеуметтік қорғаудың кемшіліктерін көрсете отырып, Қазақстан Халық партиясы мен оның депутаттық фракциясы Үкіметке ұсыныстардың үлкен пакетін дайындады. Оларды назарға алып қана қоймай, іс жүзінде шешу қажет.   

ҚХП баспасөз қызметі

Соңғы материалдар

© 2022 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS