fbpx

Алматы лас ауамен тыныстап отыр Сәрсенбі, 20 Қаңтар 2021 15:32

Оңтүстік астананың тұрғындары Қазақстан Халық партиясына ауаның ластануы мен экологиялық жағдайдың нашарлауы туралы шағыммен жүгінді. ҚХП фракциясының депутаты Айжан Сқақова жағдайды анықтауға ниетті. Оның депутаттық сауалы Үкімет басшысы Асқар Маминге жолданды.

Сәрсенбідегі Мәжілістің жалпы отырысында сөз алған А.Сқақованың мәліметінше, шағымдардың көбі жылыту маусымында түседі. Автокөліктер де ауаның ластануына үлес қосады.

– Ауа сапасы жалпы экологиялық жағдайға да, азаматтардың денсаулығына да кері әсерін тигізеді. Бүгінгі күні орындалатын табиғат қорғау іс-шаралары жеткіліксіз. Бұған «AirKaz.org», «AirKZ», «IQAir» қосымшалардағы шекті рұқсат етілген концентрациясының күн сайын асып түсу көрсеткіштері дәлел бола алады, – деді халық қалаулысы.

ҚХП қатты отынды тұтынуды азайтуды ұсынып отыр, әсіресе жеке секторда. Оның ішінде жеке үйлерді газ желісіне қосуды, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін, яғни көпбалалы отбасылар, жалғыз басты аналар, мүгедек адамдары бар отбасылар және зейнеткерлер үшін жылу жабдығын сатып алуды және орнатуды субсидиялау тетіктерін қарастыру керектігін алға тартты.

– Субсидиялау көзі ретінде жергілікті бюджеттерді пайдалануға болады. Қазіргі уақытта газ желісіне қосылудың, газ-жылыту жабдығын сатып алудың және монтаждаудың ең төменгі құны 400 мың теңгені құрайды. Бұл аз қамтылған азаматтар үшін үлкен сома болып табылады, – деді депутат.

Халық қалаулысының пікірінше, қалада техникалық байқау станцияларының тиімді жұмысы арқылы отын жүйелерінің жұмысына қатысты автокөліктің техникалық жағдайына бақылауды күшейту қажет. Бұл облыстан Алматыға келетін автомобильдерге де қатысты (ал қалаға күн сайын 200 мың көлік кіреді).

– Сондай-ақ қаланың жанармай құю станцияларында сатылатын автомобиль отынының сапасын жүйелі бақылау тетігін әзірлеу ұсынылады. Жанармайдың төмен сапасы атмосфералық ауаның нашарлауына алып келеді, – деді Айжан Сқақова.

Соңғы материалдар

© 2021 Қазақстан Халық партиясы. Барлық құқықтар қорғалған.

HELIX_NO_MODULE_OFFCANVAS